Күні кеше дүниеден өткен белгілі ақын Қажытай Ілиясовтың 70 жылдығы қарсаңында жазылған сыншы Әрмиябек Сағындықұлы очеркін қайта жаңғыртуды жөн көрдік.
Қажытай Ілиясов! Осы есімнің өзі қазір исі қазаққа ақберен ақынның, сүңгі сөзді сатириктің, сыршыл сазгердің, сұңғыла сыншы атбегінің, даңғайыр күйшінің, дарынды гармоншының, сегіз қырлы, бір сырлы асыл азаматтың жарқын бейнесін елестетіп өтетін еңселі есім. Мұндай әр алуан қасиеттердің Қажытайдың бойына даруы тәңірдің оған тарту еткен айрықша сыйы деп түсінген жөн. Қажекең бойға біткен осы дарынын жарты жолда, жартыкеш күйінде тастап кеткен емес. Соның бәрінің төрт аяғын тең бастырып, талант табиғатын мол танытып келе жатқан тарланбоз. Өз заманының арман-мұраттары мен ар тазалығының жалынды жыршысы бола білген, өнердің әр қырынан атой салған ақберен ақынның арман жолындағы сан-салалы, салиқалы азаматтық сапары бүгін, міне жетпіс дейтін асқаралы биікке жеткен екен.
Немістің әйгілі жазушысы Гюнтер Грас «Ұлттың ар-намысы болуды ұнатасыз ба?» деген сауалға: −Жоқ, ұнатпаймын. Қолында билігі барлар ұлттың ар-намысын төгеді де, қолында билігі жоқ бізге оның жарақатын емдеңдер дейді. Бұған төзуге болмайды», − деген екен. Бұл гүлденген, құдіретті мемлекеттің құшағында отырған неміс жазушысының айтып отырған сөзі. Ал бүкіл ұлт ретінде басында теңдігі, қолында билігі болмаған қазақ сияқты халықтың империялар салған жан-жарасы мен қорланған ар-ұжданын қазақтың ұлтын сүйген, ұлтшыл ақын-жазушылары ғана емдеп жазып келді. Ұзаққа созылған бодандық, кіріптарлық заманда халықтың санасына ұлтық сәуле түсіріп, қазақ деген кісілікті, көшелі халық екендігін қайта-қайта қаперіне салып келген ұлттың ар-ұжданы − ақын-жазушылары екенін бүгінде естен шығармауымыз керек. Бұған біздің басып өткен өмір жолымыздағы рухани кеңістігіміздің көкжиегін көктей өтіп, шолып шықсақ та көз жеткізу қиын емес. Міне, сондай ат төбеліндей ұлттың ақын-жазушыларының қатарында Қажытай Ілиястыңда тұрғандығы, тұратындығы талас тудырмасқа керек. Ұзаққа созылған бодандық, кіріптарлық күйді бастан кешірдік деп жатырмыз ғой, ал Қажытай Ілиясұлы − осы империялық өктемдіктің қытайлық, кеңестік мектептерінің бәрінен өткен ақын.
Қытай шегінде қалып қойған ежелгі ұйықты жұрт, барқыт белдің баурайы − Еміл өзенінің жағасында дүниеге келген Қажытай Ілиясұлы өзінің жалын құшқан жастық дәуірін, шекараның арғы шегінде, Қытай елінде өткізеді. Сол өлкедегі ұлт-азаттық күрестердің, ұлттың тәуелсіздігі мен теңдігін арман еткен Алаш идеясының жетегінде есейіп, ержетті. Шығыс Түркістандағы қазақ жастарының жоғарғы оқу орнына қабылданып, Шыңжаң институтының қытай тілі факультетін бітіреді. Осыдан кейін Қажытай Ілиясұлы Үрімжі қаласында шығатын өлкелік «Шыңжаң» газетінде тілші-журналист болып, өзінің еңбек жолына, өнер жолына қадам басады. Бұл енді Қажытайдың жеке өмірінің шекараның арғы шегінде басып өткен бел-белестері.
