Дүниеде адам баласының еркіндігінен артық бақыт жоқ. Өзің аңсаған, өзіңнің адам екендігіңді сезіндіретін осынау көл-көсір еркіндіктің ішінде сенің сұлулығығың да, тазалығың, арың, бойыңдағы талантың жасырылған. Сол еркіндігің болмаса өзің күткен мақсат-мұратыңа жете алмақ емессің. Біз жас жазушы, жүрегінде оты бар жазушы Арман Әлменбеттің «Мимырт» романын оқығанда осындай ойға қалдық. Япырау, «өмірде осындай да адамдар бар екен-ау» деп күнде көріп жүрген өмір кейіпкерлерінің тыныс-тіршілігіне, адамға бір ақ рет берілетін аса қымбат ғұмырды осылайша сүріп жатқанына өкініш таныттық. Бұл туралы сәл кейінірек.
Жас қаламгер Арман Әлменбеттің «Режиссердің түстері» (Алматы, 2013) кітабы жарық көргенде бірді-екілі өзіміз сияқты қаламдас дос, ағалары тілек білдірді. Бұның өзі алдыңғы толқыннан жылы сөз күткен, сол жаққа қарағыштаған жас жазушыға үміт отын сыйлары анық. Өзіңнің жазғаныңды өзеуреп біреу іздемесе, жаныңдағы әдебиет ауылынан ырыздық, несібесін теріп жүрген жандар түсінбесе, бөлектенген әдебиет ғұмырың сарыуайымға салмай ма. Сол пікірлердің бір парасын ақын Саят Қамшыгер жазыпты. Саят «Мимыртты» роман емес хикаят десек жөн болар деген пікір айтады. Одан әрі ол «Роман — ұлы әңгіме деп тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз», – деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзін негізге алады. Қазіргі қоғамның келбетін, адамдар жан дүниесіне бойлай алған «Мимырттың» жанрын автор солай атаса біздің оған келіспеске лажымыз жоқ.
«Мимыртты» оқып шыққаннан кейін романның алғысөзін жазған Тоқтәрәлі Таңжарықтың ойларына үңілдік. Себебі өзіңнің айтар ойыңды басқалар сенен бұрын айтып қойған шығар. Солар бұл шығарманы жетеріне жеткізіп талдаған болар, оқырманға түсіндіріп берген шығар деген ойды іздегенімізді несіне жасырайық. Оның үстіне бір айтылған ойды қайталау да оқырманға жаңалық ретінде сезілмейді. Тоқтарәлі де өз мақаласында біздің қоғамдағы бетперделі адамдардың тағдырын «Мимырттан» көре білген. Рас, роман күрделірек. Негізгі идея жасырын. Алайда бұндай романдардың легі қазақ әдебиетіне сонау алпысыншы жылдары келген. Одан кейін де қоғамның ақиқатын көрсететін жұмбағы мол шығармалар легі қазақ әдебиетінде толастаған емес.
Арман жайында Нұрбек Түсіпхан «Үш талшыбық» атты мақаласында «шығарманың жұмбағы Морждың өлімі ғана» деп аясын тарылтудың қажеті жоқ. Мұндағы тіршілік үшін жүріп жатқан күнделікті, көзге көріне бермейтін күрестердің өзі талай сырды аңғартады» деп романның құпиясын, негізгі идеясын ашқандай болады. Осы үш пікір де «Мимырт» романы біздің қоғамымымыздағы адамдардың тағдыры деген ойдың шырмауынан шыға алмаған. Кез-келген шығарма өз қоғамындағы немесе тарихтағы болған болуы мүмкін өмірді көрсетері анық. Алайда біз өз уақытымыздағы жаңашыл туындыларға осылай баға берсек, біздің әдебиетіміздің көші ілгерілемек емес.
Арманның «Мимырт» романын сөз еткенде бұл үш пікірді біз жоққа шығара алмаймыз. Әркімнің талғамы басқа. Танымы бөлек. Дегенмен роман мүлде сәттсіз дүние емес. Бірнеше қабат ойларды автор осы романда көрсетіп берген.
