Білім және ғылым министрі лауазымына тағайындала сала шулы бастамалармен дауға қалған Ерлан Сағадиев tengrinews.kz сайтының интернет-конференциясына қатысып, өзекті тақырыптарды қамтыған бірқатар сұрақтарға жауап беріпті. Qamshy.kz оқырмандарының назарына сол сұхбатты ұсынып отырмыз.
Ерлан Кенжеғалиұлы, 1 қыркүйектен бастап Қазақстан жаңа білім беру жүйесіне көшеді. Білім беру жүйесіндегі ол жаңалықтар қандай сипатта болады?
Әлемнің дамыған елдерінің көбі 80-жылдардың ортасында білім берудің жаңа типіне көшу керек деген қорытындыға келді. Ол білімнің санына емес, функционалдық сауаттылыққа негізделу керек болды. Яғни, адамның көп білуі маңызды емес, оның қолынан не келеді және білімін қалай пайдалана алады деген мәселеге назар аударылды. 1988 жылдан бастап экономикалық әріптестік және даму ұйымының елдері бірінен соң бірі мектептердегі осы жаңа мазмұнға көше бастады. Бұл процесс 90-жылдардың ортасына қарай толық аяқталды. 1997 жылы көп елдер PISA деп аталатын ортақ стандартқа көшу туралы келісімге келді. Міне, 1 қыркүйектен бастап Қазақстан да осы жүйені барлық мектептердің бірінші сыныптарына енгізелі. Жүйені толық енгізуге төрт жыл қажет болып отыр.
Жаңа бағдарламада қандай нақты өзгерістер болады?
Мұны мына екі сұрақты мысал ете отырып түсіндіруге болатын шығар. Біріншісі, «Тың игеру жылдарында қанша гектар жер игерілді? деген сұрақ. Бұл ҰБТ-ға тән сұрақтардың бірі. Бұл жерде бар болғаны нақты даталарды, фактілер мен цифрларды білсе жеткілікті. Екінші сұрақ: «Жарық пен судық бір біріне қандай қатысы бар?» деген сұрақ. Жауап нұсқалары: дыбыс пен амплитуда, жылдамдық пен жиілік, тағысын тағылар. Бұл жоғары оқу орнына түсу үшін тапсырылатын функционалды сауаттылық сынағы сұрақтарының классикалық типі. Мұнда физикадан базалық білім бағаланады, бірақ ең бастысы – баланың ойлауы мен логикасы. Бұл болашақта ҰБТ-ға енетін сұрақтардың түрлері. 1 қыркүйектен бастап енетін өзгерістер осындай сұрақтармен ерекшеленеді десек болады.
Назарбаев зияткерлік мектертерінде онда қабылданар алдында емтихан тапсырған балалар оқуда және олардың материалдық-техникалық базасы, мұғалімдердің жалақысы да жоғары. Қарапайым мектептер мұны алып кете ала ма?
Біріншіден, бағдарлама осы уақытқа дейін бейімделді. 30 пилоттық мектеп – Қазақстандағы қарапайым мектептер, олардың ішінде ауыл мектептері де, шағын жинақты мектептер де бар. Біз басқа мектептердің де, оқушылардың да бұған шамасы келетініне сенімдіміз. Жаңа жүйе Назарбаев мектептерінде және отыз пилоттық мектепте сыналды. Бұған бірнеше жыл кетті. Ата-аналар да, оқушылар да бұған көңілдері толады, оқытушылар қолдап отыр. НЗМ-ге түсу үшін байқауда бүгін бір орынға 15 адамнан келеді. Дәл осы оқыту бағдарламалары барлық 7,5 мың мектепке енетін болады.
Екіншіден, мұғалімдерге қажет әдістемелік материалдардың толық ресурсы: оқу бағдарламалары, сабақ жоспарлары, оқулықтар, мұғалімдерге арналған басшылық құралдар, бағалау бойынша ұсыныстар әзірленді. Осы материалдардың барлығы жақын күндері мұғалімдерге біліктілік жетілдіру курстарында таныстырылатын болады.
Үшіншіден, ол мектептердің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңармайды. Мәселе оқулықтардың мазмұнында болып отыр. Бірақ, мен мектептердің құрал-жабдықтарын жаңарту керек дегенмен келісемін, көп нәрсені сатып алу керек, жаңарту қажет, бұл мәселелердің барлығын біз үкімет пен әкімдіктердің алдына қоямыз.
