Бақытсыз боп сұлу қызы қазақтың,
Талай жанды жүрегіңе қараттың.
Болғанымен тәнті мына кейіпіңе,
Ар-намысты аяғыңа таптаттың.
(Дидар Нұржігіт)
2015 жылдың қараша айының 30 күні сағат тілі тура 11.00-ді көрсеткенде «Өскемен - Алматы» қалаларының арасына жүретін «Тұлпар-Тальго» жүрдек поезд екінші теміржол вокзалына келіп тоқтады. Нөмірі он екінші вагонның алдынан мені, көп жылдан бері ізетті іні болып жүрген, кездескен сайын «Алматыға келгенде бауырыңызды аттап кетпеңіз аға, оның үстіне мен бұл қаланы бес саусағымдай білем» деп жар салатын Төлубай қарсы алды. Астана мен Өскеменге қарағанда, жалынды жастық шағымды өткізген, маған етене таныс әсем қала ару қала Алматыда көп жылы екен. Жоғарыда аты аталған екі қалада ауа температурасы минус 18-20 градус үстінде болса, Алматыда 14 градус ыстық екен. Табиғат анамыз жаратқан Алатау баурайы жылылыққа толы, ал, мені қарсы алған Төлубай ініміздің өңінен, қозғалысынан оған мүлдем жат салқындықтың ізі анық байқалды. Соңғы рет, Алматыға келіп кеткенімде ол бұрынғы өз қалпында ашық-жарқын болатын. Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбаев атамызбен Александр Сергеевич Пушкин екеуін сүйістіріп қорлаған «көгілдір гейлер» және оларға Алматы қаласында тұратын қазақ азаматтарының ішінен бірінші болып, атой салып қарсы шыққан әнші Сәкен Майғазиев туралы маған хабар жеткізген де осы азамат болатын. Сол хабардың нәтижесінде мен қолыма қалам алып, «Жарайсың, Сәкен Майғазиев!» атты мақала жаздым. Ол заметка «Абай», «Қамшы» интернет порталдардарында, «Ұлы Дала Қырандары» журналында және басқада басылымдарда жарыққа шығып қалың оқырмандардың құрметіне ие болды. Ия, Алматыға қанша келіп, кетіп жүрмін, Төлубектің мұндай суық әрі шаршап, жабырқаған түрін көрмеген едім. Аэропорттан не вокзалдан қарсы алған бойда, ол -«Аға, ат көлігіңіз аман келдіңіз бе? Менің алтын жеңешем қалай? Бауырларым қалай? Қазанаттарыңыз шауып жүрме? Жүйріктердің-жүйрігі Құлагерге салған ескерткішіңіз орында тұр ма? Ел аман ба? Астанамыз қалай? Әсем Алматыға хош келдіңіз!» деп, әй, бір жүз сұрақ болмаса да, жиырма шақтысын бастырмалата қоятын. Бүгін ол сұрақтардың бірі жоқ. Алдымда жол сөмкемді оң қолына ұстап, үнсіз кетіп барады. Ол сол қалпында машинаға отырғанға дейін жұмған ауызын ашпады.
«СМС хабарыңызда «Жетісу» қонақ үйі депсіз. Ол қазір күрделі жөндеуде екен. Гоголь мен Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы «Уют» гостиницасынан бір нөмірге тапсырыс беріп қойдым. Бағасы «Жетісуденде» арзандау»- деп алғашқы рет тіл қатты.
«Кеттік «Уютқа». Ол ертеректе автомобиль жолдары министрлігінің ведомстволық қонақ үйі болатын. Мен онда бұрын талай рет болғанмын»-деп жауап бердім.
Арлы-берлі ағылған, көше бойы толы құжынаған көліктердің ішінде баяу жүріп келеміз. Екеумізде үнсізбіз. Тек, қазақ радиосынан кемеңгер басшымыз, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауы» берілуде. Елбасымыз елге таныс қоңыр дауысымен баяндамасын оқу үстінде. Президентіміз «жолдауында» «дағдарыс» деген сөзді жиі-жиі қайталап айтып отырды.