Роман 123 беттен тұрады. «Бәс», «Уәде», «Шимай» деген үш бөлімді қамтыған. Осы үш бөлімнің де көтерер жүгі салмақты. Екінші бөлімді оқып отырғанда оқиға желісі үзіліп қалғандай көрінеді. Мүлде олай емес. Автор бұл бөлімде қоғамдағы еркін тіршілігі бар адамдарды көрсеткісі келген. Әділхан, Балжандардың тағдырына үңілсек бұлардың тұрмысы Күресбектің қол астындағы малшы, жалшылардан тұрмысы тәуір, оқыған, мақсатқа ұмтылғыш характерлер. Дүние бір қарасаң мимырт, бейғам, барлығы да тыныш, бақытты өмір сүріп жатқандай сезіледі. Шындығында солай ма? Неліктен автор роман атауын «Мимырт» деп қойды екен деп ой жүгіртіп көрелік. Арман сомдаған Күресбек, Сырымдар үшін дүние өз қалпында дөңгеленіп, барлығының да төрт құбыласы түгел, ішпегені алдында, не істеймін десе өз еркінде екені ақиқат. Ал осыған қарама-қайшы Морж, Нояхан, Зияда, Жасұлан, Гуля сынды жандардың өмірі өзі қалағандай өмір ме? Осы кейіпкерлердің психологиялық күйі бір-біріне ұқсамайды.
«Үстіне көне күртені, басына тозығы жеткен далбайды киіп, сары атқа зауықсыз мініп, қойын айдап кетіп бара жатқан Моржға олар онша мән беріп қараған да жоқ». Бұл сөзбен автор не айтқысы келді. Осы авторлық баяндау арқылы алғашқы бөлімнің негізгі идеясын ақтарып тастағандай болады. Арман өте сабырлы жазушы екен. Идеяны жеткізуге келгенде асықпайды. Өмірде Морж сияқты еленбей, тасада қалып, барлық арманын аяқ асты еткен жандар аз ба? Морж солай боламын, осындай күйге түсемін деп ойлады ма. Әйтпесе консервоторияға түсіп несі бар. Кім қой бағамын, арақ ішемін деп ойлайды. Бүкіл тісінен тып-типыл айрылған, күні ертең не боларын ойламаған жанның бейнесі бұл. Автор не үшін Морждың осындай күйге түскенін тәптіштеп баяндап жатпайды. Оның осындай күйге түскенінен бір ақ нәрсе себеп. Күреспектермен Морж күресіп те көрді. Күрескенде не тапты. Белгісіз солдаттың қаңғыған оғынан қаза тапты. Қаңғыған оқтың иесі өзі оқ атқанын да, кісі өлтіргенін де білмейді. Арман осы тасадан атылған оқ арқылы тоғышарларды сынайды. Жоғарыдан бекітілген заңдар мен, айтылған кейбір сөздердің кесірінен бүкіл қоғам, Морж сияқты жандар жапа шегіп жатпасына кім кепіл? Автор романда осы идеяны айтқысы келгендей. Бір уақытта Морж: « – Бастықты тақтан аударып тастау үшін алға! – деді де солай қарай шаба жөнелді» дейді автор. Бұл өз азабының тауқыметін көп көріп, шыдамның да шегі бар екенін сезінген жанның сөзі. Осы сөзге Морждың айналасындағы ешкімге зияны жоқ жандардың қайтарар жауабы қандай?
«– Әй, қараңғағыр-ай, – деді Наяхан.
– Тума талант қой нағыз, - деді Жасұлан шын риза болып.
– Қатырады, ә – деп қойды Зияда да.»
Үш түрлі мүсіркеу. Бұлар мүсіркегенмен Морж кесек образ, табиғаты бөлек жан. Болмысында еркіндікті аңсағыш. Қой соңында жүріп, көрінгеннен теперіш көрсе де өзгеге кеудесін бастырмайды. Зияда, Наяхандардай жалпақшешей, көнбіс жан емес. Морждың бойындағы тұлғалық қасиет Күреспекпен бірге еріп келген тоқалы келгенде түрленіп сала береді. Сұлуды кім сүймейді, сұлулыққа кім қызықпайды. Гуля сол сұлулықтың символы. Осындай падишаны неліктен Күреспектер ғана иемдену керек. Оған Морж, Зиядалардың қол созуға хақысы жоқ па. Күреспектердің көзқарасымен қарасақ ондайды өзі ғана меншіктеуі керек екен. Жоқ! Өмір ағысы менмендікті көтермейді. Түбінде бәрібір адамның жүрек қалауы жеңіп шығады. Осы бір жүрек қалауы бар екенін, адамның арманы, еркіндігі бар екенін Күреспектер мүлде ұмытқан. Ол үшін Зияда, Жасұлан, Нояхандар, Морждар түкке тұрғысыз жандар. Бұдан артық тоғышарлық бола ма?