Төртіншіден, біз НЗМ-нан «Өрлеу» біліктілік жетілдіру ұлттық орталығының 540 оқытушы-тренерін, мектептердің 140 мұғалімін оқытатын 80 оқытушыны дайындап қойдық. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру жүруде. 760-тан астам тренер бүгінде бастауыш мектептердің 73 мың мұғалімін осы жаздағы бағдарламаның жаңа мазмұнына оқытуда. Бұл жұмыстар барлық өңірдегі 280 мектепте өтетін болады, оған бастауыш сынып мұғалімдері қатысады.
Яғни, жаңа жүйеге біз толықтай дайынбыз ба?
Йә, біз дайынбыз. Мұның барлығы аяқ астынан жасалып жатқан жоқ. Соңғы үш жылда 52 мың оқытушы жаңа жүйе бойынша оқыту әдістемесінен біліктілік арттыру курстарын өтті. Айтса да, айлықтарына үстемелер қосылды. Сондықтан, мұғалімдер әңгіме не туралы болып отырғанын біледі және олар бұған дайын. Осы жылдар бойы ауқымды дайындық жұмыстары жүрді. Балалардың мектеппен қамтылуын біз 5 жылда 36-дан 82 пайызға арттырдық. 2019 жылға қарай мектеппен қамту 100 пайыз орындалу керек. Яғни, балалар мектепке белгілі бір дайындықпен келетін болады.
Сондықтан, «Жаңа министр келіп бәрін өзгертіп жатыр» деген кезде елдің жаңа мазмұнға көшуге ұзақ жыл дайындалғанын да ойлау керек. Бізде жаңа бағдарлама бойынша эксперименталды мектептерде оқыған балалар ендігісі мектеп бітірді. Президент тапсырмасы бойынша бұл реформа 15 жыл бұрын басталған. Маған бірнеше министр бұған дейін айналысқан сол жұмысты жүзеге асырудың ауқымды бөлігін атқару бұйырып отыр. Біз ол министрлерге алғыс айтуымыз қажет.
Жазғы каникулдардың қысқаратыны туралы мәлімдемеңіз де наразылыққа тап болды...
Жаз – оқушылар үшін маңызды кезең. Бірақ, сенбі де – маңызды күн. Ол бұрын болмаған. Ол күн балаларға да, ата-аналарға да керек. Барлық өркениетті елдер отбасындағы қарым-қатынас, жақын араласудың маңызын айтып отыр. Бір күн ол үшін жеткіліксіз. Біз отбасында өтетін уақытты, отбасылық тәрбие мен баланың қосымша жетілуіне қажет уақытта екі есеге жуық арттырғалы отырмыз. Енді балалардың спортпен, музыкамен, өнермен айналысуына мол мүмкіндіктер туады.
Осы сенбі күнгі демалыстың арқасында оқушы қосымша 34 күн демалыс алады екен. Мен мұғалімдер сағаттар үшін алаңдайтынын түсінемін. Алаңдауға негіз жоқ, елде мұғалім жетіспейді, халық саны өсуде. Сондықтан, ешкім жұмыссыз қалмайды. Қазір ең маңыздысы – бағдарламаны жаңартып, білім сапасын көтеру.
Енді жазға келсек. Бастауыш сыныптар тек 31 мамырға дейін оқитын болады. Яғни, толық үш ай демалады. Негізгі мектеп және жоғары сынып оқушыларының оқу жылы бар болғаны 10 күнге ұзарады. Бірде-бір сынып оқуды 10 маусымнан ары жалғастырмайды. Ал, сенбі күнгі демалыс есеьінен қосымша 34 күн демалатынын осы жерде тағы еске саламын.
Бес күндік оқу жүйесіне оқу жылын 10 күнге ұзартпай көшуге болмай ма?
Оқу бағдарламасы жүздеген әдіскерлердің, мұғалімдер мен ғалымдардың еңбегі екенін ұмытпау керек. Бала белгілі бір тақырыптар мен деңгейлерді игеруі қажет. Мысалы, физикадағы оптика бөлімін алайық. Бағдарламаны қысқартуды қалайтындар «Оптика бөлімін алып тастайық. Тым ауыр» дейді. Мұны қалай түсінеміз? Бала жарық табиғатын, жарықтың сынуы мен бөлінуін білмеуі керек пе? Әрбір кезекті деңгей алдыңғысымен байланысты. Сегізінші сыныпқа барғанда жетінші сыныптың бағдарламасын білуің керек дегендей. Барлығы байланысты және бір-біріне негізделген.
Қазақстанда үш тілде оқыту жүйесіне көшу туралы бұрыннан айтылуда. Алайда, ата-аналар мен кей смарапшылар мектептер оған әлі дайын емес деп отыр.
Бірінші үш тілділік көлемін түсініп алайық. Ешкім 1 қыркүйектен бастап мектептерде міндетті түрде үш тілді оқыту сыныптарын енгізгелі отырған жоқ. Бағдарламаға сай тек 10, 11-сыныптар ғана, 2019 жылдың қыркүйегінен бастап, тек төрт пәнді (физика, химия, биология, информатика) ағылшын тілінде оқитын болады. Бұл аптасына 8 сағатты құрайды. Бұл жіне тек төрт жылдан кейін енеді. Сонымен бірге, қазақ тілінде оқытатын мектептерде математика, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, география және тағы басқа пәндер қазақ тілінде оқытылады. Барлығы – 16 сағат. Егер инвариантты сағат сандарына шақсақ, барлық 22 сағаттың 14 тсағаты қазақ тілінде оқытылады. Бұған дене тәрбиесіне арналған 3 сағатты қосыңыз. Ол да қазақ тілінде өтеді. Орыс тілі мен орыс әдебиеті, әлем тарихы орыс тілінде оқытылады. Орыс тілді мектептерде де осындай қатынас болады.бұл 2019 жылдан бастап, тек жоғары сыныптарға енеді.
Басқа сыныптарда бүгінгі базалық қағидалар сақталады. Әрине, тілдік жүктемелер артады, өйткені, балалар жоғары сыныпта үш тілде оқуға әзір болуы керек. Біз негізгі мектептерде де пәндерді үш тілде оқуға мүмкіндік береміз. Бірақ, бұл мектептердің әзірлігіне байланысты жүзеге асады. Мұғалімдерді жаппай дайындау биыл басталады.
Қазір аймақтарда осы бағыттағы жұмыс қызу жүруде. Шығыс Қазақстан облысын алайық, мәселен. Қызылордада, Ақтөбеле де көп жұмыс атқарылды. Біз бұл жүйенің табысты болатынына күмәнданбаймыз.
Көп адамды бұл жүйе қазақ тілін оқытуға қалай әсер ететіні толғандырады.
Мемлекеттік тілді оқытуда басымдық болды, бола да береді. Одан бөлек біз қазақ тілін білуге үлкен талап қойып отырмыз. Бұл үш тілді оқытудың маңызды бөлігі. Барлық мектептерде, орыс тілді мектептерді қоса алғанда, жоғары сыныптарда қазақ тілі мен қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы пәндері қазақ тілінде оқытылатын болады. Бұл, тағы қайталап айтамын 2019 жылы енгізілетін жүйе.
Ағылшын тіліне келсек. Қазақстанда ағылшын тілін меңгерген оқытушылар жеткілікті ме?
Онда санайық. Жоғары сыныптарда төрт пәнді ағылшын тілінде оқыту үшін бізге 32000 мұғалім керек. Бізде барлығы 365000 оқытушы бар. Егер әр жиырмасыншы мұғалім төрт жыл ішінде ағылшын тілін меңгеріп алса, біз қажетті норманың жартысын орындаған боламыз. Ал, мен ондай мұғалімдердің көп болатынына сенімдімін. Бұған қоса біз жыл сайын 12-13 мың мұғалімді жаңадан жұмысқа аламыз. Егер олардың үштен бірі ағылшын тілін білетін болса, бұл қажет норманың қалған жартысын толықтыруға мүмкіндік береді. Шынымен де біз бұндай мұғалімдер көп болады деп отырмыз. Әлі үш жылдан астам уақыт бар. Біз ағылшын тілінде даярланатын PhD-ді, магистратураны бірнеше есе арттыруды жоспарлап отырмыз. Тілдерді оқытудың жаңа технологиялары туралы да ұмытпауымыз керек.
Жалпы, осының барлығының мақсаты не?
Мақсатты Елбасы қойды – барынша дамыған 30 елдің қатарына ену керекпіз. Бұл – Израиль мен Эстонияның деңгейі. Яғни, біз жоғары технологиялы, жоғары білімді, халықаралық қызмет көрсету туралы айтып отырмыз.
Гарвард аспиранттары кезінде медициналық оқулықтарды әр тілде зерттеген, зерттеу нәтижесінде кей тілдердегі оқулықтарда адам ағзасы туралы білімнің 30 пайызы қамтылмағанын анықтаған.
Қазақстан мектептерінде оқитындар тілдік жүктемелердің астында қалып қоймай ма?
