Мен Зейнолла ағаны осылай атауды өзім үшін жөн санадым. Себебі ағаның кіндік қаны тамған Тарбағатай өлкесі – өлкелердің өртеңі, жердің жаннаты. Тарих қойнауына үңіле қалсаң, тереңге тамыр жайған қасиетті жер екенін байқайсың. Тарбағатайда туып, Боғдада түлеп ұшқан Зейнолладай азаматтың тұлғасын өзі нәр алып, құнарына қаныққан Тарбағатайдай тауға теңегенім айып бола қоймас. Тәңірдің бізге берген сыйы аздаған ғұмыр болса, сол аз ғұмырда өмірден аларымыз мол екен. Бірақ сол молшылықтың бағасын біліп артыңа ұрпақ, мұра қалдырып қайтарымымен өтей білгенің де абзал шығар. Әрине, кім қанша жас жасайтынын қайдан білген... Бәрі алланың қолында. Бірақ аз ғұмырымызда адамша өмір сүріп, адамша қартая білу де – бойға біткен қасиет. Ал сол аз ғұмырды әдемі, көркем етіп сүрудің өзі екінің бірінің қолынан келе бермесі хақ. Оған лайық адамдар да болады. Аға сондай азамат бола алды. Өз ғұмырында отбасынан емес, ордасынан шыққан озық ойлы адам екенін өз өмірінде дәлелдеді. Бұл – менің түсінігім, менің пайымдауым. Менің ойыммен келісетін шығарсыздар деп ойлаймын. Сондықтан аға туралы бір-екі ауыз сөз қозғасам, ойымдағыны айтқаным, білгенімді жазғаным. Мүмкін күндер өтіп, жылдар келер. Уақыт өткен сайын Зекеңдей таутұлғаның тұғыры биіктеп, тұлғасы сомдана түсері шындық. Сол шақта ұрпағы үшін көңілдеріне медеу, жан-дүниелеріне демеу болатын, осындай бірер естеліктер жазылып жатса, көз алдымыздан кетіп, көкейімізде сақталып қалған ағаның тұлғасының одан әрі биіктей түсері ләзім емес пе... Жер басып жүріп, алда біраз ғұмыр кешсек кейінгі ұрпаққа біле жүрсін деп көрген соң айтамыз, білген соң жазамыз да. Олай болса әңгіме төркіні он шақты жыл алдыға қарай жылжысын.
Менің Зейнолла ағамен танысуым да, кездесуім де ойламаған жерден болды.
1998 жылы маусым айының соңын ала бере мен Тарбағатайдың күнгей жақ бөктеріндегі «Благодарное» деп (қазақша атауы Келдімұрат) аталатын ауылға іссапармен барып, сол ауылдың қарияларынан ауыл тарихы туралы мағлұмат жинап қайттым. Мақсатым – 1918-20 жылдары осы өңірде үйлерінде аққуға үн қосқан Әсет ақын ән салған, қайтарында Әсетке керқұла ат мінгізіп, үстіне шапан жапқан Қарғалының Байжұма, Бижұма деген адамдары туралы дерек жинау еді. Тапқандарым айтарлықтай мардымды болмаса да, қанағаттанарлық күймен қайтпақ болдым. Орта көңілімді сол ауылда тұратын Қабдолла деген азаматтың мына бір берген кітабы көтеріп тастағандай болды. Ол Үрімшідегі «Халық» баспасынан шыққан «Басбай» романы еді. Кітаптың авторы Зейнолла Мүбәракұлы екен.
– Әй, Әбен жиен, мына кітапты сен мұражайыңа сақтап қой. Өйткені сенің әкең Тұйғын туралы жазылған бірталай деректер бар екен, – деп Қабдолла кітапты маған ұсынды. Қабдолла шешем жағынан бір елдің баласы болып келуші еді әрі туыстық жақындығы бар болатын. Расында, Тарбағатай аймағының атақты бай-мецанаты, кезінде аймақтың уәлиі болған Басбайдың асырап алған ұйғыр баласы – менің әкем туралы біреу романға қосып, дерек жазады деген кімнің ойына кірген?! Мақаншыға келгеннен кейін романды жатпай-тұрмай түгел оқып шықтым. Қызығарлық оқиға желісімен тарихи шындықты нақты көрсете жазылған романның тіл көркемдігі ерекше. Автор оқиға желісіне арқау болған адамдардың образын аудармай бере білген екен. Бала күнімізден естіп өскендіктен бе, сол адамдардың көзіміз көргендерін көз алдымынан, естігендерімді ой елегінен өткізіп отырдым. Соноу 1950 жылдардан бастап бала кезімізде Шағантоғайдың суына шомылып, шаңын жұтқан біз үшін балалық шақтың сайранына айналған ауыл тынысы еміс-еміс көз алдымнан өтіп жатты. «Авторды тауып жолығып, сұхбаттассам, әкеміздің елі, өткен өмірі жөнінде білсе, тереңірек бір дерек сұрасам» деген қызығушылық сезім санамды билеп, әсте көкейден кетпеді. Қайтсем де жолығамын деп түйдім...