Көшбасшының сөзіне елітігенім сондай, Елбасыға қосыла: -«Шынында мына қаржылық дағдарыс қарапайым халықты титықтатып болды ау. Қашан осы пәледен құтылады екенбіз?»-деп сөйлеп кеттім. Қабағынан қар жауып, тымсырайып отырған Төлубайға керегі осы сөз-ақ екен. Ал, кеп тулады. Кәдімгі, ашуланғанда екі дәртені екі аяғымен қос – қостан тепкілейтін тебеген аттар, болмаса өзін-өзі тоқтата алмайтын, жүрегі жарымжан ызақор адам сияқты ұрысты бастады да кетті.
-«Осы Сіздер, тапа-талтүсте ертегі айтқанды қашан қоясыздар. Қайдағы дағдарыс. Мұнайдың бағасының түсуі экономикалық және қаржылық дағдарыс па? Ол уақытша ғана тығырық. Әне, Назарбаевтың өзі де солай деді емес пе? Ертең, Сирия, Ирақ, Ливия мемлекеттеріндегі соғыс тоқталса болды, мұнайдың бағасы қазіргі 40 доллардан 140 долларға бірақ күннің ішінде көтеріледі. Бірақ күннің ішінде. Сонда экономикамыз өз орнына келеді. Жеріміздің асты толған қазба байлықтары. Біздің жерімізде басқалармен салыстырғанда өте көп мөлшерде, мұнай, газ, уран, алюминий, алтын, мыс, күміс, қорғасын, мырыш, тантал, қола, кремний, берилий, магний, титан, көмір және Менделеев элементтерінің барлық түрлері бар.Тіпті мұнайға тірелген дағдарыс бес жылға, он жылға созылсын, бәрібір экономикалық дамуымыз байырғы мол қалпына келеді. Оған күмән жоқ. Ал, Сіздер «Қазақтың ар-ұят дағдарысы», «Қазақ қыздарының арды таптап, жаппай жезөкшелік жолға түсу дағдарысы», «Жалпы ұлттың ар дағдарысы» туралы неге жар салмайсыздар? Қайда қарап отырсыздар? Қайда, қарапайым қазақты тентіретуге алып келген мыңдаған тендерлердің басындағы біздің бай-бағыландар, басшылар, Үкімет мүшелері, депутаттар мен сенаторлар, генералдар, халықтың қанымен, маңдай терімен құрылған ел қазанына арам қолдарын аямай салып,екі жеп, бір асап, кекірік атып, финполға, прокуратураға ұсталмай, құрықталмай жүрген кейбір мемлекеттік лауазымды қызметкерлер, әртүрлі деңгейдегі әкімдер мен министрлер, жұртты мезі етіп, қаптап кеткен саясаткерлер мен социологтар, зиялы қауым өкілдері,ғалымдар, діндарлар, жағымпаз ақындар, ақсақалдар мен әртістер? Әсіресе, кейбір қазақ қыздарының «Ар дағдарысына» тап болуына мәжбүрлеген «ақылы оқуды» ойлап тапқандарға қаным қайнайды. Қолыма қару алып соларды жазалағым келеді? Бұл не сұмдық, жоғарғы оқу орнындағы ақшасын төлеймін деп, қазақтың қаракөз қыздары тәнін сатып, бізді жатжұрттықтарға масқара қылуда. Осы идеяны ұсынған оқу министрлігіндегі жауапты тұлғалар мен депутаттар не ойлаған а? Айтқаным-айтқан. «Қаржы дағдарысы» уақытша мәселе. Ал, алдын алмасақ «Ар дағдарысы», «Мәңгілік дағдарысқа» ауысып кетеді де, біздің ұлтқа кетпейтін клеймо болып қалады. Мысалы: «самый развратты ел атанып кеткен Тайланды алайық.Ол елде ер адамдардың «гей», қыздарының «проститутка» болулары, олардың өмірлік болмысы,«образ жизниі» болып, қанға сіңіп кеткен. Енді оны тоқтата алмайсың. Бізде, «Ар дағдарысы» бойынша жардың алдында тұрмыз. Сонда деймін- ау, Сіздер, ел азаматтары, не істеп жүрсіздер? Ай, тағалап жүрсіздер ме?»-деп маған дүрсе қойды.