« - Ей, бейшара! Керек болса, сені өлтіре салам. Ешкім білмей қалады. Кімге керексің сен!» дейді Күресбек.
Осы бір кикілжіңнен кейінгі Морждың ойлағаны бұл жерден қарасын батыру. Қайда барса да Морж бір күндік наны мен арағын тауып жей алады. Кейбір адамдар өмірде бір үміттің соңына ілесіп, соған жеттім ау дегенде қапы қалса өзін рухани тастап жіберері бар. Тіпті романның үшінші бөлімінде Морждың досы полковник Ерден Әбішев өз досының болмысын айтып да береді. «Қырсық болғанда қырсық адам еді ғой, марқұм. Ауылда ләйліп ішіп жүреді де, бір-ақ күнде арағын қойып, қалаға барып, той басқарып, біраз ақша жинап, үсті басын дұрыстап, адам қатарына қосылады. Содан соң бір-ақ күнде қайтадан қаңғыбас боп шыға келеді». Әділетсіздік пен арсыздық, қулық, біреудің көңілін табу үшін өтірік көлгірсу Морждардың қолынан келетін іс-әрекеттер емес. Көңіліндегісін күлбілтелемей айта салатын адамдар санатындағы бұндай жандарды пысыққайлар құрған өмір заңы шеңберден шығарып тастай беретіні өкінішті. Осының кесірінен полковник Ерден Әбішев айтқан тозу мен озудың жолында өзін таба алмай жүрген Морждың тіршілігін көреміз. Осы үшін біз Моржды кінәлай аламыз ба. Ақиқаттың ақиқат екенін айтқан адамды біз неге соттауымыз керек. «- Мен түсінбеймін. Мына жерге не үшін келдіңіз? Жаман Күресбек үшін бе?» дейді Морж Гулямен кездескенінде. Осы сөзді айту да ойлап қараған адамға қаншалықты ауыр. Бұндай сөздерді Зиядалар айта алмас еді. Бұл тарихи шығарма емес. Қазіргі қоғамның бет-бейнесін, ақ, қарасын ажыратып берген дүние. Тұрмыстың, қоғамның, адамдар психологиясын бүкпесіз айтқан Арман Әлменбеттің бұл жазғаны жазушылық өмірдің алғашқы қадамдары. Негізгі дүние айтар ойдың салмақтылығында. Идеяның, ішке бүккен сырды автор жасырын беруде щебер екен. Бағанағы Арман сабырлы екен дегеніміз де осы. «Мимыртты» оқығанда сыдыртып оқысаңыз түкке де түсінбейсіз. Неге бұлай болды? деп романды сұрақ қоя оқуымыз керек. Әрине, романның соңын бітіргенде де Арманды түсінбей қалуыңыз мүмкін. Романды аяқтап болған соң түпкі идеяны іздеңіз. Авторлық баяндауларға, кейіпкерлер іс-әрекетінен сыр аңдыңыз. Сонда ғана бұл романның диагнозын қоя аласыз. Дегенмен үшінші бөлімге келгенде роман құпиясы сыр бере бастайды. Алғашқы бөлімнің соңындағы Морждың өлімі қаңғыған оқтан болады. «Енді аз жүгірсе, пойыз көрінбек. Кенет шың еткен дыбыс па, жарқ еткен жарық па... Морж шалқасынан түсті».