2001 жылы тамыз айында ұлым Дәуреннің үйлену тойы Алматы қаласында болатын болып, абыр-сабырмен тойға дайындық басталып кетті. Шақырылатын адамдардың тізімін де жасай бастадық. Қанша айтқанмен қала емес пе, тапсырыс берген мейрамханаға орын бойынша шақырған адамдарыңның бәрі келгені абзал. Көңілі жақын ағайынның бәрін шақырғың келеді. Ауылдағы ағайынның біз жасаған тізім бойынша келетінін түгендеп, кезек Дәуреннің дос-жарандарының өзі жазған тізімнің ішіндегі адамдарға келгенде ол:
– Егер Қанат Қытайдан үлгеріп келсе, тойдың бір қонағы болады, үлгермесе, орнына басқа адам шақыруға
мүмкіндік бар, – деді.
– Ол кім еді ? – дедім
– Құдаларыңыздың Қытайда бір жазушы ағасы бар екен, аты Зейнолла. Үрімші қаласында тұрады. Сол кісінің баласы Қанат екі ел арасында кәсіпкерлік, сауда жұмыстарын ұйымдастырумен айналысады. Соңғы бірер жылдың арғы-бергі жағында бізге – Әсел екеумізге де таныс болып қалды. Қайсыбір кезде араластығымыз да бар. Әкесі Шинжианның Тарбағатай аймағынан, Шағантоғай деген жерден деді ғой деймін. Алматыға да келіп тұрмақ ойлары бар екен. Қысқасы, ол жағын құдаларың жақсы біледі, – деп Дәурен Зекең туралы аздаған мағлұматтың ұшын шығарды. Мен ойланып қалдым...
Біздің отбасымыз да 1962 жылы үркіншілікте сол Шағантоғайдан Советке өтіп келген болатын. 1957-58 жылдары елдің шет аймақтарына ішкі Қытайдан хансу ұлтының өкілдерін жаппай қоныстандыру басталып, бос жатқан жерлерді игеруге күш салынды. Коммунаға бірігу кезінде аудан орталығын көне Шағантоғайдан Барлықтың теріскейіне Қарабура деген жерге көшірді. Әкемнің кәсіп қылып отырған шағын асханасы бар еді. Үкіметтің тапсырмасы болды ма, әлде өз ниетімен кетті ме, білмеймін, жаңа қоныстанып жатқан жерде коммуна асханасында жұмыс істеу үшін алдын ала Қарабураға кетті. Алты айдан кейін 1958 жылы біздің үй де көне Шағантоғайдан қоныс аударып, Қарабураға көшіп келді. Дәм тартып үш жылдан кейін біз сол Қарабурадан тура Советке бет түзеп, Ұлы көшпен ілесіп кете бардық. Советке келгеннен кейін де шекара маңынан ұзағамыз жоқ. Менің балалық шағым өткен Алакөл жағасындағы Жарбұлақ ертеректе шағын ауыл болған, Мақаншы ауданының Киров колхозының алыстағы бөлімшесі екен. Жергілікті халқының саны 1000-нан сәл ғана асатын еді. 1962 жылығы үркіншілікте Қытайдың Боротола облысы мен Тарбағатай, Іле аймақтарынан өткен халықпен толығып, біршама іргелі ауыл қатарына қосылды. 1963 жылы өз алдына жеке кеңестік шаруашылық (совхоз) болып құрылды. Сонау 1916-18, 1922-33 жылдардың ауыртпалығы жандарына батқан осы шекара маңының халқы ірге көтеріп Қытайға өткен. Енді, міне, 30-40 жыл салып, сол елдің көнекөз қариялары бастап, ұрпақтары атақонысқа қайта оралған. Қанша айтқанмен жат жерде жүріп өгейсіп қалған «қытайлықтар» өз жұртына тез үйренісіп кете алмады. Солай бола тұрса да жылдар өте келе жергілікті ағайынмен туыстығы жарасып, ауыл іргесі беки түсті.
Жарбұлақ ауылының ортасынан кішігірім бұлақ жарып өтеді. Оның бастауы ауылдың шығыс жағындағы әскерилер орын тепкен комендатура маңы болатын. Сол бұлақ суының молдығы болар, орта тұсқа келгенде суы әжептәуір молаяды. Оны өзен деп те атай береміз. Сол өзеннің арғы жағына орныққан ағайындардың бір қоржа ауыл болып шоғырланғандары кейде өздерін «Сәнік ауылымыз» деп атаушы еді. Балалық болар, алғашында оған мән де бермедік. Сөйтсек, ол руларының аты екен. Бір елден, бір жерден келген ағайындар кейде оны мақтанышпен атайтын. Шағантоғай өңірінің ой-қырын мекен еткен ағайындардың көнекөз қарттарының ол жақтан оралғандағы білгендері бір бастарына жетерлік, көргендері ауылдың ауызынан тастамайтын әңгімесіне айналушы еді. Сол ауылдың қарттарының аузынан Зейнолла Сәнік деген есімді жиі естіген мен «бағанағы Дәурен айтқан Зейнолла сол емес пе» деп ойладым. «Тарбағатай аймағының Шағантоғайы» дегеннен кейін менің де құлағым елеңдеп, құдам Төкеннен сол жазушы Зекеңнің анығын білуге асықтым.
