Алматының қақ ортасында орналасқан “Ибрагим Нүсіпбаев” атындағы мектеп-интернатының жерін белгісіз бір дөкейлер иемденіп кеткен.
Бұл туралы белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы өзінің фейсбук парақшасында жазы.
"Бос тұрған жердің бәрін тауысып, ендігі кезек Алматы қаласының қақ ортасындағы “Ибрагим Нүсіпбаев” атындағы тарихы терең ең алғашқы қазақ мектеп интернатының жеріне келді ме?
Смағұл Елубай секілді көрнекті жазушылар мен талай ұлт зиялылары түлеп ұшқан бұл ғылым ордасы қалада орналасқанымен Алматы облысына қарайды. Осыдан үш жыл бұрын мектеп жатақханасында күрделі жөндеу жұмысы басталған. Мердігердің бөлінген қаржыны жымқыруы, облыс жауаптыларының қадағалауының нашарлығының салдарынан 4 айда бітуі тиіс жөндеу жұмысы 3 жылдан бері аяқсыз қалған. Соның салдарынан балалар жатақхана ретінде мектептің бір бөлігінде тұрып, қалғанында оқып келген. Енді Алматы облыс әкімшілігі жатақхананың бітпей тұрған жөндеу жұмысын аяқтаудың орнына мектепті толықтай жауып, Қонаев қаласына көшіруге шешім шығарыпты. Қонаевта салынатын ғимаратқа инвестор да “тауып” қойыпты.
Ал енді осы тұста орынды сұрақ. Қонаевқа жаңа ғимарат салып, мектепті көшіргеннен кейін Алматы қаласының қақ ортасында, көрікті жерде орналасқан тарихи мектептің тағдыры не болмақ? Ауқымды жер учаскесін кім иеленбек? Қандай мақсатта қолданбақ? Біздің ойымызша мектеп жеріне көз тігіп отырған белгілі құрылыс компаниясы бар. Солар облыс әкімдігі “тапқан” Қонаев қаласында жаңа ғимарат салып бермекші “жомарт инвесторлар”. Әйтпесе, жаңа ғимарат салғаннан гөрі мектеп жатаханасында басталған жөндеу жұмысын аяқтау облыс әкімдігіне әлде қайда оңай әрі тиімді емес пе?
Бұл күдігіміз орынсыз емес.
Осыдан біраз жыл бұрын ескі биліктің уақытында Алматы қаласы Достық көшесінің бойында орналасқан талай қазақ зиялылары білім алған «2 қазақ мектеп-интернаты апаттық жағдайда тұр” деп, қолдан өтірік сылтау ұйымдастырып, бірнеше гектор жерін ақшаға құныққан олигархтар белден басып тартып алған болатын. Орнына “Dostyk Residence” тұрғын үй кешенін салып тастады.
Біз айтып отырған Алматыдағы ең алғашқы мына тарихи мектепті жаптырып, жерін тартып алу әрекетінің де сценариі осыған ұқсайды. Аяқсыз қалған күрделі жөндеу жұмысының салдарынан жатақхананың шаңы шығып, қазылып жатқан жерлерін әдейі көрсетіп, “апаттық жағдайда тұр” деген сыңайда жалдамалы каналдар мен блогерлер арқылы арнайы ақпараттық манипуляция жасауды бастап та кетті.
Шынтуайтында, мектеп ғимаратының сүйегі өте берік. Жер сілкінісі кезінде шыдамдылығын неше рет дәлелдеп тастаған. Қабырғаларында бір де бір шытынау да жоқ.
Біз мұндай бассыздыққа әсте жол бермейміз. Елімізде мектеп жетпей, балаларымыз үш ауысымда оқып жатыр. Ал мыналар қаланың көрікті жеріндегі тарихи мектепті жауып, жер учаскесін қолды етпекші. Тарихи мектептің жоюылуына, балалар болашағын саудаға салынуына түбегейлі қарсымыз.
Керісінше қаланың көрікті жерінде орын тепкен тарихи мектепке республикалық арнайы статус беріп, дарынды балаларға арналған ұлттық мектепке айналдыруымыз қажет.
Бұл бойынша осы мектептің түлектері, ата-ана, ұстаздары болып Президентке, Білім министрлігіне, Бас прокуратураға арнайы арыз-шағымымызды дайындап жатырмыз. Қажет болса, ұлттық құрылтай деңгейінде де көтереміз, – деп жазады Қайрат Жолдыбайұлы.
Пікір қалдыру