Қой, үндемей отыра беруге болмайды. Долданып отырғанға жауап қайтарып, орнына қою керек. Өйтпесем, ұрысын одан әрі үдетін түрі бар. Түтігіп кеткен.
«Бетіне бажырая бір қарап, атын әдейі атамай, тыңда сен, деп оған салмақты зілмен тіл қаттым. Біріншіден, мен мынау Алматыға, сенің ұрысыңды естуге келгенім жоқ. Бүгін, кешкі сағат алтыда Құлжа трассасының бойында орналасқан «Достар» мейрамханасында болатын бажам Cеріктің қызының үйлену тойына келдім. Жастарға тілек айтып, бата беремін. Екіншіден, сен айтып отырған «қазақтың Ар-ұят дағдарысы» өте үлкен және күрделі мәселе. Оны мемлекеттік деңгейде шешуіміз қажет. Ол бір адамның, бір қоғамдық ұйымның қолынан келмейді.Сенің бүкіл қоғамның бас ауруына айналған проблеманы менен талап етіп отырғаныңа таң қалып тұрмын. Сені бүгін жын түрткен бе? Не болды шаптығып?».
Ау, көке! Сізге айтып, іштегі шерді тарқатпағанда , кімге айтамын. Осыдан тура жиырма жыл бұрын, Сіз «Біз қайда барамыз?» атты авторлық Бағдарламаңыздың аясында «Қазақтың қызына қырық үйден тыйым» атты үлкен телехабар жасап, капитализация, приватизация, экономика, экономика деп ұлттық рухымыздан, ар-ұяттан арылып, күлкімізді жинап ала- алмай қалып жүрмелік, Қазақстан екінші «Тайланд» болып кетпесін отандастар деп Үндеу тастағаныңыз қайда қалды? Сонда мен, сол хабарға белсене қатысып едім. Оның үстіне, «Лас туризмді елімізге келтірмейік?», «Арды сақтайық, халқым?», «Біз қайда барамыз?!», «Әсет Исекешевке Ашық хат» атты жан-айқай мақалаларыңызды оқыдым, «25» атты ерекше Бағдарламаңызбен таныспын. Сондықтан, Сізді көрген соң іштегі шермен болып қалған шерді шығарғаным ғой. Қаттырақ айтып кетсем, ғапу етіңіз, кешірім сұраймын, аға. Жығылғанның үстіне жұдырық дегендей, осы жылда ғана екі қызымнан айырылып, қайғырып, қапаланып жүрген жайым бар.
Тұра-тұр, Төлубек. Не деп кеттің, өзің? Қиын болған екен? Бізге неге айтпағансың?
Аға, қайтыс болғандар, өкіл қыздарым. Өз қыздарымнан кем көрмейтін едіп оларды. (Автордан: Төлубектің өз кіндігінен үшбаласы, бір ұл, екі қыздары бар. Келіншегі Әсия 2010 жылы аурып қайтыс болған). Бұл үлкен әңгіме аға.Міне, «Уютқада» келіп қалдық. Қазір, сағат он екіге таяп қалды, Сіз бөлмеңізге орналасып, асықпай жайғаса беріңіз. Мен қазір
балаларымды мектептен алып, үйге апарайын. Түскі астарын берейін. Осында мөлшері сағат екіге таман келемін. Сонда өкіл қыздарымның трагедияға толы қиын тағдырлары мен жан-айқай өмірлері туралы асықпай айтып беремін. Сізге айтпағанда кімге айтамын оны. Кешкі алтыдағы тойға өзім апарамын. Әңгімелесуге уақыт жетеді.
Осы жерде сәл шегініс жасауды жөн көріп тұрмын. Төлубектің «Сізге айтпағанда кімге айтамын» дегенінен шығып тұр. Дәл осы орайда, орыстардың «Инициатива наказуема» деген ұғымын тілге тиек етуге әбден болады. Қазақшалағанда «Бастаушы кісі әрқашан жауапты». Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңына қарай бір топ шығысқазақстандық азаматтар басымыз бірігіп, патриоттық энтузиазммен ұлттық спорт түрлерін жандандыруды қолға алдық. Біздің инициативамыз жер-жерден қолдау тапты. Бір сөзбен айтқанда шығыста ұлттық спорт бой көтере бастады. 1980 жылдың қараша айының бір күнінде Ұлан ауданының «Бөктер» жазығында атақты атбегі Мельс Нариманұлы ағамызбен бірге үлкен дала көкпарын ұйымдастырдық. Оған тұңғыш рет, біздің ауданның «Красный Алтай», «Қараөзек», «Передовой», «Ұлан» совхоздарының және көршілес Таврия ауданының «Саратовка» ауылының 100 ден астам көкпаршылары келіп қатысатын болды. Мен, ол додаға, жұмыстың көптігінен аудан орталығынан келе алмадым.
Ол кезде ұялы телефон жоқ. Үй телефонымызға кешкі сағат сегіздер шамасында Мельс аға звондады. Дауысы дірілдеп кеткен. Бір нәрсеге қатты ренжігені байқалынып тұр.
-«Сәдібек, қайда жүрсіңдер, сендер?. Мына мақұлұқтарға бірдеме демейсіңдер ме?»-деп маған ұрса кетті.
-Оу, аға, қайдасыз, қайдан звондап тұрсыз? (Мельс аға менен, 10 жас үлкен болатын)
-Милициядан.
-Қайдан, қай жердегі милициядан, аға?
-Осы Никитинка селосы, аудандық ішкі істер бөлімінен звондап тұрмын. Тез келмесең болмайды. Мыналар мені қамап тастамақшы. Ол 25-тегі жас кезім. Құстай ұшып жетіп бардым.
-Оу, аға не болды?
- Генерал Жексеновтың бұйрығы дейді.(Автордан: Ол кезде Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, милиция генерал-майоры , қазақтың сал-дәстүрін білмейтін Закария Жексенов деген болатын). Өзіміз ұйымдастырған көкпар үшін істі қылдырмақшы. Бұлар көпардың, көкбөрінің не екенін білмейді. Түсіндірші сен оларға. Мені ашу қысып тұрғаны сондай, оларға сөз сөйлеуге жүйкем жібермей тұр.
Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болғандықтан,РОВД-ның барлық басшыларын жақсы танитынмын. Милиция қызметкерлеріне, білгенімді айтып, барымды жеткізіп көкпар туралы түсініктеме бердім. Кішігірім лекция оқылды. Тарихты қозғадым. «Көкпар- атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздың бірі де бірегейі, ұлы дәстүріміз болып саналады. Көкпар үшін қылмысқа тарту- ұлттық салт-дәстүрімізді қорлау, барлық қазақты ренжіту болып табылады. Сондықтан, тез арада Мельс ағаны босатыңыздар-деп талап қойдым». РОВД басшылары: «Кінә бізде емес. Нұсқау жоғарыдан келді ғой»- деп күңк етіп, ағаға сұрақта қоймай босатып жіберді. Мельс ағаны үйге алып келдім. Сонда дастархан басында отырған ағам: «Сәдібек, ұлттық спорттың не екенін білетін, саған айтпағанда кімге айтамын. Бағана дауысым қатты шығып кетсе ренжіме. Малғұндардың қылықтары ішіме сыймай кетті ғой» деп еді марқұм. Ал, жағдай былай болған. Дәл сол күні, сол дода көкпар өткізілініп жатқан Бөктерге Шығыс Қазақстан облыстық коммунистік партия комитетінің бірінші хатшысы, КПСС Орталық Комитетінің мүшесі, ақ дегені-ақ, қара дегені-қарғыс болып тұрған Протазанов Александр Константинович арнайы вертолетпен аң аулауға шығады. Қасына жоғарыда аты аталған, қазақтың салт-дәстүрінен мақұрым генерал З. Жексеновты ертіп алады. Олар келген кезде дала көкпардың қызған тұсы екен. Атқа мінген қалың топ , арлы –берлі серкені сүйреуде. Үстерінде ұшып жүрген тік ұшаққа қарайтын түрлері жоқ. Ойынның қызығына түсіп кеткен. Тік ұшақтағы облыстың басшысы Протазановтың мұндай ойынды бірінші көруі. Бинокльмен қарайды. Терезеден қарайды. Не екенін түсінбейді. Сен қазақсың ғой деп, жанына ертіп алған, Жексеновтан сұрайды. Ол мәңгүрт не білсін. Протазановтың сауалына жауап бере алмайды. Себебі ұлтының тарихын білмейді. Қайта, Протазановқа жағымпазданып: «бұлар астарындағы аттарымен жаттығулар жасап жүрген современный басмашылар болуы мүмкін, тез арада ұйымдастырушыларын қамауға алыңдар» деп, рация арқылы жерге нұсқау береді.