Ал Қажытайдың өмірге қадам басқан жылдары мен ат жалын тартып мініп, азамат болған тұстары Шығыс Түркістан өлкесінің де тағдыры қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрған кілтең кезеңі болатын. Бұл өлке кеше ғана қазақтың қаһарлы ханы Абылай, баһадүр қолбасы Қабанбай және ер Жәнібектер Жоңғар шапқыншыларының табанынан босатып, Найман мен Керей тайпаларын апарып қоныстандырған, қазақтың ежелгі ата-қонысы, құт қонған құйқалы мекені болатын. Ондағы аз болса да арыстан жүректі Алаш жұрты, осы өлкені жат табанына таптатпай, тәуелсіз бостан ел етіп сақтап қалу жолында қарақұрым Қытай, шүпірлеген Шүршітпен жан алысып, жан берісіп, аттың жалы, атанның қомында тірлік кешіріп келе жатқан болатын. Сол күрестің ақыры Шығыс Түркістан Республикасы деп аталған мемлекеттің құрылуына мүмкіндік жасағаны белгілі. Сондағы қолына қару алып, азаттық жолында атқа қонған халықтық қосынның сапында 85% қазақ халқының жауынгер ұлдары тұрды. Осылар ақыры жеңіске кол жеткізіп, Шығыс Түркістан Республикасы деген атпен тарихта қалған, жаңа бір тәуелсіз түрік мемлекетінің көк туын көк аспанда желбіреткен болатын. Міне, Қажытай Ілиясұлы тап осы мемлекеттің алғаш құрылған жылдары дүниеге келген екен. Былайша, Қажытайды азат, тәуелсіз елде дүниеге келген ұрпақтың өкілі деуге де болады. Бірақ өкінішке орай, бұл мемлекеттің ғұмыры ұзаққа барған жоқ. 1945 жылға келгенде орыс пен қытай империялары енді ғана бой көтерген тәуелсіз мемлекеттің тағдырын тәлкекке түсіріп, жаны ашымас жаттықпен, қасиетті туды қайта жығып тынды. Бұдан кейінгі тірлік белгілі − албастыдай басқан отаршылық, бодандықтың баяғы құрсау қамыты. Кеше ғана қолына қару алып, ұлттың азаттығы жолында күрескен, енді оның алдағы бұлдыр болашағы туралы ойлап, жанын қолға ұстаған жалаңтөстердің барлығын тұтқынға алып, атақты Тарым лагеріне топ-тобымен айдай бастаған болатын. Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің классигі Қажықұмар Шабданұлы бастаған қазақтың алғашқы буын зиялылырын Тарым лагеріне айдауы жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі. Қажытайдың ат жалын тартып мінген жастық шағы, жаңағыдай азаттықтың дәмін тата қалған елдің, қайтадан құлдық қамытын киіп, Қытайдың қолына біржолата қарап қалған, кіріптар кезімен тұспа-тұс келді. Аз жыл болса да азаттықтың алтын күрек желімен желпініп қалған ел, бодандыққа қайта түскенімен ішкі бұлқынысы әлі де басыла қоймаған болатын. Ноқтаға басы сыймай, қайта-қайта бұлқына бергені де сондықтан. Бұған Шығыс Түркістандағы қазақтардың ұлт-азаттық күресінің 50-ші жылдардың соңына дейін жалғасқан толассыз толқулары куә. Қазақ халқының бір тұтастығы, Қазақстандағы, Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақтардың басын қосып, үш отаудың басын біріктіріп, бір тудың түбіне жиналу идеясы да тап міне, осы кезде өмірге келген болатын. Бұл да ат төбеліндей азғана қазақтың әр елдің боданында, босағасында жүріп, жеке-жеке жұтылып кетуінен сақтану үшін ойластырылған, алаш жұртының қол созған көп армандарының бірі болған. Осындай ұлы мақсаттардың жетекші болғандығында күмән жоқ, 1962 жылғы атамакен Қазақстанға қарай үдіре көшкен ұлы көштің бұйдасын ұстап келгендірдің бірі де -Қажытай Ілияс ұлы болатын. Қажытайдың сол көштің басталған, аласапыран күндерінің бірінде, бүгінгі күні алты алашқа аты мәшһұр болған, қазақтың классик жазушысы, сол көшті тікелей ұйымдастырып жүрген Қабдеш Жұмаділұлын төніп тұрған тұтқындықтан құтқарып кететін азаматтық ерлігі өз алдына жыр қылып айтуға тұратын, бөлек бір жатқан хикая.
Қазақстанға келгеннен кейін жаңа жұрт, жаңа ортаға бейімделу, темір тегеуірінді империялық саясатқа мойынұсыну, қия басқан тірлігің барып тірелетін орыс тілін үйрену, Кеңес одағы жау көріп отырған Қытай елінен келуің, екінші сортты адам ретінде көзтүрткі болып, өгей өмір өткізуің, бүкіл туған-туысқаныңның шекараның арғы жағында қалып қоюы – осылардың барлығы ақын ретінде де, адам ретінде де бір адамның жүрегіне аз салмақ түсірмесі анық. Міне, осындай ауыр салмақты Қажытайдыңда көтеруіне тура келеді:
Шұбырған түйелі көш сағым ойнап,
Түсімнен шықпай қойды-ау ауыл-аймақ.
Дәм-тұзым дараланды-ау барған сайын,
Қайықтай алыстаған дауыл айдап!
Буынды бекітпесе дәрі ішіліп,
Тәрізді сүйегімнің бәрі сынық.
Кейінгі зейіндіге керек-ау деп,
Жыр жазып, ән шығардым жанұшырып, -
деп жазуы өзегін өртеген сағыныштың, көз алдын тұмандатқан мұнарлы мұңның әсерінен туылған жырлар екендігі айтпаса да түсінікті. Ақын бұл тақырыпқа әлде неше оралып, жыр нөсерін көз жасына қосып, оқтын-оқтын төгіп тастап отыратыны қөрініп-ақ тұр. Бірақ болмыс-бітімінде бұлтағы жоқ, табиғатынан жаны нұрға, жүрегі жырға толы, көпшіл ақын ешбір жанды жат көріп, босаға жақта жатырқап тұрып қалмаған көрінеді. Керісінше, келелі кеңестің кеуде тұсына ұмтылып, өзі сияқты жаны жайсаң жандармен қол ұстасып, көкірегінде көлдей шалқыған сыры мен жырын асқақтата айтып кете барған сыңайлы. 1965 жылы Қажытай КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсіп, осы оқу орынын тәмамдап шығады. Бұдан кейін республика деңгейіндегі баспалар мен әр түрлі газет-журналдардың редакцияларында еңбек ете жүріп, өзегіне біткен өзгеше бояулы өлең жырларын туған халқына толассыз арнап келеді.
