"Жалаң аяқ, жылап тұр". Алматыда медреседен қашып шыққан жасөспірім ауруханаға түсті

/image/2024/02/14/crop-9_2_146x194_dgedel.jpg

«Алдымнан бір жасөспірім шыға келді. Жалаңаяқ жылап тұр. Қорыққанынан көліктің артына тығылып қалды. Не болғанын сұрадым. Ол маған соққыға жығылғанын айтты», дейді оқиға куәгері Абзал Шәкенов Алматы телеарнасына берген сұқбатында.

Сол арадағы бар адам балаға көмек беріп, мән-жайды полицейге хабарлапты. Ал жеткіншектің өзі ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер соққыдан оның миы шайқалғанын анықтады.

Ауруханада жатқан бала оқиғаның мән-жайын бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Ол оқиғаға дейін де өзін нашар сезінген. Бірақ мекеме қызметкерлері оның сөзін елемепті. «Оқымау үшін ойлап тапқан сылтауың» деп жеткіншектің сөзіне сенбей, кикілжің шығарған.

«Мен оқымаймын, кетемін» десе, ұстазы «Бар кете бер, қайда кетесің?» деген. Ол жүгіріп бара жатқан кезде, ұстап қалып, бетінен ұрған. Баланың психикасына да әсер етіп тұр. Бала шаршады. Шынын айтқанда, беті-аузының бәрі ісіп тұр», деді баланың анасы Назира Асылбекова.

Биік қоршау, үлкен ғимарат ішінен шыққан осы шудан кейін полицейлер мән-жайды анықтауға кірісті.

«Қазіргі таңда дене жарақатының ауырлық деңгейін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысы шыққан сәтте іс материалдары сотқа жіберіледі», деді қалалық ПД-ның ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, бұл пансионатқа қатысты алғашқы дау емес. Қайырымдылық мекемесі күдікті әрекетімен бұған дейін де бірнеше рет көзге түскен. Былтырғы қаңтарда оларға тәртіп сақшылары ауқымды тексеріс жүргізіп, оқиға орнынан Қазақстанда тыйым салынған діни әдебиеттер табылғанын мәлімдеді. Сол кезде де мекемеде балаларға түрлі қысым көрсетілгені айтылған болатын. Құзырлы органдағылар дерегінше, мұндай пансионаттар Алматыда ғана емес, елдің өзге өңірінде де бар. Жалпы саны 90-нан асады. Барлығы бір қайырымдылық қорына қарайды. Бүгінде сол қауымдастықтың қызметі сот шешімімен тоқтатылған, алайда үкім заңды күшіне енбеген. Себебі басы дауға қалғандардың аппеляциялық шағым түсіруге әлі құқығы бар.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар