Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, Мәжіліс депутаты: Электромобиль – елге керек көлік

/uploads/thumbnail/20170709091525437_small.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына жұмыс сапарымен барған кезде сол өңірде жасалған электромобиль­ді көріп, оған жоғары баға берген.

Бұл дегеніңіз – Президенттің өзі аталған саланы жіті назарда ұстап отырғанын аңғартса керек. Жақында Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов Үкіметке депутаттық сауал жолдап, электромобиль өндірін қалыптастыру мәселесін көтерген болатын. Біз депутатқа хабарласып, «жасыл» экономика, жаңартылатын қуат көздері мәселелері жөнінде тілдескен едік.

– Ерсұлтан Өтеғұлұлы, сіз біраз бұрын депутаттық сауалыңызда жақсы бастама көтердіңіз. Шын мәнінде, елімізде жиі сөз болып жатқан «жасыл» экономиканың ұтымды тұстары қандай және осы мәселені шешуде әлемдік тәжірибелер қолға алынып жатыр ма?
– Жалпы, қазіргі кезеңде, бүкіл әлемде жаңартылатын энергия көздерін пайдала­нып, экологияны сауықтыру өте маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Бұл іс­пен дүниежүзінде көптеген орталықтар, институттар, ғалымдар айналысып, мәсе­ленің шешу жолдарын қарастыруда. Әрине, бұл салада елімізде де біраз істер қолға алынуда. Дегенмен, бұл бағыт еліміз үшін әлі тың сала, соңдықтан атқарылатын жұ­мыстар шаш етектен. Өйткені біз энергия­ны алуда желдің, судың, жердің, күннің қуатын және басқа да мүмкіндіктерді пай­да­лануымыз керек. Ол оңайлықпен іске ас­пайды. Алға қойған талап бойынша, біз 2020 жылға дейін бұл энергияның деңгейін 3 пайызға, 2030 жылға дейін 10 пайызға, ал 2050 жылға дейін 50 пайызға жеткізуіміз керек. 
Ал қазіргі кезде бұл көрсеткіштің дең­гейі бір пайыздың айналасында. Бұл мақ­саттарға жетуге келесі жылы өтетін «ЭКСПО – 2017» көрмесінің қомақты үлес қосатыны сенімдіміз. 
– Сіз Қазақстанда электромобиль өн­ді­рісін қалыптастыру үшін Үкіметке жолдау арнадыңыз. Бұл мәселеге назар аударуға не себеп болды?
– Сіз қойып отырған екінші сұрағыңыз бірінші сұрақтың жалғасы сияқты – эко­логия мәселесіне қатысты. Қазіргі таңда Қа­зақстанда 4 миллионнан астам автокөлік бар. Үлкен қалаларда күн сайынғы жүретін көлік саны 100 мыңнан 500 мыңға дейін жетеді. Ол автокөлік кептелісіне әкеліп, қышқыл, қатерлі газдың шелектеп ауаға шығуына алып келеді. Мысалы, Алматы қа­ласында ауа ластануының 80 пайызы автокөліктің шығаратын түтінінен болады екен. Ол адам денсаулығына қандай дерт әкелетіні айтпаса да белгілі. Еліміздің қа­зіргі кезде алға қойған мақсаты – 30 дамы­ған мемлекеттер қатарына кіру, сондықтан экология мәселесінде де сол көштен қал­мауымыз керек. Мысалы, Еуропа елдері ал­дағы 5 жылдың ішінде жалпы көліктің 
10 пайызын электромобильдерге көшіруге бел байлаған. Скандинавия мемлекеті, Нор­вегия қазірдің өзінде бұл көрсеткішті 
15 пайызға жеткізіп, 2025 жылы жалпы іш­тен жанатын қозғағыш (двигатель) қолда­нуды тоқтату туралы заң қабылданған. Бұл мәселе бойынша Үкіметке сауал жол­дауым­ның себептері осы. 
– Шын мәнінде, Қазақстан жағдайында бұл сала өз жемісін беретініне сенесіз бе?
