ЖАННА Д, АРК
Арыларда кекті ойдан,
Ағарады қиық Ай...
«...Өртке қарсы өрт қойған,
Өреңіздің биігі-ай!
Өмір мәні – Өмірде!
Өңге одан сый күтпе.
Сыймай қалған Сенімге,
Серт пе, сынық Түйсік пе?
Соның және құны осы-ақ –
Сүю! ( ...емес сүйісу!).
Кімге сыйлар ләззат,
Күйген шаштың иісі?..
Күлер, күлер қосылып,
Күрсінер де, мұңданар...
Алаңқайда шашылып,
Алақандай күл қалар.
Шыдап, шыдап, шыдар Ар,
Шыңғырғанда шын, нағыз:
Кірпігіңіз шыланар,
Көзіңізді жұмбаңыз!!! »
Айта алмады ол күбірлеп,
Ақырғы ақыл Адамға:
– Алаңқайлар түбінде,
Айналады алаңға...
ҰЛДАРЫМА
Ерке өссін деп едім,
Еркін өссін деп едім!
Екеуіңнен өтінемін кешірім,
Ертең айтам себебін...
Елім десін дейтін ем,
Еміренсін дейтін ем!
Екеуіңнен өтінемін кешірім,
Ертекшінің кейпімен...
Екшеленіп біліммен,
Ер болса деп жүгінгем...
Екеуіңнен өтінемін кешірім,
Екіжүзді түріммен!
...Еңселенген жатырда,
Ертоқымы тақымда...
«Ертеңіміз сондай нұрлы деп едім,
Егемендік қақында!
Егеулі үшкір найзасы,
Ет пен қымыз майлы асы...
Елдік жайлы, бірлік жайлы айтқанда,
Екеуіңе тисін дедім пайдасы!
Екіленіп отырып,
Екі езуім көпіріп...
Ең тәтті бір арман жайлы сырым да,
Екен... екен өтірік!
Ерке өспеген Мен едім,
Ерте өшкен де Мен едім...
Екеуіңнен өтінемін кешірім,
Ертең айтам себебін!
...Енді қайттім, өлем бе?
Ел қатарлы көнем де...
Екі басты самұрықтың шеңгелі,
Екеуіңнің төбеңде!
ҰЛДАРЫМА – 2
Сол сертім – өлгенше мойында,
Сендерді жеткеру – парызым!
...Миллиардтан асқаны – уайым ба,
Мемлекетіміздің қарызы?!.
( ......................................................... ,
............................................................ .
............................................................ ,
...................................... !!!
Қоғамдық-саяси сана да,
Құлқыннан жеңілді ұятым..!)
...Амандықтарыңнан садаға,
Алмаған сыйақым!!!
Байлықты, қызықты көрмеген,
Барлығын Сендерге сыйладым!
Картаға сыймайтын Жер менен
Каркасты үй де, әні...
Еңсемді түсірмей сонда да,
Ертеңге емексіп ес, ием...
Атаңнан қалғаны... кең дала,
Ал, менен... несие!
Үлкенің қарайлап кішіңе,
Үлгілі, өнерлі болыңдар!
Дымданған көзімнің іші де...
...Домбыра саңырау!!!
АЗА ТҰТУ
Күн кешуде қоғамда:
Арызы бар айтпаған,
Қарызы бар қайтпаған,
Һәм ізі бар АДАМДАР!
Екі иықты жұлып жеп,
Мұң арқалап біріміз,
Құн арқалап біріміз,
Бір ортақ ән күбірлеп...
Бір атаның баласы,
Қиыспайтын ғұмырда,
Сыйыспайтын ұғым бар,
Жиі ұстайтын жағасын!
Ғаламшарлық ендікте,
Таңданумен түр азса,
Қамданумен күн озса,
Алданумен келдік пе?
Сұқтанумен жұлдызға,
Асыл Айдың әріне...
Осы ойдың бәріне,
Басыбайлы құлмыз ба?!
Сары өріктей көгеріп,
Сарыуайым, күдік пен
жолы... қайым үміттен,
Арылайық деп едік!
Шешілердей түйіншек:
Үркіп кейін жаманат,
Іркіттейін аға ма,
Бүркіттейін шүйілсек?!
Сілкініс керек, сен, сен бе...
Ағарту үшін санаңды,
Оңалту үшін қоғамды,
Қол арту үшін ертеңге!
Хабарламадан оқыдық:
(Мен де сілкіне алмадым...
Сен де сілкіне алмадың...)
Жер сілкініпті... ақыры
ТРИПТИХ
1. КӨШ
Қыран құстың құмарын,
Қызылдатып иітіп...
Шыққан Күннің шуағын
Шаңыраққа ұйытып!
Тағдырына жүгіну,
Тәңірінің бір аты...
Жұдырық боп жұмылу,
Жортқан жұрттың мұраты!
Ат жалы, атан қомында,
Айлы аспан астында...
Бостандықтың жолында,
Бағлан сауға, бас құрбан!
Шиыр-шиыр ізбенен,
Ши қабығын сыдырып...
Еркіндікті іздеген,
Ел келеді шұбырып!
Азынайды жел үдеп,
Алты малта әл болып...
...Керей менен Жәнібек,
Көш басында сар желіп!
2. ҚОНЫС
Қазанының қайнауы,
Қызулы қара қидан-ды...
...Қаратаудың қойнауы,
Қаптаған қос-үй болды!
Ақсары бас атанды,
Атап басып тақымға...
Талас бойы қатарлы,
Толды шаңқан шатырға!
...Самсап қатын-қалашы,
Сары қарын баласы,
Сылқ-сылқ етсе: бәрі осы –
Сарысудың сағасы!
...Қабыл болған сияқты,
Қалың елдің тілеуі.
Түлік толды тұяқты,
Тусырап жатқан Шу еді!
...Қауымның жолы, жөні де,
Құбылаға бұрылды.
...Керей менен Жәнібек,
Кезектесіп жүгінді!
3. ЕС
Баталы ерге бақ қонар,
Білек еті буылтық...
...Алтынменен апталар,
Алғы күнге кім ынтық?
Бірлікті елге құт келер,
Бағамда да, бағала...
Күміспенен күптелер,
Келер күнге не қалар?
Тәуекелдің кезінде,
Тәуба керек бастауға!
...Иман, сенім, сезімге,
Ие болар Ес бар ма?
Алыстағы алыппен,
Арбасуға жақынмен...
Қапталдағы қауіптен,
Қалқалаған дәтің бе?
...Елең-алаң әлі де,
Елдің басын қосуға:
Керей менен Жәнібек,
Күлтөбенің басында!!!
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ
Пікір қалдыру