ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты Батыс Қазақстан облысында мерейтойлық шаралар ұйымдастырылып, зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғасатын болады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен өңір тарихын зерделеу ұлттық мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында 25-26 тамызда республикалық деңгейде шара, ақындар айтысы өткізілсе, «Алтын ханшайым» көрмесі, «Алтын шежіре» театрландырылған қойылымдары да ел назарын аударды.
БҚО тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов мерейлі жыл аясында түрлі экспедициялар, ғылыми конференциялар ұйымдастырылғанын жеткізді. Хан ордасында өткізілген халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Б.Азнабаев, В.Викторин, И.Ерофеева, Ш.Аманжолова сынды ресейлік және қазақстандық ғалымдар ел тарихына қатысты тың деректер келтірді. Мысалы, Ирина Ерофееваның Алаш ханның ешқандай миф емес, нақты тарихи тұлға екендігі туралы пікірі алғаш рет айтылды. Сол секілді «Астанадан астанаға» атты экспедиция кезінде Орынбор қаласындағы ғылыми конференцияда Қазақ хандығына қатысты тарих және мәдениет ескерткіштерін ресейлік ғалымдармен бірлесіп зерттеудің маңызы зор екендігі атап өтілді.
Соңғы жылдары Жайық, Жалпақтал, Сарыөзен деп аталған көне қалашықтардың ашылуы қазіргі Орал қаласының тамыры тереңде екендігін, ХІІІ ғасырға жататындығын көрсетеді. Яғни оның іргетасы қаланғанына, бұрынғы айтылып жүргеніндей, 400 емес, 700 жыл толып отыр.
Қазіргі таңда Жайық қалашығы мен Қырықоба кешенін Қазақстанның бірегей тарихи-мәдени ескерткіштері есебінде ЮНЕСКО әлемдік мұралары тізіміне енгізу мәселесі қойылуда. Құжаттар ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтеріне жіберілді.
Күні бүгін өңірдегі барлық ғылыми зерттеулерді бір арнаға тоғыстыру қажеттілігі туындап отыр. Ол үшін ортақ бағдарлама және мектептер мен ЖОО-лар үшін бірыңғай тарихи тұжырымдама жасау қажет. Сондай-ақ көне құнды ескерткіштердің жойылып кетуіне жол бермей, оларды зерттеп, ғылыми айналымға қосу күн тәртібінен түспейді. Өкінішке қарай, қорған-обаларды қирату, тарихи ғимараттар мен құлпытастарды сүріп тастау деректері, «қара» археологияның «іздері» әлі жалғасып келеді.
БҚО тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Талғат Жүсіпқалиевтің айтуынша, қазіргі кезде облыста мемлекет қорғауында 2156 тарих және мәдениет ескерткіші болса, соның 173-і - сәулет, 1966-сы - археология ескерткіштері. Өңірде барлық дәуірге жататын көне ескерткіштер баршылық. Айталық, Ешкітаудағы тұрақ-шеберхананың жасы 70 мың жылдан асады. Теректі ауданындағы Танас мезолиттік тұрағынан бірегей кремний қарулары табылса, Шыңғырлау ауданында Лубен неолит тұрағы сақталған. Тасқала ауданындағы Бауыржан-Аяқ тұрағы қола дәуірге жатса, Қырықоба-1, Қырықоба-2 кешендері сармат, Жайық қалашығы Алтын орда кезеңінен хабар береді.
«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин XVIII-XX ғасырдағы араб жазулы құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесін көтерді. Соңғы кезде табылған Дәуқара, Тайлақ, Науша, Жетпіс батырлардың және Есім, Жантөре хандардың құлпытастары олардың қай уақытта жерленгенін айқындауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар араб қарпімен жазылған құлпытас мәтіндерін оқып, зерттеудің нәтижесінде олардың кейбіреуі бұған дейін басқа адамның атына телініп, бұрмаланып келгендігі де анықталуда. Тағы бір мәселе, ашық аспан астында жатқан құлпытастардың күн өткен сайын бүлініп, оқылуы қиындап бара жатқаны алаңдаушылық туғызады. Сондықтан мұны кешенді зерттеуді тездетіп қолға алмаса, ертең кеш болуы әбден ықтимал.
Жиын соңында ардагерлер мен тарихшыларға, түрлі сала өкілдеріне Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік медальдар табыс етілді.
Дереккөз: Қазақпарат