Екінші мәрте: «Саған айтпағанда кімге айтамын. Істің жөнін білетін,саған ұрыспағанда кімге ұрысамыз»-деген сөзді жаңаарқалық марқұм Дүйсебай Бөкенаев ағамыздан 2000 жылдардың басында естіген едім. Ол кезде Дүйсебай аға «Сайысты» ұлттық ойындарымыздың бір түрі ретінде мемлекеттік тіркеуден өткізіп, Ережесін шығарып, жеке авторлық құқығын алып, арнаулы киім үлгісін жасатып алған болатын. Енді, мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржы бөлдіріп, кеңінен дамытуға келгенде кейбір спорт шенеуніктерінің немкеттілігіне, немқұрайлықтарына, бюрократтықтарына тап болып, тасы шағылып, жүрегі аурып жүретін. Сондай күндердің бірінде, маған үйге келіп, «қашан адам боламыз, қашан нағыз қазақ боламыз» деп бір шерін тарқатып еді, марқұм ағамыз. Қайран асыл ағаларым, сіздерді зор қадір тұтамын,жатқан жерлеріңіз торқа болсын, топырақтарыңыз майда болсын! Алланың рахымында пайғамбарымыздың шапағатында болыңыздар! Ұлттық спортта сендердің орындарың ерекше екені елге аян.
Міне, үшінші рет, осындай сөзді алматылық Төлубек бауырдан естіп, бастаушының әрқашан биік жауапкершілдікте болатынына көзім анық жетті.
Айтқанындай Төлубек уәде еткен әңгімесін тура сағат 14.00 де бастады.
Аға, өзіңіз білесіз 2010 жыл биылғыдай маған өте ауыр жыл болды. Қазақ айтады ғой: «жарты жолда атың өлмесін, орта жасқа келгенде әйелің өлмесін»- деп. Қырық үшке толғанда он алты жыл жыл отасқан жан-жарым Әсиядан айырылып, аңырап қалдым емеспе. Камшат-13-те, Аружан-10-да, Қанат ұлым- 6-да болатын . Өзім геологиялық жер барлау акционерлік қоғамының бас директоры Ли Вячеслав Никоноровичтің күзет бөлімінің бастығы болатынмын. Табысым жақсы. Әсияны жерлеуде, жетісі мен қырқын өткізуде әріптестерім, жұмыс орыным көп көмектесті. Оларға әлі күнге дейін ризамын. Тек, қызметімнің талабы бойынша іс-сапарда жиі болып, ары-бері жүріп тұруым көп. Шетелден келген делегациялармен күн-түн демей жүру қажет. Әсияның ролін атқаратын ешбір туыс табылмады. Енем бала бағуға жағадайы келмейтінін бірден айтты. Екі ай балаларыммен бірге болған , балдызым университетке оқуға баратын болды. Сондықтан жұмыстан босап, балалардың қасында өзім қалдым. Ұлды балабақшаға, қыздарды мектепке апарамын, қолым босай қалғанда таксиші боламын. Сүйтіп өмір сүру күнделікті әдетіме айналды. Біреуден төмен, біреуден алда өмір сүріп жатырмын.