Көптен күткен Дәуреннің үйлену тойының да өтетін күні келіп жетті. Тойға жиналған қауым біршама. Көптен көріспеген ел өзара шүйіркелесіп, топ-топ болып әр жерге жинала қалған. Жұртты аралап амандасып жүрмін. Жасы кішілері болса өздері келіп амандасады.
Тойға шақырылған қонақтардың соңын ала дене бітімі ірілеу, иығы көтеріңкі, жалпақ бет, дөң ерінді бір жігіт келіп құттықтап жатты. Қасымда тұрған Дәурен жігітті таныстырып:
– Папа, мен айтып жүрген Қанат деген жігіт – осы азамат. Әкесі Зейнолла. Өзі біздің тойымыздың қарсаңында Үрімшіден кеше келген екен, танысып қой.
– Өзің таныстырып жатқан жоқсың ба? Одан артық не керек? – дедім де, жас жігітке қолымды создым.
– Атым Әбен, Дәуреннің әкесі боламын. Қош келдің, айналайын!
– Есімім Қанат. Тойларыңыз құтты, балаларыңыз бақытты болсын!
– Айтқаның келсін, айналайын! Үй іштерің, әке-шешелерің аман ба?
– Шүкір, аллаға!
Одан әріге барғамыз жоқ. Келген қонақтарды қарсы алып, елмен араласып кеттім. Сәті түскен бір орайда құдам Төкеннен Қанат туралы, әкесі Зейнолла жайында тереңірек сұрап білермін деп ойладым. Той тарқап, қызығы басылғаннан кейін ойда жүрген әлгіндегі әңгіме ұмытылып қала берді.
Келесі жылы жаз айында Алматыдан Төкен құдам хабарласып: «Таяуда Зейнолла ағамен Мақаншы жаққа барамыз. Бақтыда қайтыс болған ұлына ас бермекші. Сіздерге де жолай соғатын шығармыз», – деді.
Құдамыздың ресми сапармен ауыл жаққа алғаш келе жатқаны бар және Зейнолла сияқты ағасын ертіп келе жатқаннан кейін қонақтарды күтуге дайындала бастадық. Уәделі күні құдам хабарласып Алматыдан шыққанын айтты. Жүретін жолын есептеп, дәл келетін уақытында Мақаншының кіреберісінен қонақтарды күтіп алдым. Қонақтарды үйге түсіріп, абыр-сабыр болып жатырмыз. Зейнолла аға жұбайы Шәмшабану тәтемізбен және күйеу баласымен келген екен. Алыс жолдан келген туыстарға «шөлін бассын» деп қымыз ұсындық. Жол соқты болып шаршағандықтан ба, әлде жасының шау тартып қалғандығынан ба, Зейнолла аға аяқ-қолдарын жазып жерге салған көрпе-жастыққа жантайып жата кетті. Мазасын алғамыз жоқ. «Тынығып алсын» деп ойладық. Есесіне, Шәмшабану тәтеміз әңгімешіл адам екен, ол жақтағы өткен-кеткен күндерінен біраз сыр ақтарып, бұл жаққа келуінің мақсаты жөнінде айтып өтті. Біраз демалып тыныстаған соң Камалдың жайған дастарқанынан қою шай ішуге шақырдық. Шай үстіндегі әңгімеміз мен қызмет істеп, басқарып отырған Әсет Найманбайұлының мұражайы және Әсеттің өмір жолы мен шығармашылығының айналасында өрбіді.
– Әсеттің саналы ғұмырының талайы біздің жақта, Тарбағатайдың шығысы, мынау Емілдің жоғарғы жағында болғаны рас. Шекара асып кеткенімен, алысқа ұзаған емес. Отбасы да Шыңыраудың желкесінде болған. Ақын адам бірде мына ауылда, бірде ана ауылда болып, ел арасын еркін аралаған ғой. Шәуешектің төңірегінде Әсет болмаған жер кемде- кем шығар. Боротола жаққа баруының себебі де – ол жақтағы ертеде араласқан дос-жарандарын іздеуі. Өзі сияқты өнер сүйген, әнқұмар бірнеше шәкірт достарымен ел аралап, саят құрып Сайрамкөл жағасының сәніне айналған, Еренқабырғаның ерке ұлы атанғаны тағы бар. Сол жақта өмір кешкен көнекөз қариялардан естігенімді бірнеше кітабымда жазып, Әсет жөнінде зерттеулер жүргізгенім рас. Сендердің мұражайларыңда ондай деректер бар ма, жоқ па – білмедім. Қайтар жолда амандық болса кіріп шықса болар еді, – деп барып бір тоқтады.
– Әрине, аға, кіресіздер, көресіздер. Әсеттің беймәлім шығармалары мен өмірінің қағазға түспеген жақтарын айтып беруге бармын, – дедім қайткен күнде тың деректер алармын деген оймен.
