Аптап ыстық Қытайды әбігерге салып жатыр. Табиғаттың тосын мінезінен Қытай экономикасына шілде айында 400 миллион доллар шығын келген, деп жазады ВВС-дің орыс қызметі.
Шанхайдың Янцзы аймағын және Қытайдың оңтүстік-батысында орналасқан Сычуань провинциясын бірнеше апта бойғы қатты ыстық салдарынан құрғақшылық жайлады. Сычуаньдағы 40 градустық ыстық пен жауын-шашынның аз түсуі электр энергиясының жетіспеушілігіне әкеп соқтырған. Сондықтан провинция билігі кейбір өнеркәсіп орындарын электрмен жабдықтауды шектеуге мәжбүр болды.
Германиялық Volkswagen автомобиль өндірушісі Сычуань провинциясының орталығы Чэнду қаласындағы зауыты уақытша жұмыс істемейтінін хабарлады.
Apple-ге арналған бөлшектерді жеткізетін Foxconn компаниясы Сычуань провинциясындағы зауытын жапты, бірақ бұдан өндірістің жалпы көлеміне келетін зиян "шамалы" екені айтып жатыр.
Ыстық салдарынан 400 миллионнан астам қытайлықты ауыз сумен қамтамасыз ететін әлемдегі үшінші ірі өзен – Янцзыдағы су деңгейі төмендеп кеткен. Янцзы арнасындағы су деңгейі негізі соңғы бес жылдағы орташа көрсеткіштен 50%-ға төмендеген.
Су деңгейінің түсуі гидроэнергетикадан энергияның 80%-дан астамын алып отырған Сычуань провинциясына қатты әсер етті.
Қытай төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, құрғақшылық салдарынан 780 мыңнан астам адам мемлекет қолдауына мұқтаж. Зардап шеккен аудандарға ауыз су автоцистерналармен жеткізіліп жатыр.
Өткен аптада министрлік шілде айында ыстықтың экономикалық шығыны 2,73 млрд юань (400 млн доллар) құрады деп хабарлаған. Қаржы министрлігі апаттардан зардап шеккендерге көмектесу үшін 300 миллион юань (44,30 миллион доллар) бөлетінін мәлім етті.
Пікір қалдыру