«Қамшы» ақпараттық агенттігінң поштасына бір топ ғалымның пайдалы мағлұматқа толы материалы келіп түсті. Жаз келіп, бәріміз табиғат аясына шығып серуендегіміз келетіні рас. Алайда дәл сол уақытта басымызға қандай қауіп-қатер төнуі мүмкін екендігін біле жүргеніміз жөн. Басты қатер – кене. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолы ізде демекші оқырманға мына бір материалмен танысып шығуға кеңес береміз.
Конго-Кырым геморрагиялық қызбасы жедел зоонозды табиғи-ошақтық, трансмиссивті (қан сору) механизммен берілетін, геморрагиялық синдромы айқын білінетін және екі толқынды қызбамен жүретін, көп жағдайда адамның өліміне әкелетін вирусты инфекция.
Конго-Кырым геморрагиялық қызбасы вирусының табиғаттағы қорын сақтаушылар жабай және үй жануарлары (ірі қара мал, қой , ешкі), ал тасмалдаушы ихсодтық кенелер болып табылады. Ауру көбінесе маусымдық мезілдерге байланысты, әсіресе, мамыр және тамыз айларында көп кездеседі.
Бұл ауру еліміздің Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында кездеседі және сол елді-мекендерде табиғи-ошақтары бар, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әсіресе, Қызылорда облысында көптеп орын алады. Қазақстанда бұл аурумен көбінесе адамдардың белгілі бір кәсіби тобы ауырады, олар: шопандар, малшылар, жеке меншігінде мал ұстайтын адамдар, бау – бақша өсірушілер, фермерлік жұмысшылар, қой қырқушылар, қасапшылар, бір сөзбен айтқанда, үй жануарларымен айналысатындар.
Аурудың вирусы адамға кене шаққан кезде және вирусты жұқтырған жануарларды сою кезінде олардың қаны арқылы жұғуы мімкін. Конго-Кырым геморрагиялық қызбасы ауру адамнан сау адамға оның қаны (ота жасау кезінде) және сілекей, құсықтары арқылы жұғады.
Аурудың негізгі белгілері болып кене шаққан жердің ісініп ауруы, іріңдеуі және сол шаққан жердің маңайындағы лимфа түйіндерінің үлкейіп ауруы, дене қызуының көтеріліп, адам ағзасының жалпы улану белгілерінің пайда болып, бастың, бұлшық еттер мен буындардың қатты ауруы, әлсіздік, енжарлық, тәбеттің төмендеуі болып табылады. Дене қызуының тез 39-40 ºС көтеріліп, қалтырау, геморрагиялық белгілердің пайда болуы, адам ағзасының шырышты қабаттарыннан, тістерінен, мұрнынан, әйелдердің жыныс мүшелерінен немесе ішкі ағзаларынан қан кетеді, ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан өлімге әкеліп соғуы мүмкін. Конго-Кырым геморрагиялық қызбасына тән дене қызуының қатты көтеріліп, субфебрилді төмендеуі, 1-2 күнен кейін дене қызуының қайта кқтерілуі, яғни екі толқынды жүруімен ерекшеленеді.
Бұл аурудың жеңіл өтетін түрі де болады. Мұндайда адамның дене қызуы ұзаққа созылмайды, тері астына қан кетіп, тіс түптері қанталайды. Бір-екі рет мұрнынан қан кетеді, содан кейін адам адам 7-10 күннің ішінде жазылады. Ал кей жағдайларда геморрагиялық қызба ауруынан жазылу бір жарымнан екі айға дейін созылуы мүмкін.
Науқасқа дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілмесе сепсис, өкпенің ісінуі, ошақты пневмония, жедел бүйрек жетіспеушілігі, отит сияқты асқынулар болады.
Көпшілік жағдайда вирус жұқтырған науқастың шағымы бойынша оның ішкі құрылысынан қан кетуіне байланысты «асқазан ойық жарасының» жарылуы деп хирургия бөлімшесіне немесе әйел адамдардың жатырынан қан кетуі кезінде гинекология бөлімшесіне түскенде, оның Конго-Кырым геморрагиялық қызбасы екені ескерілмеген жағдайға байланысты вирустан сақтану шаралары сақталмайды. Міне, осы кезде қауіпсіздік шараларының сақталмауынан хирургтар, гинекологтар мен анестезиологтар Конго-Кырым геморрагиялық қызбасының вирусын жұқтырып алуы мүмкін. Көп жағдайда ота кезінде бір реттік пайдаланылатын қолғаптардың жыртылып, тесілуі жиі кездеседі. Сондай-ақ, басқа да медициналық персоналдардың ауруды жұқтыру қауіптілігі зор. Науқасты емдеу барысында көк тамырға дәрілер мен ерітінділерді жіберу кезінде де екінші реттік қан кетуі мүмкін. Осы кезде медициналық персоналдың вирусты жұқтыру мүмкіншілігі тағы да артады. Медбике пайдаланған құрал-жабдықтар, стол үсті, науқастан ағзасынан бөлінген сұйықтықтар , міне, осылардың бәрі айналасы үшін ауру көзі болып табылады.
Конго-Кырым геморрагиялық қызбасынан сақтану мақсатында мынандай алдын-алу шараларын ескеріңіз, табиғатқа немесе тауға бара алдында киімге немесе дененің ашық жерлеріне дәріханаларда сатылатын репелленттер (кенелерді үркітетін заттар) жағу керек. Киімге де көңіл бөлу керек, кимнің түсі ақшыл болғаны дұрыс, өйткені мұндай киімдерде кенені байқау оңай, жейдені шалбарға, шалбарды шұлықтың ішіне салып қою керек және міндетті түрде бас киім, жағаны, манжеттерді жауып жүру керек. Табиғатта болғанда сағат сайын адам-үсті басын тексеріп, қағып отыру қажет және үйге келген соң міндетті түрде жуынып, далаға киіп келген киімдерді қағып-сілку қажет. Денеге жабысқан кенені өз бетінше алуға болмайды, келесі ережелерді сақтау керек, кене жабысқан жерге сұйық май тамызып, пинцетпен абайлап, кенені теріге жақын тұмсық тұсынан қысып, шайқап, ырғамай еппен алу, кененің шаққан жерін міндетті түрде йодпен залалсыздандыру керек. Денені шаққан кенені өлтірмей, оны шыны ыдысқа салып алып, бірден жақын маңдағы лабораторияларға жеткізіп, ал өзіңіз дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз абзал. Конго-Кырым геморрагиялық қызбасы ауруының белгілері мен одан қорғану шаралары жайлы алған ақпаратыңызды туған-туыстарыңызбен және құрбы-жолдастарыңызбен бөлісе жүріңіз, сонда осы аурудан сақтана аламыз!
әл–Фараби атындағы ҚазҰУ,
биофизика және биомедицина
кафедрасының доценттері
м.ғ.к., Тусупбекова Г.А.,
б.ғ.к., Аблайханова Н.Т.,
аға оқытушы Ph.D, Ыдырыс Ә.