Ананы-мынаны әңгіме қылып отырып уақыттың біраз болып қалғанын байқамаппыз. Ол кісі менің:
– Аға, мал әкеліп қойып едім, сіздер қонатын шығар деп. Асықпай ертең кетсеңіздер де болады ғой, Бақты мына тұрған жер, – дегеніме:
– Рақмет, айналайын. Бақтыдағы біраз елге хабарлап қойып едік, олар тосып қалады ғой. Несіне әуре болдың? – деп сыпайылық танытты.
Шәмшабану тәтеміз де шыдамсыздана:
– Барар жерге жете жығылайық. Бақтыға жетіп баламыздың басына кеш болмай Құран оқытып, ел-жұртының дайындығы қалай екен, соны көрейік. Пейілдеріңе рақмет! – деп ризашылықтарын білдіріп жатыр.
– Олай болса өздеріңізге арнап қойған мал еді, сойып асып қояйық, қайтар жолда дәм татыңыздар. Ең болмаса, малдың басына бата жасап кетіңіздер, – деп қараағаштың астында байлаулы тұрған малды тез барып алып келдім де, көлденең тартып, алақанымды жайдым. Менің мал сойып, ет аспай қоймайтынымды білген болуы керек, Зейнолла аға батасын берді.
Бақты ауылындағы ел-жұртпен кездесіп, баласының асын бергеннен кейін бірер күн аялдап Зейнолла ағалар Алматыға қайтты. Жолай үйге келіп бағанағы басына бата жасаған малдың етінен дәм таттқаннан кейін, жолдағы Науалы ауылына соғып, сондағы мектеп мүдірі Валяның үйіне қонбақ ниетте екенін айтты. Үйден шыққаннан кейін Әсеттің мұражайына кіріп зиярат етуді жөн санады. Үйден шығып біз мұражайға келдік. Табалдырықтан «бісімілла» деп аттаған ағамызға, есік алдына келіп иіліп сәлем салған Шәмшабану апайымыздың іс-әрекетіне шырақшы болып отырған мен ғана емес, 80 жылдан бері қабірде жатқан Әсет атамыз да риза болып, жатқан жерінен бір аунаған шығар. Зейнолла аға әйгілі адамның өмірі туралы деректерді естігенде таңғалғаны сонша, әрбір жәдігерді мұқият сұрап-білуге ынтықты.. Қытай жеріндегі қазақтардың Әсет туралы естігендері болмаса, біздегі сияқты емес, оның мұраларына шөлдеп отырғаны ақиқат екен. Әсеттің отбасы және оның ұрпақтары туралы фотосуреттерді естелікке бердім. Ал 1918 жылы А.Байтұрсынов, М.Дулатовт, Р.Мәрсеков сынды алаштың бірқатар арыстарының Шәуешек қаласында потретші Мұхаметжан Юсупов түсірген суретінің ішінен Әсеттің келбетін көргенде ағаның таңғалысында шек болмады. Әсеттің қолына ұстаған Құран кітабы, Әсеттің медреседе оқып жүргенде Далда Тінәкаоғылы деген қаридың жазып берген бойтұмары, сақина мөрі, Әсеттің әйелі Тәтежанның әмианы туралы әңгімелегенде оның ғажайып дүниелер екендігін таңғала тыңдады.
– Әбен айналайын, осы Әсеттің қарындасының болғаны туралы не хабар білесің? – деп жаңа бір деректі білгісі келді ме, ел ішіне таралмаған, біздің ел жақта анау-мынау біле бермейтін әңгіменің ұшын шығарды.
– Аға, ертеректе осы өңірде, әсіресе Жарбұлақ, Қарабұлақ өлкесінде Бәкен, Бікен, Зимолда, Қыдырмолда, Жүнісқан, Қызыр, Мәмет деген көнекөз қариялар көп болып еді. Солардың барлығы Әсеттің атының тізгінін ұстаған, артынан ілесіп әнін тыңдаған, білгендерін бүгінге жеткізген қазыналы қарттарымыз еді. Көбі 70-жылдары қайтыс болды. Солардың қасында отырып кейде әңгімесін тыңдайтынбыз. Бұл әңгімені бала кезімде солардан естуші едім. Олар: «Әсеттің қарындасы болған», – деп отырушы еді. Ал осы мұражай жұмысымен айналысқан алғашқы жылдарда бірер Қазақстандық зерттеушілерімізден: «Әсеттің емес, Найманбайдың қарындасы болыпты. Найманбай ертеректе осы жаққа сол қарындасын сағалап, Арқадан келіпті, аты Зәйіппе, әлде Зәріппе», – дегендерін естідім. Ал менің жаңағы қариялардан естігенім ол нақ сөз – «Әсеттің қарындасы, Найманбай өзінің саудагер досына ертеде ұзатқан, аты есімізде жоқ». Осылай деп отыратын...
– Осы туралы мен де зерттеп жүрмін. Таяуда көзім анық жетер. Анықталған хабарым болса, міндетті түрде саған айтамын.
– Рақмет, аға! Мынау Әсет әлеміне түрен салып, ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген мен үшін нағыз керемет болар еді.