Одан кейінгі екінші бөлім «Уәдені» оқығанда мүлде басқа кейіпкердің өмірімен таныс боласыз. Әділхандай жас жігіттің тағдыры да бұралаң. Оның да бір басына жететін тауқыметі аз емес. Алдынан кес-кестей берген сынақтарға Әділхан Морждай боркеміктеніп езілмейді. Морждың басына түскен қиындықтар Әділханға да жолығады. Автор қос кейіпкердің басындағы тағдырды көрсету арқылы не айтқысы келіп отыр. Екі кейіпкер де сүйген қызынан айрылып өмір ағысына қарсы тұрады. Морж болса арақ соңына бас қояды, Әділхан әскерге кетеді. Басымызға түскен қиындықтардың соңында жақсылық та бар екен. Абайдың «Қыс артынан шуағын шашып көктем де келмеуші ме?» еді деген ойы Әділхан мен Моржға да айналып соғады. Уақыт бәріне төреші. Тек біздер сабырлық таныта бермейміз. Әділхан әскерде жүргенде Балжан өзгемен тұрмыс құрады. Өзге қыз табылмағандай осы үшін Әділхан қапаланады. Жастық дәуреннің осындай бір аңғалдығы да бар. Әскерде жүріп ұйықтап жатқан «дедтардың» екі-үшеуін Әділхан сұлатып та салады. «Бата тимей, қата тисе» қапыда сол жерде біреуі өліп те кетер ме еді. Құдай оңдағанда жігіттің бағы бар екен. Кейін Әділхан азаматтық борышын өтеп үйіне келеді. Жолай Данияр досынан өзі жақсы көрген қызы Балжанның күйеуден қайтып келгенін естейді. Әділхан Арқалыққа келген соң да көп аялдамай Алматыға жаңа өмірді бастайды. Балжанға деген бұрынғы сағынышы қайта оянады. «Сәлем. Номеріңді әлі өзгертпеген екенсің. Қалың қалай?» деп әскерден кейін телефонмен хат та жазады. Осыдан кейін-ақ Балжанмен арадағы махаббат қайта жалғасады. Күйеуден келген болса да баяғы махаббаттың оты өшпепті. Телефон арқылы қызу әңгімелер Әділхан мен Балжанның арасында күн санап ұлғая түседі. Енді қайтып, қандай жағдай болсын айрылыспауға бекінеді. Бақытты күндердің базарлы шақтарына жетуге сәл-ақ қалған еді. Қол созым жерде тұрған бақытты ала алмаса адам үшін одан артық өкініш те жоқ шығар. Осындай кезеңдерді бастан кешіп жатқан Әділханның ойында ештеңе жоқ еді. Үйінде алаңсыз жатқан, Балжандай сүйіктісін күтіп жатқан жігіттің үйіне кенеттен қоңырау соғылады. «Орнынан тұрды. Біреу есікті қаққандай. Қақты ма, қақпады ма? Қоңырау шыр ете қалды. Қаққан екен.» Осы соңғы сөзден кейін бұл бөлім аяқталады.
Үшінші бөлім «Шимайды» оқығанда Морждың өліміне себепкер, қаңғыған оқтың иесі ізделеді. Ізкесуші Морждың студент досы полковник Ерден Әбішев. Полковник бірден Моржды өлтірген Күресбек пен Сырым деп түйеді. « – Сен ана КНБ-шникке сеніп тұрсың ба? – деді Күресбек ақырын ғана, – ертең ол кетеді, осы ауылда сен екеуміз қаламыз. Саған ешқандай притензиям жоқ. Келісейік одан да» дейді лейтенант Мерейге Күресбек. Күресбек полковник келгенге дейін Морждың жоқтаушысы жоқ, шіріген жұмыртқа деп ойлаған. Өзіңнен зор шықса, екі көзіңнен сор шығады дегендей Күресбекке тықыр енді таянады. Әрине, ол Морждың өліміне бас қатырып тұрған жоқ. Ол өзі алып келген жас тоқал Гуляны іздейді. Соның өтемі, ретінде Мереймен мәмілеге келмек. Біз ойлағандай емес жас лейтенант таза болып шықты. Күресбек ұсынған күрек ақшаны алмайды. Осы Мерейдің адалдығы, жүрек тазалығы оқырманға үлкен әсер етеді. Ол байғұс Әбішевпен Моржды атқан қаңғыған оқтың иесін тұтқындауға келе жатқанда да тіршілік тынысын таразылай біледі. «– Мына жігітті не үшін ұстаймыз сонда? Өзі өлтіргенін білмейді екен, өзі әскерден енді кеп жатқан жігіт болса, қайтеміз осыны?» – деп жүректегі сөзін айтады жас лейтенант Мерей. Ол жігіттің кім екенін біз романның соңында ғана білеміз. Бақсақ ол екінші бөлім «Уәдеде» автор баяндап кеткен Әділхан Ержанов болып шықты. Әділханның біреуді өлтіріп алғанын өзі де сезбейді. Пойызда түрмедегі қылмыскерлерді Әділхан тасып та жүрген. Екінші бөлімде автор мына сөйлемді бізге жайдан-жай беріп отырған жоқ. «Канвой боп жүріп, Әділхан қылмыскерді қарумен күзетіп, Балқашқа, Қарағандыға барып қайтты». Осы бір кездерде Моржды Әділхан атып алады. Пойызда ұйықтап жатып шүріппе басылып кетті ме әлде далаға жай ата салды ма оны Әділхан білмейді. Осы оқ Морждың басына тиген. Морж да осы сәтте құлдықтан құтылып біржолата бақытты өмірдің көшін бастауға ұмтылған. Оның жүрегінде Гуляға деген асқақ арман бар еді. Алда таусылмас, сарқылмас бақыт өзіне Моржды шақырып тұрғандай. Әттең осы бір қақ маңдайдан қадалған оқ болмағанда Морж өз өмірін өзі ойлағандай сүре алатын ба еді. Желтоқсан көтерілісімен, өзі сүйген жарынан айырылып қалған сонау бір жылдардағы жазылмас жүрек жарасынан енді ғана құлан таза айыққан сәт еді ғой бұл. Осы оқиға Әділхан тағдырында тағы қайталанады. Өзі көптен күткен күпті сезім, көп ұзамай-ақ өзінің қасынан табылар еді. Осы бір өзімен кеткір қоңырау шыр ете қалмағанда, пойызда кетіп бара жатып байқаусызда балалықпен сол шүріппені баса салмағанда кім білер бұл да өз қатары сияқты баянды шақтардың, балқаймақ сансыз жылдарды Балжан екеуі кешер ме еді. Бірақ бұл тағдыр әскерден жаңа келген жас жігіттің маңдайына жазылмапты. Маңдайына жазылғаны түрме екен. Темір торға да, тағдырдың бұл қоқайына да Әділхан шыдап бағатынына біз оқырмандарымызды сендіре аламыз. Оған мына сөйлем дәлел: «Бұрын Әділхан түрме дегенді темір қоршаудың іші деп түсінетін. Сотталғандардың бәрі ертеңнен кешке дейін тордың ішінде отырады деп ойлаушы еді. Сөйтсе, олай емес болып шықты. Қатал жүйедегі түрменің өзінде қылмыскерлер сыртқы үлкен қоршаудан шықпаса болды, ал іште емін-еркін жүре береді екен». Бұл Әділханның түрме туралы әскерде қылмыскерлерді күзетіп жүргендегі түйгені. Автор кейіпкердің аузына осы сөзді сала отырып, Әділханды болашақ қиындықтарға, түрменің сұп-суық сұрқай тірлігіне төзе алатындығын көрсетіп кеткендей.
Әділхандағы осы төзім махаббат сапарына шыққанда намыссыздыққа ұласып сала беретіні өкінішті. Ол үшін Балжан кім? Өмірдің қиындықтарын Балжан үшін шегіп келген жігіт ештеңе болмағандай күйеуден шыққан қызды қайта алуға даяр. Осынша құмартып, ынтық болатындай Балжанда қандай қасиет бар? Оқырманды сулулық назымен баурап алатындай Балжанда селт еткізер сезім болсашы. Көз жұмып, алды артына қарамай махаббат аралына сүңгіп кете беретін жігіт Әділхан емес. Арман суреттеген Әділханның образы басқа. Ол өз бағасын білетін жігіт. Балжанды не үшін сүйді, оның бойынан Әділхан кісі қызығатындай не тапты автор оны да көрсетіп бермеген. Бар болғаны «ата-анаңды ренжітпе» деген бір ғана сөзі үшін Әділхан оны есінен шығармады десек оған оқырман сене алмас еді. Автор осы аспаннан түскен айдай қызды Әділханға әкеп қосу арқылы ақылды жігіттің кесек бейнесін де кішірейтіп алған. Біздіңше автор Морждың өліміне себепкерді іздеймін деп екінші бөлім «Уәдеде» кейіпкерлерін тым әлсіретіп алған. Әділханның махаббаты әйтеуір сағыныштан жүрегі жарылып жүрген махаббат. Балжанды не үшін сүйгенін де білмейді. Автор хат арқылы екі жастың сезімін көтермелегендей болады. Көзбен көріп, қолымен ұстамаған соң арудың айдай жүзі оқырманын ынтықтыра ала ма? Біздің әдебиетте әйелдер бейнесі жетерлік қой. Соның біреуінен автор үлгі алса қанекей.
