Соңғы 2-3 жыл көлемінде қазақтың төл өнері айтыстың басынан сор арылмады. Бір кезде билік айтысты көгілдір экраннан алып тастаған еді, енді айтыстың жаңа “жанашырлары” пайда болып, айтысы дін мен саясаттың құралы етіп, тіл кеспекке дейін баруда...
«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, «жанашырлықтың» көкесін, лақпа айтыстан көрдік. Елорда да «Жұлдыздар айтысады» атты айтыссымақ шоу өткізіп, айтыскерлер мен әнші-әртістерді айтыстырып қойып мәз болып отырғандарды көрдік. Міне, қазақта бұдан өткен масқара болмас. Ұлықпан шықты гитарасымен, Қанат Әлжаппаров ауызын біресе домбара қылып, біресе аңгіме айтып, біресе өлең айтып лағып кетті, ал айтыскерлер болса кәдімгі айтыста отырғандай айтысып отыр. "Жұлдыздар айтысы" төрешілерінің бірі Бекболат Тілеухан болса, Абайдың кезінде де лақпа айтыс болғанын айтты.
Мүмкін, Бекең айтқандай ол кездеде лақпа айтыс болған шығар. Дегенмен дәл қазіргідей елді ауызына қаратқан айтыскер ақындар мен тағы бір өнердің иесі айтысып, екеуі екі жаққа лақпағаны, бүгінгідей өлең дегеннің не екенін түсінбейтін адам ақынмен айтысып отырмағаны анық. Болса "Біржан мен Сараның" емес, әлдебір төкпе ақын мен лақпа ақынның айтысы бізге жеткен болар еді. Шоу жасаймыз дейді, біз айтыссыз-ақ шоуға жарымай жүрміз бе?! Әнші, әртіссіз де айтыстың өз көрермені өзіне жетеді, айтыстың деңгейіне сын айтқызбас ақындарымыз да жетеді, айтыскерлерсіз де күнделікті шоуымыз болып жатыр. Енді келіп айтысқа ойына келгендерін тықпалап, кім көрінгенді әкеліп сарытып кететін лас ортаға айналдырып не керек? Айтысқа, өлеңге бір табан жақындығы жоқ, өлеңнің исі мұрынына бармайтын адамды айтыскермен айтыстырып қою – айтыскерлерді қорлау, ал айтыскерді қорлау, ол – айтысты қорлау. Өкіншке орай, қазіргі күнде кей айтыскерлеріміз айтысты да, өзін де қорлап жүр.
Айтысты қайта тірілтіп, жандандырғысы келгендер жаназасын шығарып тынбаса болды. Ұлт руханиятына жасалған мұндай қиянаттың дер шағында тізгінделгені жөн. Шын жанашыр болса ел ішінде танылмай жүрген таланттар мен жас жеткіншіктерді халыққа танытып, қазақтың қасиетті айтысын «НұрОтанға» емес ұлтқа қызмет қылғызсын!
Айтысты мазаққа айналдыру - қазақты табанға таптау, ұлттың ұлы құндылығын ойыншық қылу. Оған әсте жол беруге болмайды.
Тұрдыбек Құрметхан