Біраз мағлұмат алған Зейнолла аға мен Шәмшабану апай екеуі «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңбаларын қалдырды да, алғыстарын айтып, қайтуға бет алды.
Мұражайдан аттанар алдында ескерткішке суретке түсіп, бұдан кейін үнемі хабарласып тұруға ниет білдірді. Зейнолла аға толқу үстінде. Рас, бұрын ел аузында аңызға айналған Әсет сияқты адам туралы елден естігенін жазып, қағаз бетіне түсірсе, енді оның мұраларын көзімен көргеннен кейін ерекше күйде болғандығын айқын сезініп тұрдым. Сыртқы қақпа алдына жеткенге дейін ризашылығын білдіріп, қолымды қатты қысқан күйі:
– Сау бол, Әбен, амандықпен кездескенше күн жақсы болсын! Келгенім жақсы болды, көргенім жақсы болды.
Мен мұндай болар деп ойламап едім. Ұрпақтарының бары ғанибет емес пе! Айналайын Әсет өлмеген екен...
Негізі, қандай мағлұмат болса да, мұражайыңа жинай бер. «Мынау – теріс, мынау – оң пікір» деп ойлама. Оның
оң-терісін уақыт өзі екшеп алады. Зерттейсің, талдайсың, ой елегінен өткізерсің. Күндердің күнінде не
нәрсе болса да, тарих өз орнына қояды. Ал дерек берген адамнан айырылып қалуың мүмкін.
– Айтқаныңызды ұқтым. Өзім де солай істеп келемін. Жинақталған дерек жоғалмас. Аман болыңыз, аға, дәм
тартар болса, әлі талай кездесеміз, – деп қимастықпен қоштасып жатырмын.
Қонақтарды ұзын жолдың үстінде көлікке шығарып салдым. Олар ықылас білдіріп, ризалықпен аттанып кете барды. Бұл менің Зейнолла ағаны алғаш рет көргенім еді. Бірер сағат қана сұхбаттасқанның өзінен үлкен сабақ алдым, ағаның айтқан әрбір сөзі кеудеме нұр болып құйылғандай болды...

2005 жылы жаз айында Зейнолла аға Мақаншы өңіріне келген бір сапарында тағы да Бақты ауылына кетіп бара жатқанын хабарлап, асығыс екенін, мүмкін болса жол үстінен күтіп тұрып, өзінің соңғы жылдарда баспадан шыққан «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр Қабанбай», «Тау жұлдызы», «Басбай», «Тұғырыл хан», «Демежан» сияқты кітаптарын бірнеше данадан бірер адамдарға таратып беруге және мұражайға естелік ретінде қалдыратынын айтты. Ағаның сол 2005 жылы маусым айындағы Қазақстанда шығатын «Шалқар» газетінде «Әсеттің жиені ауылымыздан табылды», 6 шілдедегі «Қазақ елі» газетінде «Әсет Найманбайұлының жиені – Нәшен ақын» атты мақалалары жарық көріп, кейін осы мақалалар Семейде шығатын «Семей таңы», Үржар ауданында шығатын «Уақыт тынысы» газеттерінде жарық көрген еді. Міне, осы газеттердің де бірнеше данасын мұражайға қалдырмақ ниетте екен. Қасында ұлы Қанат, Шәмшабану тәтеміз бар. Мен бұл жолы айтқан жерінен тосып тұрып, кітаптарды алып қалдым. Алайда қайтар жолында үйге түсіріп, әкем жөнінде дерек жазылған «Басбай» романы туралы сұрамаққа бекіндім.
– «Басбай» роман–эссесі – тарихи шығарма. Мен осы романды жазу үшін бүкіл Тарбағатай өңірінен деректерді жинай жүріп, талай елдің тарихи сырларына қанықтым. Башекеңді көрген көненің көздерімен әңгімелестім, айтқандарын тыңдадым. Өзімнің туған жерім туралы бай мұралардың халық жадында сақталып қалғанына қатты қуандым. Ең бастысы, Башекеңнің ұрпақтарының болғандығы маған бір міндет жүктегендей болды. Бүкіл Қытай еліне машһүр болған Шығыстың тамаша ұлдары туралы деректі материалды жазу, расында да, қиын еді. Алайда балалық шағымның аспанында жұлдыз санап өскен мен сияқты дала ұлдарына, өз елімнің тарихынан асқан тарих, өз елімнің адамдарынан асқан керемет адамдар жоқ сияқты көрініп тұрды. Осы роман арқылы Қытай қоғамында өмір сүрген аз ұлт халқының, оның ішінде көшпенді қазақтың бір кезеңіндегі тарихи шындығын келешек ұрпақтың білуі үшін жеткізе алдым-ау деп ойлаймын. Сондай-ақ Башекеңнің ұрпақтарының алдында да қарызымнан құтылдым. Мойыныма көтерген жүгім жеңілдеді. Ал сенің әкеңе келсем, ол өз заманында аңыз адам болған сияқты. Башекеңнің асыранды ұйғыр баласы туралы халықтың аузында жақсы сөздер көп-ақ. Алайда солардың бірі де әкеңнің шыққан жері, балалық өмірі туралы айта алмады. Ол кісінің араласқан ортасы жоғары деңгейде болған болуы керек. Мен роман туралы ой қозғаған уақыттан бері ол кісі туралы егжей-тегжейлі деректерді таба алмадым. Әлімғазы мен Нұртазаның, Темірбек пен Таңғыттың, кейіннен Башекеңнің жанынан табылған әкеңді былайғы жұрт «адам еді», «азамат еді» дегеннен басқа асырып айта алмады. Себебі ол жүрген ортадағы ел ағалары өмірден озған, қарапайым елдің күні тозған болатын. Бар айтарым – осы. Романда жазылған бірер беттік естелік-деректерді өзің де оқыдың.