Бәрі сол күнен басталды. 2010 жылдың 20-шы ақпаны күні кешкі сағат жеті шамасында Қарасай көшесінің бойымен «Никольский» базарының жанындағы жиырма төрт сағат жұмыс істейтін машина жуатын жерге бет түзеп бара жатқанмын. Жолшыбай жолаушылар кездессе отырғызып алуда ойымда бар.Әуезов көшесін басып өткенім сол еді, оң жақта қол көтеріп тұрған үш қазақ қызын көрдім де, қастарына тоқтай қалдым.
Алдыңғы терезенің шынысын түсіріп, мен олардан, қайда барасыңдар? –деп сұрадым.
Олардың біреуі: - «осы көшенің бойымен Мұратбаев көшесіне дейін»- деп жауап қатты.
Жол ақысы 300 теңге. Отырыңдар балалар.
Бет ауыздарын бояп, қысқа көйлек киген, қазақтың жап-жас қаракөз қыздары. «Түнгі көбелектерсіңдер-ау»- деп ойлағаным сол еді, артқы салонда отырғанның біреуі: «Бұл қорлықтан өлген артық. Қалай ғана алдандым?. Қыздар кешіріңдер, сендерге де , оңбағандардың алдағандарын көрсетіп, тіл тигіздіріп, құр алақан қалдырдым- ау.....» деп өксіп-өксіп жылады. Қалған екеуі оны уатып әлек. –« Кәмила, жыламашы жаным. Бұлар адамдар емес. Иттерден де жамандар. Бүгін бізге істегендерін, ертең алдарынан шығарамыз. Сен егілгеніңді қойшы» - деп алдыңғы орындықтағы қыз оған жұбату айтты. Сол екі арада межелі жерге де келіп қалдық.
Алдыңғы орындағы қыз қол сумкасынан келісілген үш жүз теңгені алып маған ұстатты. Әңгімені тағы да, сол қыз бастады.
- «Бүгін үлкен стресс алып, қобалжу үстіндеміз. Нервімізді түзетпесек, жүйкемізді тоздырамыз. Менде ұсыныс бар. Келесі көшеде бір жақсы кафе бар, атын ұмытып тұрмын, соған барып, өзімізге-өзіміз келейік».
- Ол кафенің аты «Нигара», осы көшемен Байтұрсыновтың қиылысында орналасқан деп мен жауап қаттым.
-Ия, аға, дұрыс айтасыз. Сол «Нигараның» жанында түсіріп кетіңізші.
- Клиенттің айтқаны заң, қайда апар десеңдер сонда апарамын. Ал, өздеріңе не болған? Біреулердің сендерді қатты ренжіткені анық көрініп тұр.Проблемаларың қандай?-деп мен тіл қаттым.
-Аға, сіз бұл сауалыңызды бізге шынайы жаныңыз ашып қойып отырсыз ба, жоқ әлде мазақтап қойып отырсыз ба-деп әлгі қыз маған тура қарап тұрып.
- Әрине шын сұрап тұрмын. Сендер сияқты балаларды өсіріп отырмын. Оның үстіне айтарым, сонау ғасырларда, біздің батыр ата-бабаларымыз қыздарының, қарындастарының ар-намысын бәрінен жоғары қойып, қорғаған, сақтаған.
- Өтірік әңгіме. Ертегі әңгіме. Егер де, бәріңіз шетінен батыр болсаңыздар, неге, біз қазақтың қаракөз қыздары осындай күй кешіп жүрміз? Басымызға не күн туды? Неге қазақтың қыздары күнде жылаймыз?-деп артқы салонда отырған Кәмила атты қыз тіл қатты.
Түсінген жанға қазақтың қаракөз қыздары ауыр сұрақтар қойды. Олардың сауалдарының салмағы менің бүкіл жан дүниемнің астан-кестенін шығарды.
-Айналайын қарындастарым, мен сендерге қолымнан келген көмекті жасауға дайынмын. Не істеуім керек?