– Мен сауалымда да айтқандай, Қазақ­стан халқы ассамблеясының XXIV сессиясы барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев болашақта барлық қазақстан­дықтар электро­мобильдермен жүретінін айтқан болатын және шетелдердің тәжіри­белерін өзімізде қолдану жөнінде кеңес берді. Соған байланысты бұл ұсыныстың Үкімет тарапынан қолдау тауып, іске аса­тынына сенемін. 
Қазақта «көз – қорқақ, қол – батыр» деген мақал бар. Мысалы, 1994 жылы жаңа Астананы арқаға көшіру туралы ұсыныс болғанда, кейбіреулер оған сенбеген. Бү­гінде Астанамыз дүниежүзіне белгілі бас қала болды. Тәуелсіздік алған жылдарда қалтаға салып жүретін ұялы телефондар таңсық болып, оған бүкіл елімізде 100 шақ­ты адам ғана ие болса, бүгін 35 миллионнан астам қалта телефоны қолданыста жүр. Сол кездерде қияли – фантазия болып көрінген істер бүгін шешімін тауып жатқанын көр­ген­де, біздің қалаларымыздағы қазіргі кө­лік­терді бірнеше жылдан кейін электромо­бильдердің ығыстыратынына сенемін.
– Электромобиль барша жұртты қандай қиындықтардан шығарады?
– Жалпы, электромобильдер біздің жер шарында іштен жанатын қозғағыштан да бұрын, 1841 жылы ойлап табылған. Бірақ әртүрлі себептермен, мұнай компания­ла­рының қолдауымен іштен жанатын қозға­ғыш қарқынды көбейген. Ал енді электро­мобильдің тиімділігіне келетін болсақ, одан шығатын көмір қышқыл газы 0-ге тең, үнем­делігі, тұрақжайға тұру ықшамдығы, жүргізу оңайлылығы, сонымен қатар оның жол апаты бола қалған жағдайда қауіпсіздігі қызықтырады. Мотордың орнына шағын аккумулятор тұратынына және бензин құя­тын бактың жоқтығы автомобильді қауіпсіз етіп жасауға мүмкіндік береді. 
Сонымен қатар апат кезінде, жанар­май­мен жүретін көліктерге қарағанда электро­мобильдің өртенуі болмайды. Оның үстіне мұнай өнімдері бағасының тұрақсыз секі­руіне байланысты электромобильдер қазіргі заманның ең тиімді көлігі болып табылады.
– Ендігі жерде Үкімет тарапынан қандай қолдау керек?
– Біздің Үкімет осы мәселе бойынша жеке бағдарлама мен тұжырымдама қа­былдап, еліміздің «жасыл» экономикаға қосатын үлесін дүниежүзіне паш етсек де­ген ойым бар. Сонымен қатар шығарыла­тын экокөліктерге шетелдердегі сияқты тиісті жеңілдік беріліп, салықтан, кедендік баждан, жою ақыларынан босатуын сұ­раймыз. 
Бүгінгі таңда елімізде автомобиль өн­дірісі күннен-күнге қарқын алып келеді. Сол зауыттардың базасында кіші көлемді, 2-4 адам сыятын электромобильдерді шығаратын конвейерлер ашылса дұрыс болар еді. «Кіші көлемдегі» деп айтып отыр­ғаным, жалпы дүниежүзінде бір автомо­-биль орта есеппен күніне екі адам ғана алып жүреді екен. Бас кезінде халықтың көзін, өзін үйрету үшін шығарған электромо­бильдерді бюджеттік, мемлекеттік орган­дар­ға беруге болады деп ойлаймыз.
Жоғарда айтылған тиімділікпен қатар, кіші көлемдегі көліктердің бағасы арзан болады. Менің сауалымнан кейін «сол­түс­тік, қысы суық өңірлерде бұл қалай бола­ды?» деген де сұрақтар туындайды. Бүгінгі технология 40 градус суық пен 60 градус ыс­тыққа төзімді аккумулятор-двигатель жасайтын деңгейге жетті. Әйтпесе, отал­дыр­ғанда және сағатына 60 шақырымнан астам жылдамдыққа жанармаймен жүретін және 60 шақырымға дейінгі жылдамдықта қосылатын гибрид көліктер шығаруға да болады. Оны жан-жақты талқылап, ғылыми сараптамалар жасап, қарастыру керек деп ойлаймын. 

 

Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Жолдасбек ДУАНАБАЙ

Қатысты Мақалалар