Барлығы ғылыми зерттеулерге негізделуі керек. Зерттеулер екі және үш тілде оқитын балалардың 7 жылдан соң миындағы нейрондық байланыстар санының бір тілділерге қарағанда әлденеше артық болатынын көрсеткен. Бұл қандай да бір қосымша оқытусыз болады. Бала туа сала жүктемесі көп ортаға тап болады да, жеті жылдан соң оның потенциалы бір тілді қатарластарына қарағанда арта түседі. Бала оны өзі байқамауы да мүмкін. Ми да соған сай автоматты түрде жаттығып отырады.
Ағылшындар 20 жыл бұрын екінші тілді міндетті оқытудан бас тартты. Олар әлемнің онсыз да ағылшын тілінде сөйлейтінін білді. Бірақ, осы зерттеулердің нәтижесі жарияланған соң, олар міндетті түрде екінші тілді оқыту жүйесін енгізді. Осы ретте көп тілде оқытуға математиканың қолайлы екені де дәлелденіп отыр. Жалпы айтқанда, көп тілді балалар табысты болады. Біздің балалар да әлем бойынша көп тілде оқытуға неғұрлым дайын балалар болып отыр.
Бала 12 жасқа дейін ана тілінде ғана оқуы керек деген түсінік бар ғой.
Бұл пікір зерттеуді қажет етеді. Бұны айтып жүргендер көбінесе Жапонияның тәжірибесіне сүйенеді. Бір қарағанда құлаққа да жақсы естіледі. Алайда, мұнда бірқатар жаңа проблемалар туындайды. Жапония – бірұлтты мемлекет. Ал, біз көпұлтты елміз. Балаларымыз туа сала көп тілді ортаға түседі. Бұл - бір.
Екіншіден, экономикалық әріптестік және даму ұйымының зерттеулері оқу сауаттылығы бойынша қазақ тілінде оқитын балалар орыс тілінде оқитын балалардан 1,5 жылға артта қалатынын көрсетіп отыр. Бұл ел ішіндегі көрсеткіш. Бір тілде оқытуды бекіту арқылы біз осындай артта қалуды бекітеміз. Бірінші қазақ тілінде оқыту сапасын Жапонияның деңгейіне жеткізіп алуымыз қажет. Біз осы мәселемен жүйелі түрде айналысқымыз келеді.
Үшіншіден, тұлғалық жоспар деген бар. Біз барлығымыз балаларымыз Гейтс, Цукерберг болғанын қалаймыз. Гейтс – IT-технологиях бойынша әлем чемпионы. Біз мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионы болу үшін 3 жастан бастап жаттығу керектігін білеміз. Ал, бір тілде оқытуды ұсынатындарға қатысты айтар болсақ, бізге 12 жасқа дейін бокспен айналысып, сосын мәнерлеп сырғанауға көшуді ұсынып отыр. Қазіргі жағдайда бұл қаншалықты ақылға қонымды. Оған жастар қалай қарайды?
Төртіншіден, бұл аргументтің негізін жастарға деген қорқыныш құрайды. «Қазіргі жастар байлықты жақсы көреді, теріс қылықтары бар, үлкенді сыйламайды, т.б.». бұны кезінде Сократ та айтқан. Одан бері қаншама ұрпақ өтті. Соның барлығы кейінгі ұрпақ туралы осылай айтып келді. Бәрі бекер. Біздің балаларымыз да патриот болады, олар да отанын сүйеді. Біздің міндетіміз – оларды әлемдегі ең сауатты адамдармен теңестіру.
Сіз осыған байланысты жарияланып жатқан ашық хаттарға, үндеулер мен петицияларға қалай қарайсыз?
Олардың барлығын тыңдап, олар не айтып жүр, неге олай айтып жүр деген мәселені түсініп алу маңызды. Біз – ашық министрлікпіз. Проблемалардың біршама жиналып қалғаны түсінікті. Оларды жүйелі түрде шешу керек. Біз шешіп жатырмыз.
Алайда, мен ата-аналарға мынаны айтқым келеді. Білім – балаларыңыздың болашағы. Оның ертең білімді болмағы – сіздің қолыңызда. Петицияларға қол қоймас бұрын ертең балаңыз жұмыссыз қалатынын, ешкімге керексіз болатынын ойлаңыз. Сол кезде сіз әлгі сізді үгіттеген белсендіні қайдан іздейсіз? Балаңыз сізге сол кезде рақмет айта ма? Петициялар болатын шығар, бірақ, біздің халықтың негізгі бөлігі сауатты, өз бетімен ойлана алады.