Морждың Гуляға деген асау сезімін түсіндік. Морж өзінің адам екенін, өмірде орны бар екенін Күреспектерге түсіндіру үшін Гуляны сүйді. Тіпті Гуля: « Бұдан кейін екеуміз ешқашан сөйлеспей-ақ қояйық. Мектепті жаңа бітірген жас бала емеспіз ғой. Ақылымыз бар. Отпен ойнаудың қажеті жоқ» – дейді Моржға. Ал Балжанда осындай аяныш сезім де жоқ. Ештеңеге қарамастан Әділхандай жігітті қайта құрығына ілмекші. Өзінің оңбай қателескеніне өкініш танытып көзінен жас та шықсашы. Автор Балжанның бейнесін Әділханның ой-қиялымен көрсетеді. Қиял шындық емес. Біз Балжанның көңіл-күйін телефонмен хат жазғанынан-ақ байқадық. «Енді кездеспейік» деп ақ, адал сөзін айтса, Балжанның адами келбеті асқақтап шыға келер ме еді. Жоқ, қызда ондай емеурін байқалмайды. Қайта: «Сәлем. Сенің хаттарыңа жауап жазатын мүмкіндік болмады. Қазір немен айналысып жүрсің? Жағдайың қалай?» деп қиылады. Сонда Балжан өмірінің трагедиясы қайда? Балжанның мұңы, өкініші, кешірімі қайда? Оның бәріне автор бірсыдырғы көзбен қарағанымен, оқырман мұндай қателіктерді кешіре ме? Жоғарыда Саят Қамшыгердің «роман емес хикаят десек жөн болар» деген сөзі осыдан барып шықса керек. Жазушының үлкен бір міндеті жазған шығармасы арқылы оқырманын сендіре білу ғой.
Үшінші бөлімдегі намысқой жігіт Ерден Әбішевтің тәуір басталған жұмысы оның достық парызды өтеу екенін жақсы ұғындырады. Жол ортаға келгенде осы Ерден Әбішевтің шалт қимылы қайран қалдырды. Өз отбасы бола тұрып, қаншама құқай көрген Гуляның сырын біле тұрып, сеңдей бұзылғаны биік адамдығын аласартып жібереді. Осындай қызметі, абыройы бар адамның басында еркіндігі жоқ, Күреспек сияқты талайлардың қолжаулығы болған әйелді иемдене салуы ақылға сыйымсыз. Автор қисынсыз дүниелерді кірістіріп жібергенін де байқамағаны ма?
Мұндай кемшіліктерді тізбектегеніміздің де өзіндік себептері бар? Бұл Арман Әлменбеттің соңғы дүниесі емес. Болашақта да осындай қомақты шығармалар туатыны анық. Кейіпкерлерді шығарма сахнасынан алып тастағанда Арманға абай болуды ескертеміз. Себебі оқырман өз кейіпкерлерінің көз алдынан ұшты-күйлі жоқ боп кетуін қаламасы анық. Сондықтан Армандай талғампаз жазушыға Гуля, Данияр, Сағдат сынды кейіпкерлердің кесек бейнесін сахна сыртына оңай жолмен ысыра салуға болмайды. Олардың кейінгі тағдыры, не үшін өз ортасында өмір сүріп жүргені де беймағұлым қала берген. Роман болған соң олардың жан дүниесін де бір бақылап алса артық етпес еді.
Өзің жайлы қатал сынды кейінгі ұрпақ айтқаннан гөрі, өзіңнің сапарлас достарыңның айтқаны қашанда әсерлі, емес пе! Болашақ жазылар дүниенің де таңы арайлап ататыны сеніміміз мол. Арман жастығына қарамастан үлкен жанрдың жалынан ұстағанда шу асау бас бермей кететіні анық. Тұлпарды тізгіндеуге ұмтылған жастың алғашқы төлтумасын оқығанда үміт күтер шабандозымыз осы болар деген тілегімізді не жасырайық. Өмірдің қалтарыс, бұлтарысын, адамдар жан-дүниесіндегі нәзік сырларды өз қатарлас жазушыларымыздан таппағанда қайдан іздемекпіз.
Марат Әзімхан.