2009 жылы қыркүйек айында сәті түсіп Камал екеуміз менің туған жерім Шағантоғайға бармақ болып жолға жиналдық. Мүмкіндік туып жатса Үрімшіге барып Зейнолла ағаның нұсқауымен Әсеттің жиені Нәшен қария туралы деректер жинап, жолы табылса, сол қарияны көріп қайту болатын. Қыркүйек айының 3 жұлдызында шекарадан өттік. Арғы беттен менің нағашым Сейілқанның 1962 жылғы үркіншілікте Шағантоғайда қалған қызы Нұрғасылдың ортаншы баласы Серік күтіп алды. Жеңіл машинамен шекарадан 18 шақырым жердегі Шәуешекке келдік те сақшы бөліміне есепке тұрдық. Кешкі сағат 17 мөлшерінде қаладан шығып 70 шақырымды артқа тастап, Шағантоғайға (ескі аты Қарабура) келдік. Ағайын-туыстар Нұрғасылдың үлкен ұлы Болаттың үйіне жиналып, күтіп отыр екен. Алыстан келген бізді улап-шулап құрметтпен қарсы алып жатыр. Талай жылдардан көріспеген туыстардың сағыныш мауқы басылды-ау деген үш күннен кейін біз Камал екеуміз Үрімшіге жол тарттық. Алдында бірер күн бұрын Зейнолла ағаның үйіне телефон соғып, хабарласып, мақсатымды айтқан болатынмын. Аға тілегімді қабыл алып, ойымды құптады. Алайда жолда сақ болуымды өтінді. Сол жылы 7-ші айда Шинжаңдағы ұйғыр ұлтының өкілдері наразылық тудырып, бас көтерген еді. Шинжаңдағы бірер қалаларда үлкенді-кішілі қақтығыстар болып, ел ішінде қатаң тәртіп орнатылған болатын. Міне, осы оқиғаның салдары бізге де тиіп кетпесін деген ой болуы керек, аға сапар барысында барынша абай болуымызды, бейсауыт көзге түспеуімізді өтінді. Шағантоғайдан түс мөлшерінде жеңіл машинамен шыққан бізді бөлелерім Мәдениет пен Әмина шығарып салды. Жол бойы түрлі тексерулерден аман-есен өтіп, 600 шақырым жол жүріп Үрімшіге түнгі сағат 2-лерде келдік. Зейнолла ағаның тағатсыздана күтіп, әрбір 2 сағат сайын қай жерде келе жатқанымызды сұрап отырғандығынан ағалық мейірінің зор екендігін байқадым. Кіреберіс дарбаза алдында Шәмшабану тәтеміз қарсы алып, үйге өзі бастап кірді. Түннің біраз шамасы болса да шаршамай, біздің келуімізді күтіп отырған ағаның бойындағы алаңдаушылығы тек біз табалдырықтан аттағаннан кейін ғана басылған сияқты. Демін терең алып:
–Уһ! Жеттіңдер ме, әйтеуір! – деп орынынан көтеріліп келіп қос қолдап амандасып, бізді бауырына басты.
Көңіліміз алабұртып, жеткенімізше тағат таппай алаңдап мазамыз кеткен біз де қатты шаршаған сияқтымыз, Шәмшабану тәте дайындаған тамақтан дәм татқаннан кейін бірден жатып қалдық. Көңіл жай тапқаннан кейін болар, қатты ұйықтағанымыз сонша, ертеңіне тұрғанда шаршағанымыз басылып, тыңайып-ақ қалған екенбіз. Таңертеңгі шай үстінде Зейнолла аға:
– Иә, Әбен бұйымтайың Әсет жөнінде екенін білемін, оны орындайын. Ал мынау бір дүрбелең шақта келіп қалған екенсіңдер, амал жоқ, қаланы аралата алмаймын. Өйткені шілдедегі қақтығыстардан кейін тынышталған сияқты еді, міне, қайта бас көтерулер болып, қала іші қатаң тәртіпке көшіп кетті. Оған ренжімессің. Осында Рамазан деген бір жігіт бар, Әсеттің жиені туралы алғашқы ақпарды содан алып едім. Сол жігітпен хабарласып қойдым. Қазір келіп қалар. Сендерді қаладан 60 шақырым жердегі Фукаң ауданындағы бір фермаға апарып келеді. Әсеттің қарындасы Әсекейден туған Нәшенді көріп әңгімелесуіңе жағдай бар, – деді.
– Мен біраз уақыттан бері сырқаттанып қалатын болдым. Мына сендермен бірге жүрсем болатын-ақ еді. Алыстан ат арытып келгенде жандарыңнан табылмағаным өкінішті, – деп күйзелді.
Сол кездерде ағаның денсаулығы да сыр беріп жүрген екен. Ұзақ жүріске шыдай алмай, үнемі шаршап қалады. Суық тигізіп алған ба, әлде егде тартқан адамның күйі ме, кеудесін еркін кере дем ала алмай, өне бойын ауырлық басып тұрғандай көрінді маған. Ыңғайы келіп тұрған осы бір істің бітерін көңіліне медеу қылдым да:
– Рақмет, аға! Әсет айналасындағы бұрын-соңды естілмеген, жарияланбаған үлкен жаңалық осы болайын деп тұр. Менің басқа айтарым жоқ, – деп ризашылығымды білдірдім.
Айтылған уақыттан сәл кешігіп келген Рамазан Тұрсынұлымен танысқаннан кейін біз көп ұзамай жолға шығып Фукаң ауданындағы Нәшен қарияның үйіне қарай жүріп кеттік...
Осы сапар, шынымен де, сәтті болды. 1992 жылы Әсет ақынның туғанына 125 жыл толуы қарсаңында ағаның Шинжаңның орталық газеттерінің бірінде жариялаған «Адамның бұлбұлы, ақынның дүлдүлі» атты мақаласы Әсет өмірі мен шығармашылығының жаңа қырларын ашуға септігін тигізді. Ал осы мақала арқылы табылған Найманбай ұрпақтарының бірі, Әсеттің жиені Нәшен қарияның маған берген мол мұрасы біз үшін табылмас қазына, мұражай қорын толықтырған тамаша тарту болды. Осы кездесу Зейнолла ағамен менің үшінші кездесуім еді.
2012 жылы жазда Алматыдан Төкен құдам телефон соғып, Зейнолла ағаның жаңадан шыққан бір еңбегі – «Сүлеймен би» кітабының тұсаукесері өткізілетінін хабарлады.
Ағаның өзі ниет етіп сол кешке қатысуымды тілек еткен екен. Жалпы, көпшілікке арналған осы бір шараны өткізуге мұрындық болып жүрген Алматы қаласында тұрып жатқан баба ұрпақтары, Сүлеймен баласы – Қанағаттың немерелері көрінеді. Тарбағатай өңірінде ғұмыр кешіп, осы өлкеге аты шыққан атақты бидің өмірі туралы Зейнолла аға ертеректен қалам тербеп, өз еңбектерінде жазып та жүретін. Сүлеймен би туралы айтқан бір әңгімесінде:
– Сүлейменнің асы мына Қарабұтаның төменгі жағындағы, Құти өзенінің бойын бойлай жатқан жазықта, сонау Бұғыбайға дейінгі аралықта болған. Асқа келген адамда сан жоқ. 300 үй тігіліп, Арқа мен Атыраудағы, Алтай мен Жетісудағы, Қаратау мен Көкшедегі Үш жүздің атқа мінер билері мен болыстары қонақ болған екен. Ілияс Жансүгіровтің жазған «Құлагер» поэмасындағы Сағынайдың асы дегеніміз – осы Сүлейменнің асы. «Ілияс ол кезде 9-10 жастағы бала. Құлагерге өзі мініп шапқан» делінеді. Әрине, терең зерттесе, қисыны келетін сияқты.
Мына кітаптың көлемді тарихи шығарма ретінде танылып елге таралуы, Сүлеймен ұрпақтарының ғана емес, Жетісу, Тарбағатай өңірін мекен еткен қалың қазақтың қуанышына айналды. Мамыр айының аяғына таман Алматыға келген Камал екеумізді Төкен құдам қарсы алып, Дәуреннің үйіне алып барды. Ертеңіне құдағиымыз Мейірімді алып төртеуміз шақырған мекен-жайға бардық. Атшаптырым үлкен залда ығы-жығы жиналған жұрт. Зекеңді танитын ол жақтағы, бұл жақтағы ағайындар, туыстардың қарасы көп-ақ. Әкелген шашуымызды Шәмшабану апайға ұстатып, ағамен амандасқаннан кейін кештің басталуын күттік. Әне-міне дегенше кешіміз де басталып кетті. Кітаптың жазылуы, мазмұны, көркемдігі, тіл ерекшелігі туралы айтып жатқан адамдардың мақтау-мадақтаулары ерекше. Менің бір таңғалғаным – Зейнолла ағаның кештің басынан бастап, аяғына дейінгі аралықта өзгеріссіз, қарапайым кейпінен айнымағандығы. Қойылған сұрақтарға да байыппен жауап беріп, асқақ мінез көрсетпей, сабырлық танытып отырғандығы. Бар байлығы қолындағы қаламы мен алдындағы қалың дәптері екенін сезіп тұрмын. Өйткені тағдыр тәлкегін көп көріп, өмір соқпағын адаспай басып өткен осы бір адамның ерлігі ұшан-теңіз дерсің. Көргені мен көңілге түйгенін, естігені мен есінде қалғанын қағаз бетіне таңба басқандай етіп түсіру ерлік емей немене?! Зейнолла ағаның қай шығармасын алсаңыз да тарихи деректердің желісімен құрылған. Ішінде аса бір көркем тілмен ұзақ-сонар баяндау, бейнелеу жоқтың қасы. Болған дүниені қаз-қалпында, жып-жинақы жазып, айналасын жұп-жұмыр етіп шығарады. Шашау шыққан артық сөз де жоқ. Меніңше, бұл – көп жазушыларда кездесе бермейтін қасиет. Жалықпай, жатпай-тұрмай оқитын оқырманға керегі де – осы.
