Ақ үйдің Гренландияға қатысты тарифтік қоқан-лоққысынан кейін әлемдік нарықта алтын бағасы бір унция үшін 4 800 доллардан асып, тарихи рекорд орнатты. Геосаяси тұрақсыздық пен сауда соғысы қаупі инвесторларды қауіпсіз активтерге бет бұрғызды.
Сарапшылардың айтуынша, 2025 жылы рекордтық өсім көрсеткен алтын 2026 жылға да жоғары қарқынмен кірді. Лондонның құйма металдар қауымдастығы (LBMA) сауалнамасына қатысқан аналитиктер баға биыл 5 000 доллардан жоғары көтерілуі мүмкін деп болжайды. Кейбір болжамдарда алтын 7 000 долларға дейін жетуі ықтимал екені айтылады.
Goldman Sachs пен өзге ірі банктер алтынды ең сенімді инвестиция деп атап отыр. Олардың пікірінше, орталық банктердің доллардан алшақтауы, пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі және геосаяси шиеленістер алтынға деген сұранысты алдағы уақытта да күшейтеді.