Елдегі алаяқтық қылмыстардың тең жартысы Оңтүстік Қазақстанда жасалады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы TVK-ға сілтеме жасап.
Тек осы ағымдағы жылдың екі айында облыста 1148 адам алаяқтардың құрбаны болған. Облыстық прокуратураның хабарлауынша, өңірдегі алаяқтық оқиғаларының саны жыл сайын 66 пайызға артып отырған көрінеді.
Оған төменде келтірілген алаяқтық қылмыстар статистикасы дәлел бола алады:
2010 жылы облыстық ішкі істер департаментінде осы тақылеттес 744 қылмыс;
2011 жылы – 1128 қылмыс;
2012 жылы – 1761 қылмыс;
2013 жылы – 3036 қылмыс;
2014 жылы – 3730 қылмыс;
2015 жылы – 5614 қылмыс тіркелген.

Осылардың ішінде ең көп тарағандары қарызға ақша алып қайтармай кету, несие рәсімдеу, жұмысқа тұрғызу, жер телімдерін рәсімдеуге байланысты алаяқтықтар көрінеді. Тіпті, мемлекеттік қызметке тұруды көздегендер де осындай алаяқтықтың құрбаны болып жатады екен. Прокуратура мамандары «болмай қалған мемқызметшілердің» де есебін жүргізіп қойыпты. Бюджеттік мекемеге қызметке тұрам деп алданғандардың жалпы саны 146 болса, оның 10-ы ішкі істер органдарына, 7-уі әскери бөлімдерге, 3-еуі төтенше жағдай мен санитарлық қадағалау мекемелеріндегі қызметтен дәмелілер болған көрінеді.
Прокурорлар адамның ішіндегісін сезіп тұратын алаяқтарға көбінесе құқықтық білімі төмен, алайда, оңай баю мен жоғары қызметке орналасуға деген құмарлығы жоғары азаматтар жем болатынын айтады.
«2015 жылы Шымкентте кезекті қаржы пирамидасының қызметіне тосқауыл қойылды. Бұл пирамидаға қосылу үшін адамдар 50 мың теңге өткізіп, артынан тағы осындай бес адам әкеліп қосуға тиіс болған. Егер осы шарт орындалса, приамида мүшесіне 100 мың теңге ақша беріліп келген», - дейді ОҚО ІІД тергеу басқармасының бастығы Нұриддин Дауылбаев.
Осылайша жоқтан бар жасап келген фирмадан зардап шеккен 18 адам анықталып отыр. Пирамиданың ұйымдастырушысы қазір тұтқындалып, тергеу жүргізілуде.
Өткен жылы тамыз айында тағы бір алаяқ Сарыағаш, Қазығұрт, Созақ аудандарының халқын зар қақсатқан. Елден жұмысқа орналастырамын деген желеумен ақша алып, ізін жасырып кетіп жүрген 38 жастағы азамат Ордабасы ауданының полицейлеріне ұсталған. Оның кейін 2014 жылдан бері осылай елді алдап келгені анықталды.
Дүкен, базарларда елді әңгімеге тартып, өзін уран өндіретін кәсіпорында кадр бөлімінің бастығымын деп таныстыратын ол елден ақша алып, аты-жөндерін бір «тізімге» жазып ап тайып отырған. Осылайша ол 31 адамнан жалпы құны 3 миллион теңгеге жуықтайтын ақша алып кеткен.
Шымкенттік кейбір алаяқтардың ісі Гогольдің «Ревизорын» еріксіз еске түсіреді. Ақпан айында қалада өздерін фармацевтикалық бақылау мекемесінің қызметкерлеріміз деп таныстырған жалған тексерушілер бірнеше дәріханаға бас сұғып, аңқау сатушылардан 30-дан 150 мың теңгеге дейін ақша бопсалап кеткен.
Жалпы ел бойынша кең тараған телефон арқылы алаяқтық жасау деректері де оңтүстікте өршіп тұр екен. «Акция! Отправь сообщение на номер XXXXXXX, участвуй в конкурсе и получи подарок…» деген хабарламаларға алданған қаншама жан телефондарынан 200-300 теңге ақша ұсталғанын білгеннен соң барып қана сандарын соққан көрінеді.
ОҚО ІІД криминалды полиция бөлімінің бастығы Серік Шалқаров осындай алаяқтарға алданғандардың дер кезінде құқық қорғау органдарына дер кезінде шағымданбауы қылмыскерлерді құрықтауды қиындатып отырған көрінеді.