-Ағай ниетіңізге рахмет. Бізге, үш жетімге алдымен моральдік қолдауыңыз керек болып тұр. Турасын айтқанда, біздер ақылы оқудың құрбандарымыз. «Платныйда оқимыз» деп ар-ұятты белге буып, отқа түсіп жүрміз. Осы шырғалаңнан қашан шығатынымызды білмейміз. Басымыз қатты. Бізге дұрыс ақыл кеңес беретін адам керек.
-Балалар сендер кафеде бола беріңдер. Мен машинамды жуып, болған соң міндетті түрде келемін-дедім. Машинаның іші-сыртын жуып шығуға тұп тура бір сағат уақыт жұмсалады. Бірден қазіргі кездегі қаракөз қыздарымыздың бастарына түскен ауыр тауқыметтерді теріп, қалың ойға жол бердім. Тарихи шындық бұрын ұлтымыздың қол бастаған батырлары мен билері, байлары мен кедейлері, көсемдері мен шешендері, білімділері мен біліктілері, үлкені мен кішісі, апасы мен атасы, анасы мен әкесі, бауыры мен ағасы, апайы мен жеңгесі, достары мен бауырлары қазақ қыздарының намысын қызғыштай қорғаған. Олар «Қазақтың қызына қырық үйден тыйым» деп өмір сүрген. Арды, намысты бәрінен жоғары қойған. Жігіттеріміз «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген қағиданы берік ұстаған. Батыр бабаларымыз « қыздың намысы тапталса, елдің намысы бірге тапталады» деп қазақ жеріне қара ниеті бар басқаларды жолатпаған.
Ал, қазір қалай болып кетті, өзі. Қайда барсаң да алдыңнан кес-кестеп, жезөкшелер мен жемқорлар шығады. Тәнін сатып, елінің абыройын айрандай төгіп жүрген жезөкшелердің саны күннен-күнге көбею үстінде. Бір Алматы қаласында 15 мыңнан астам жеңіл жүріске үйір қыз-келіншектер бар болса, соның 80 пайызы қазақтың қаракөз қыздары. Шырайлы Шымкентте 8 мың, Астана, Тараз, Қарағанды қалаларында олардың саны алты мыңнан асқан.Шындықтан қашпайық, шайтани істі кәсіп етіп алғандар басқа да облыстарда да, үлкенді кішілі қалаларымызда артып, жетіледі. Оларға етіміз үйреніп алған. Оған , күннен-күнге көбейіп жатқан «гей клубтар» мен « жын-ойнақ» орындарды қосыңыз. Баяғыда «бордель» болып, «сексхана» атанып кеткен «сауна», «хауыз», «хамамдарда» мен қонақ үйлерде сан жоқ. Қазақтың қыздары жаппай шетелдіктерге күйеуге шығып, туған отандары- Қазақстанды тастап кетіп жатыр. Тек, Алматы қаласы бойынша қазақ қыздарының шет жұрттықтарға, басқа ұлттарға күйеуге шыққандарының саны 10 пайыздан асып түсті. Бұл жағдайда аталарымыздың: «Желке ас болмас, жиен ел болмас»-деп айтқандары жәй, зияны жоқ әңгіме болып қалады . Ал, шетелдік еркектер: түрік, италиян, үндіс, араб, пәкістан, қытай, америка, франсуз, ағылшын, шешен, әзербайжан, грузин, ингуш, орыс, өзбек, ұйғыр, қырғыздардан туғандар ешқашан қазақ болмайды . Мен соны білемін. Осы үрдіс одан әрі жалғаса берсе ,қазақтың саны осы 21 ғасырда күрт азайып, 22 ғасырда ұлт болып сақталып қалуымызға, ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төнері анық жағдай емес пе? Ау, біз қайда барамыз? Бәрімізде ұл өсіріп, қыз тәрбиелеп отырмыз. Өзімнің де балаларым бар. Олардың болашағы қалай болады? Осыны ойлаған тұста өз ойымнан өзім шошып кеттім. Денем қалтырап, басым айналды.Бізде, біздің қалада, біздің елде жезөкшелік деген кесепат мүлдем болмауы керек. Жастарды тәрбиелеу қажет. Адасқандарды дұрыс жолға салу бүкіл қоғамның, әр-бір патриот қазақтың негізгі міндеттерінің бірі болуға тиісті. Мен сол ойдан, сол жерде құр сөзбен ғана емес, нақты іс-әрекетпен мұқтаждықтың кесірінен шырғалаңға түскен әр-бір қаракөз қазақтың қыздарына ер жігіт болып көмектесу, басты бәйгеге тігу қажет шешім қабылдадым. Тез арада «Нигара» кафесінде отырған қазақтың үш өрімдей қыздарына көмектесуге белді бекем будым.
