Алматы әкімдігі Наурыз мейрамына дайындық жұмысын бастамаған

/uploads/thumbnail/20180123170749686_small.jpg

Алматы әкімдігі Наурыз мейрамына дайындық жұмысын әлі бастамаған, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Күн мен түн теңеліп, қыс бойы қар құрсауында жатқан бар тіршілік оянатын, жер мен көк жаңаратын Ұлыстың ұлы күніне бірер ай қалды. Алайда тырп еткен қала басшылығы жоқ. Наурызға дайындық барысына орай жіберген сауалымызға әкімдік: «Наурыз мейрамының концепциясы әзірлену үстінде», – деген жауап қатты.

 Наурызға дайындық

Ал күнтізбе бойынша ауысатын Жаңа жылға дайындық барысын 2017 жылы қазанда әкімдіктен сұрастырғанымызда өзімізге керекті жауапты сол айда-ақ алдық. Онда мерекеге дайындық Тәуелсіздік күнінен кейін басталатыны, жергілікті бюджеттен 600 миллиондай қаржы бөлінгені, қаланы безендіру үшін қандай дизайн элементтері қолданылатыны бүге-шүгесіне дейін жазылған.

Жаңа жылға дайындықтың былтыр шын мәнісінде қашан басталғаны қала тұрғындарына мәлім. Тәуелсіздік күні былай тұрсын, желтоқсан айы кірмей жатып қала түрлі-түсті жылтырақтарға тұнып тұрды. Дүкендер мен ірі сауда орталықтарының іші-сырты безендіріліп, шыршалар орнатылды. Жаңажылдық көңіл күйді күздің қара суығында-ақ сезінген едік. Мерекеге орай түрлі жеңілдіктер жасалып, байқаулар өткізілді. Сонда Алматы әкімдігінің екі сөйлегені ме?

Бұл – әр жыл сайын айтылып жүрген бір сарынды әңгіме. Айта-айта шаршаған халықтың қарасы көп. Ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасқан төл мейрамымыз совет идеологиясымен келген Жаңа жылдың тасасында қалып қойғалы қашан. Дәлел керек пе? Қазір еліміздің кей өңірінде Ұлыстың ұлы күні бір-ақ күн тойланады. Қала тұрғындары мерекені тек 22 наурызда сезіне алады. Онда да алаңға барып, жарты күн концерт тамашалайды. Бір кесе наурызкөжесін ішіп, ән тыңдаумен-ақ уақыты өтеді. Әкімдік өкілдері бір күндік іс-шараға бола сонша шабыламыз ба деп отырған шығар.

Наурыз мейрамы жөнінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихы тереңде жатқан Наурыз мерекесі қазақ жерінде әрқашан тойланған, алайда бір замандарда халқымыз оны жоғалтып алды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төл мерекемізді біз қайтадан жаңғырттық. Бұл күні ұрысқан ағайын табысатын, ренжісіп қалған жастар қайтадан табысып, махаббаттарын арттырып, бас қосатын, барлық жаманшылық ұмытылатын, жақсылыққа қарай бет бұратын кез болған. Түбінде біздің нағыз жаңа жылымыз осы Наурыз мейрамы болуы қажет. Қытай өзінің жаңа жылын ақпанның ортасында бір апта тойлайды. Шығыстың барлық халқының өз жаңа жылдары бар. Біз де түбінде өз мерекемізге келуіміз керек», – деген болатын. Құйып алатын кұлақ, түйіп алатын көңіл болса, қанеки? Алайда Елбасының бұл сөзін Алматы әкімдігі ескере ме?

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар