Күңіренгенде ел шалғайлығы да қатты күйзелтеді екен. Туған елі, кіндік кескен жеріндегі жерлестері есіл ері, аяулы азаматы Зейнолла Мүбәракұлы Сәніктің қайтыс болғанын біріне-бірі қайғыра хабарлап жатты. Естігенде есеңіреп егіле жылап та алдым. «Қайран Зеке-ай» дегенді қаншама қайталадым екен...
Бірге жүріп, біте қайнасқан, өмірдің ащы-тұщысын бірге өткізген адамдар үшін қайғылы хабардың оңайға соққаны жоқ. Әдебиет ғимаратының бір жағы кертілгендей, қазақ зиялыларының бір бәйтерегі құлағандай, әдебиет аспанының жарық жұлдыздарының бірі сөнгендей, баспасөзіміз өзінің ысылған, шебер, жапакеш, қайсар, қарт қаламгерінен айырылғандай ауыр қаза болды. Ал Зекең менің өмір, өнер көш жолымдағы сүйеушім, тәрбиешім, ұстазым еді. «Әттеген-ай...», – деймін күйзеле күрсініп. Бұқар жырау айтқандай, өзекті жанға – бір өлім, алланың аманатын бәріміз де тапсырамыз ғой, өкініштің орны тола ма, көңілін сұрап қоштаса алмадым. Шәмшабанудың жанында болып жұбата да алмадым. Емеурінінен еншісін аямаған аяулы ағамызды да тағдырдың менен көп көргені ме, сыйласып өткен, бір-біріміздің қадірімізге жеткен қайран қайырылмас күндер-ай!!!
Зекең – ақпарат, баспа қызметінің негізін салушы аға буындарының бірі. Әр саладағы еңбегі – бір төбе, есіл азаматтың бірі. Мен ұстазымның еңбектері, шығармалары жайлы баға беретін, зерттеу алатындардан емеспін, шәкіртінің шамасы оған қайдан жетсін... Тек өз басымнан өткендерін, адамдық ар мен асыл қасиеттің иесі – қамқоршым болған ұлағатты өнегесін тілге тиек етіп, сағына еске аламын. Рухына мәңгі борыштармын!
1956 жылдың тамыз айы. Бейжіңдегі Орталық жастар одағы мектебінің аз санды ұлт 3-ші қарарына Шағантоғайдан – Зекең, Шәуешектен – мен, Дөрбілжіннен – Қалеш, Шихудан – Әнеш, Алтайдың Көктоғай кен районынан Ақан Бейхұт (әсілі, Жың ауданынікі) қатарлы Шинжияңның жер-жерінен жүзге жуық әр ұлт оқушылары Үрімжіге жиналып, бірнеше күндік үйренуден соң, Астанаға аттандық. Барлығы жастар қызметін істейтін кадрлар екен, тек мен ғана толықсыз орта мектепті тауысқан ең кішкенесі болып ілестім.
Біз 1956 жылдан 1958 жылға дейін сабақтас болған кездерде Зекең мені қарындасындай көріп, көп қамқорлық жасады. Мектепке барған соң жылға жетпей аяулы анамның қайтыс болғандығынан мектепке алдымен хабар келіпті. Зекең бірнеше ағайларды бастап жатағыма келді. Бірге жататын қыздардың да алдын ала хабары бар секілді, қоршап қасыма отыра қалды. Шошып кеттім. Зекең күйзеле отырып қаралы хабарды естіртіп, көңіл айта бастады. Құлағым тас бектіліп, не айтып, не қойғанын естір емеспін. Жатақты басыма көтеріп, ақылға көнбей, жылай беріппін. Сабаз аға соңында әрең уатқандай болды. Отырғандар да жапырлай көңіл айтып, ақылдарын айтысты. Мені «кішкене қыз» деп еркелететін әрі отбасылық жағдайымнан хабардар болып, маған анамдай күйінетін Ли атты ханзу мұғалімім болған еді. Енді, міне, менің мына халімді білген соң, Зекең екеуі бұрынғыдан арман оқуыма, денсаулығыма, тұрмыс жағдайыма көңіл бөлетін болды. 1958 жылдың күз айында оқуды тауысып, ұйымның ұйғаруы бойынша әр ұлттан 10 неше оқушы әр салаға бөлініп, Үрімжіде қалдық. Зекең, Ақан, мен үшеуміз «Шинжияң жастар-өрендер» баспасы қазақ редакциясына орналастық. Ақан Бейхұт – сол кездегі «Коммунисшіл жас» журналында, Зекең екеуміз редакция бөлімінде істедік. Кейін келе Зекең – редакцияның орынбасар бастығы, Ақан «Алға» журналының бас редакторы болды. Қазақ редакциясындағы Нариман Жабағытай, Зейнолла Сәнік ағаларымыз жұмыста іскер, мінезде ұстамды, жолдастарға мейірімді, қызметке қатаң талап қоятын, ал жайшылықта жайсаң, жанашыр еді. Редакциялаған кітаптарымның сау беті жоқ, қып-қызыл болып шимайланып Зекеңнің қолынан тапсырып алғанымда, ұялғанымнан жер басып жүрдім. Сонда да Зекең күлімсіреп ақырын ғана үстелімнің үстіне қойып қоятын. Бұл байсалды бейнесі маған айқайлап ақырып ұрысқаннан да ауыр тиетін. Кейін талай жыл мен де баспа саласында жұмыс атқарғанымда аға жолын ұстадым. Зекең менің тек кәсіпте ғана пісіп-жетілуімді жебеп қалмастан, қоғамдық, саяси жақтан да заманға сай, аңғарлы жастардан болуға баулыды. Партия ұйымына тәрбиелеп таныстырушымның бірі болды.
1959 жылы 9 мамырда Жұңго коммунистік партиясына қабылдандым. Кейін келе менің жұмысты істей жүріп әдеби шығармашылықпен шұғылдана бастағаныма, әсіресе балалар әдебиетіне ат басын бұрғаныма Зекең қатты қуанды, қолдады. 1987 жылы «Шинжияң халық баспасында» басылған «Дәнекер» атты әңгімелер жинағымның жауапты редакторы болды. Басылымдарда бағалар да жариялады. 2003 жылдың соңғы айларында шипаханада емделіп жатқан едім. «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» атты кітаптың редакция алқасындағы Бақытхан Қыдырмолин жолдастан телефон алдым. Мұнда 3 топ, әйгілі адамдарға 12 адам қамтығанын, Дубек туралы кітапты жазуға мені ұйғарғандықтарын, уақытының тығыз екендігін әрі кітаптың сапалы болуын да ескертті. Рақмет айтып, кібіртіктеп: «Ойланып көрейін», – дедім. Себебі «талаптан шығып, ойдағыдай орындай алмаймын ба» деп екіленгендігімнен еді. Ертесі тағы Зекең телефон шалды, жарқын үні әлі құлағымда:
– Бәтіш, денсаулығың қалай, қалқам? Қызмет қарбаластығы әрі жалғыздық та батқан шығар... Ершікеш едің ғой, ана міндеттен бас тартушы болма! Ол – талай талқыдан өткен тапсырма. Сен Басбай, Дубек туралы деректерді жазып та, жариялап та жатырсың, қаламың қаптал жетеді, мен сенемін, – деді.
Ағаның мейірлі сөзін естіп тебіреніп кеттім, жігерленіп қалдым. Кітап 2004 жылы Ұлттар баспасы жағынан басылым көрді. Бұл күндері «Тарбағатай қызыл үйі мұражайында» марқұм Оразбек Әбділұлының «Өшпес сәуле» романы мен «Дубек» кітабы Дубектің үлкейтілген суреті астына қойылып, көрермендердің көңіл көгінде өшпес сәуле болып тұр. Редколлегия алқасы мен Зекеңнің сенімін орындай алғаныма менің де көңілім марқайып қалады.
Зекеңнің өмір бойы баспагерлік жұмыстан бас алмай талай табысқа жетіп әрі қазақ халық мұраларын жинауда, зерттеуде, көркем әдебиетінің прозалық саласында еңбектеніп, мол сыбаға ұсынғаны еліне аян. Әлі есімде, бір жылдары «Шинжияң» газетінің 3-бетінде суретімен «Басбай» атты очерігі жарияланды. Біз шежіре қызметкерлері сол кезде Шағантоғайда Басбай туралы деректерді жинаумен Жиек ауылында жүрген едік. Ауылдастар газетті қолдан-қолға жеткізіп, суретіне терең сүйіспеншілікпен қарап, көздеріне жас алып: «Заман оңалып, Басекеңнің ортамызға қайта оралуын кім ойлаған?» – десіп сүйіншілегенін өз құлағымызбен естіген едік. Бұл хабарды Зекеңе жеткізгенімде алда Басекең туралы көлемді шығарма жазуға толғанып жүргенін айтқан... Айтқанына жетті емес пе, жарықтық!
Екі жылдың алдында Зекеңнің ауырып Шинжияң медицина институтына қарасты 1-ші шипаханада жатқанын естіп, телефонда көңілін сұрадым. Сонда қолында «Із» деген романның соңына шыға алмағандығын, денсаулығы жар берсе соңғы нүктесін қоюды армандайтындығын да айтқан еді. Шәмшабану Үрімжіге оралғанда әдейі амандаса барғанымда сұрап едім, сол жұмысын аяқтата алмағандығын айтты. Соны айтқым келеді. Табысқа жеткен небір есіл ерлердің артында қалтқысыз, қамқоршы әйел болады. Оның бірі – Зекең екеуі өмір, өнер жолын тең басқан, тауқыметтің «тар жол, тайғақ кешулерін» кешкен, жақсы жары, кәсіптесі, қос қаламгер, қос бәйтеректей бұтағын кең жайған сыңары біздің ағартушы, ақын қызымыз Шәмшабану Қамзақызы дер едім. Зекеңнің орындай алмаған арман-тілектерін, асыл мұраларын асыл жарының өксітпейтіндігіне елі сенеді! «Кітап – алыс сапарға аттанғандардың қалдырған ақыл ескерткіші» (Зейнолла Қабдоллин) дегендей, Зекең еліне, барша ұрпақтарға, бала-шағаларына, Шәмшасына мол рухани азық қалдырып кетті.
Зейнолла Сәніктей ұстамды, ұлағатты есіл азаматты, ақынды, жазушыны, қарт баспагерді өлді деуге бола ма?! Асыл маржан сөзі өлмейді, ел есінде мәңгі сақталады!
Бәтіш Ақынқызы