Дәмханының есігі ашылып, сырттан ішке кіріп келе жатқан мені көрген жаңағы үш қыз әкелерін көргендей қуанды. «Келгеніңіз қандай жақсы болды, аға. Келе ме келмей ме деп алаңдап отыр едік. Жабырқап отырған көңілімізді бір көтеріп тастадыңыз»-деп мені жылы жүздерімен, үлкен үмітпен, жамырай қарсы алды.
Бірден байқағаным, олардың дастархандарының жұтаңдау екендігі. Екі кішкене салат, үш-үш стақандарға құйылған спрайт пен қызыл шарап.
- Кеш жарық, балаларым!Қазір жақсылап танысамыз. Мен сендердің қастарыңда болуға, сендерді жәбірлегендерді тауып, өштеріңді алып беруге келдім. Әрине, қолдасаңыздар. Алдымен, жақсылап тамақ ішіп алайық. Сосын асықпай әңгімелесіп, бүкіл мән-жәйға қанық болайын. Содан кейін нақты жоспар құрамыз-дедім де даяшыны шақырып жаңа дастархан жасауға тапсырма бердім. Музыканттарға бес мың теңге төлеп осы балалардың құрметіне «Мен қазақ қыздарына қайран қалам. Қыз өссе елдің көркі» деген әнді айтқыздым. Бойжеткендер маған өте риза болды.
Мен сол кеште олардың өмірбаяндары мен туып-өскен өлкелерінен Алматы қаласына білім іздеп келіп, жоғары оқу орнының ақылы оқыту бөліміне түсулерімен және сол пәле «ақылы оқу» дегеннің кесірінен олардың бастан кешкен оқиғалары, трагедия мен драмаға толы күндерімен жете таныстым.
-«Аға, біз үшеуміз де «подруги по несчастьяміз». Қазақша айтқанда, «бақытсыздық таныстырған достармыз». Біздің бақытсыздығымыз ақылы оқу оқып, жоғары білім аламыз деген талпынысымызда жатыр. Соның кесірінен күнәға белшемізден батып «арсыздық әлемінде» малтып жүрміз»-деп әңгімені бағана көлігімнің алдыңғы орындығында отырған сұңғақ бойлы әдемі сар қыз бастады. Ол сөзін одан әрі жалғастарып, менің атым: Балым. Мынау: Марал, мынау-Кәмила болады деп достарын таныстырды. Үшеуімізде бір жылдың төлдеріміз, 2002 жылы дүниеге келгенбіз, үшеуіміз- үш жүздің өкіліміз, мен, орта жүзденмін, Кәмила-ұлы жүзден, Марал-кіші жүздің қызы-деп өздерін таныстырды.
Балымның туып өскен жері Алматы облысының Іле ауданы. Әкесі мен шешесі жол апатынан қайтыс болған соң, үлкен апайының қолында тұрып орта мектептің тоғызыншы және оныншы кластарын да оқиды. Ауыр семья жағдайына байланысты мектеп бітірмей тұрып, еңбек етіп, табыс табумен шұғылданады. Алдымен, бір үлкен ресторанның ыдыс аяғын жуумен айналысады. Кейін мектеп бітірерде армян байының тұшпара жасап, шығаратын цехында түнгі сменада жұмыс істейді. Сонда жүргенде зорланады, қыздығынан айрылады.
Жалғасы мына сілтемеде.
Сәдібек Түгел,
жазушы.
Пікір қалдыру