Орайы келген бір сәтте мен Зейнолла аға мені жанына шақырып:
– Әбен, елге қашан ораласың, қайтарыңда маған хабарлассаңшы, – деді.
– Амандық болса осында екі күн аялдаймын. Өзім телефон соғайын, – дедім мен.
– Мен биыл сендер жаққа барып қайтсам ба деп едім, оған денсаулығым келе ме, келмей ме, білмеймін.
Уақыт көрсетер. Әлгі Үржарға Қабанбай бабамыздың ескерткішін орнатпақ екен. Орынын дұрыс белгілесе
және келбетін де көпшілік сыннан өткізіп барып жасаса, аброй болар еді. Осыдан Үрімшіге барып
денсаулығымды түзеп алсам деген ойым бар. Әлгі Төкеннен естіп едім, сені Қытайға барады дей ме?
Қай уақытта бармақсың? Әсеттің зиратын көремін деген екенсің. Құлжа жаққа барғанда маған хабарлас.
Ол жақтағы қаламдас, Әсет туралы жөн білетін біраз адамдарға айтып, жол сілтеп жіберейін.
– Әрине, өзім де осы туралы сөйлеспекші едім. Дәм тартса, Семейдегі Абай мұражайының бастығы екеуміз ғылыми
бағыттағы іссапармен 10 күндей жүріп Іле аймағына, Сайрамкөл атырабына, қайтар жолда Толы, Дөрбілжін
мен Шағантоғайдың айналасын қамтып кетпекпіз.
– Ой, бәрекелді! Бұларың үлкен шаруа болайын деп тұр екен. Егер соның бәрін 10 күнге сыйғыза алсаңдар...
– Көрерміз, – дедім.
Осы шамада тағы бір адамдар сөз арасына килігіп, әңгімеміз үзіліп қалды. Кеш аяқталып, қош айтысып қайтар кез де жақындады. Аға көп арасынан дауыстап мені тағы да қасына шақырып алып, «Сүлеймен би» кітабының 12 данасын, оған қоса бірнеше газет материалдарын беріп жатып:
– Ауылда етене жақын араласқан адамдарым бар еді. Осы кітаптың бір-бір данасын соларға бер. Ауданыңның
басшыларына да беруді ұмытпа, – деп өзі білетін бірнеше адамның аты-жөнін жазып берді. – Менен сәлем айт!
– Міндетті түрде беремін, сәлеміңізді айтамын, – деп уәде еттім.
Ағаның тағы бір қасиеті – мейлі, газет материалдары болсын, мейлі, кіші-гірім кітапшалар болсын, жанынан тастамай, өзі танитын, өзін білетін адамдарға таратып беріп жүретіндігі.
– Саған тағы бір айтарым, Әсет туралы көп деректер жинап, мұражайына шырақшы болып отырғаныңа да 20
жылдан аса уақыт болып қалыпты. Әсеттің артында жазып қалдырған ештеңе жоқ. Барлығы да – ауыздан-ауызға айтылып, құлақтан-құлаққа жеткен дүниелер. Әсет туралы айтушылар оны сан-саққа жүгіртеді. Сондықтан сен деректеріңнің дұрысы бар, бұрысы бар – бәрін жинай бер. Енді біраз жылда одан да айырылып қаласың. Ал жиналған дүниелеріңді арасынан өзің екшеп ғылыми тұжырым жасауыңа уақыт табасың. Ең бастысы, ардақты азаматтың, қазақ өнерінің біртуар жұлдызының мұраларын сақтап, бүгінге жеткізгеніңе ертең ұрпақтары рақметін айтады. Ерінбей еңбек ет, ізден! – деді.
Біз қош айтысып үйге қайттық. Сол 2012 жылы шілде айында мен арнайы іссапармен Боротола, Сайрам, Құлжа бағыттарымен Әсет жүріп өткен біраз жолдарды аралап келдім. Құлжада болғанымызда Іле Қазақ автономиялы облысының жазушыларының жалпы құрылтайы өтіп жатқан екен. Жазушы Жұмәділ Маман бізді құшақ жая қарсы алып, Әсет жөніндегі өзінде бар және сол өлкедегі деректердің барлығын жинақтап алуымызға көмектесті. Құлжаға келгеннен кейін мен Зейнолла ағаға телефо