«Арам ақша жауар кезде» әділдігің «әдірем» қалады

/uploads/thumbnail/20170709210855845_small.jpg

Белгілі журналист Серік Абас-шах өзінің Facebook парақшасында қоғамдағы біраз қордаланған мәселені айтып өтті. 

""Сын сәттерде азаматтық арыма қылдай болса да дақ түсірмедім, қиын-қыстау кезде жігіттік қасиетіме шаң тигізбедім” дейтін мәлімдемелерге сене қоймаймын. Өмір емес пе? Ал өмірде бәрі болады. “Осындай” заман туды, “осындай” халыққа айналдық.”

“Жоқ, біз ондай емеспіз” деп айғайлай беру - бос көкіректік болса, “сондай сорлымыз ғой” деп бас салбырату - бишаралық белгісі. Шалбар киген азаматтың бәрі “айбалтаның астына басын төсеуге” дайын емес. “Ерулі атқа ер сала алмайтын” еркек көп, “егеулі найза қолға ала алмайтын” жігіт те аз емес. Солар тым құрыса “қалған-құтқан” жігіттік қасиетін жоғалтпауға тырысса екен деп тілеймін. Тырыспайтындар көбейіп кетті. Тек сөйлей береміз. Сол жағы қатты қынжылтады.

Нарық заңы үстемдік құрған мына заманда “қара қылды қақ жарып” ғұмыр кешетін адамдар бар, бірақ кинода ғана... Жабайы капитализм “жағадан алғанда” “қара бастың қамын жемеген” адам өте сирек. Қазына бөлісу әділдікпен шешілген емес, оны қашан да пендешілік жеңіп отырды. "Арам ақша жауар кезде" әділдігің “әдірем” қалады. Әлемді ешқашан да әділдік билеген емес, әлемді ақша мен ақыл билеген, билей береді. Бірақ, әділдікті ту қылып көтермесек те, оны жоғалтып алмауға тырысу керек. Тырыспайтын да болдық. Тек айта береміз. Айта береміз. Сол жағы ойландырады.

"Алтын көрсе періште жолдан таяды”. Ақша мен биліктің “ысқырығы жер жарған шақта”, адалдық туралы сөз, бос дыбысқа айналады. Сатқындық пен ашкөздік адамның қасіреті емес, қасиеті болған кезде адалдық жайлы әңгіме күлкі шақыратын болады. Бірақ, басында қауашағы, кеудесінде жүрегі бар адам адалдыққа ғана ұмтылса керек-ті. Ұмтылмайтынымыз өкінішті. Ұмтылғымыз да келмейді. Тек көпіре береміз. "Баяғы жартас...""  деп жазды Серік Абас-шах. 

Қатысты Мақалалар