АҚШ әскері Ауғанстаннан біржолата кетті. Бұл туралы Би-би-си ақпарат агенттігі хабарлады.
30 тамыз күні Ауғанстаннан АҚШ әскері мен дипломаттар мінген соңғы ұшақ ұшып шықты. 20 жылдай ауған жерінде соғысқан АҚШ осы уақыт ішінде 2 мыңнан астам жауынгерінен айырылып, мыңдаған адамы жарақат алған.
Америкалықтар кеткен бетте Кабул әуежайына тәліптер бақылау орнатты.
Осылайша, АҚШ Ауғанстан Ислам республикасындағы 20 жылға жуық әскери операциясын аяқтады.
– Бүгін АҚШ-тың C-17 ұшағы Хамид Карзай ауежайыннан біржолата ұшып кетті. Осылайша Ауғанстаннан америкалықтар мен ауғандықтарды эвакуациялау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар АҚШ миссиясының аяқталғанын да айтқым келеді. Кабулдағы Хамид Карзай атындағы әуежай шетелдік күштер бақылауда ұстаған соңғы нысан болатын. Енді ол тәліптердің еншісіне тиді, – деді АҚШ орталық қолбасшылығының басшысы Кеннет Макензи.
Осыған орай тәліптер аспанға оқ атып, Ауғанстанның толық тәуелсіздікке қол жеткізгенін айтып, жар салуда.
Пікір қалдыру