Мен өз басым Қажытай ақынмен көп бірге жүріп, қоян-қолтық араласып, көрмеген адаммын. Оқта-текте кездесіп, әңгімелесе қалған сәттерде Қажекеңнің көл-дария толқыған ақын екендігін де, бұлтарыс-бұлтағы жоқ ақпейіл, аңғырт адам екендігіне де көз жеткізгендей боламын. Соған көзім жетеді де, япырау, нағыз ақын деген осындай тұлғасын тұман баспай, төңірегіне шуақ шашып жүретін жандардың сойынан екен-ау деген ойға тіреле беремін. Ол сенімен тұңғыш кездесіп, танысқан сәттің өзінде де, бәз-біреулерше сынап, мінеп, бас-аяғыңа қарап, сыртқа теуіп, сыздап тұрмайды екен. Сен кім едің, қайдан келдің, қайда барасың деп те құрттай қуалап, ізіңе түсіп, індетіп жатпайтындығы тағы бар, ежелгі таныс, сырлас адамыңдай еш бүкпесіз, айтар ойларын аңыратып, айтып жүре береді екен. Содан бастап Қажытай ақынның шығармашылығымен ептеп таныса жүріп, соңғы шыққан екі томдық таңдамалыларын оқудың да сәті түсті. Осы таңдамалыны оқып отырып та ақынның тау суындай тасқындаған ақындық табиғатын танығандай болдық. Мақала жазуымызға түрткі болған да осы әсердің ықпалы екендігі шындық.
Ақын Қажытай Ілиясұлының өнер жолындағы, өлең өлкесіндегі жан дүниесі таң нұрындай таза, кіршіксіз. Ол өзінің басып өткен өмір жолдарын, әр қиырда өткізген өмір керуенін өлеңмен өрнектеп отырғанда бүкіл жан дүниесін жасырып, қалқалап ұстап қалмаған ақын екен. Ол қуанышын да, қайғысында, өкініштері мен өкпе-назында жасырмай жазып отырыпты. Айтар ойын, арман-аңсарын күлбілтелеп күйкі күйге түсірмей, аңыратып, ашық айтып отырыпты. Ондада ешкімге еліктеп-солықтамай, өзегінен шыққан өз сөзін айтып қалған екен...
Осынау жарқын жырларының ұзына-ырғасынан ақынның басып өткен өмір жолдарында, басынан кешірген қилы тағдыр, тап болған түрлі қиянат қырсығында танып, түсініп отырасың. Өйткені, бұл өлеңдердің өн бойынан заманның құлқы, адамдардың пиғыл-ниеттері, жақсылық пен жамандық, қыл-қысқасы күллі өмірдің өзегі егіз қатар өріліп, ақын жасаған дәуірдің дидары айқын танылып отырлады. Ата-жұртқа алғаш келген жылдары ақын:
Өзімде дос табатын, қас табатын,
Күтем сол бақытымның сәт сағатын.
Кітапқа асықпаймын жастанатын,
Өлеңге асығам жұрт бас салатын,-
деп жырлаған екен. Ақын осы сөзді серт деп білген сыңайлы. Бұны ақынның өнер жолына қойған өзінің айқын мақсаты деп білген дұрыс. Жаны жайсаң, ұсақ-түйек пендешілікке бой алдыра бермейтін, арманшыл ақынға жаны таза, ниетті хақ достың да табыла кететіні шындық. Қажытайдың Жұматай Жақыпбаев бастаған көптеген талантты ақындармен өмірлік дос болып, сыйласып, сырласып өтуі − соның айғағы. Ал енді ақынға тән ондай таза тірлік ішіне жақпайтын, қу мүйіз қылқұрттардың да бар екендігі, олардың ақеділ, аңғырт ақынды қалтарыста тұрып, қапысын тауып, қауып алатындығы да шындық:
Құрышпын көрігінде жалындаған,
Күміспін таралғыңа шабылмаған.
Мұңлы-ақпын құлағыңа шалынбаған,
Қымбатпын базарыңа барылмаған.
Батылмын тағдырына табынбаған,
Ақынмын жұртына әлі танылмаған,
Қазақпын пиғылы әлі тарылмаған,
Азаматпын қырсығы арылмаған,-
дейді. Бұл сонау 1970 жылдардың басында жазылған өлең. Осы өлеңнің өзінен-ақ Қажытай ақынның бүкіл болмысы көрініп тұрған жоқ па? Бір қиырдан тау асып, тас басып келген, жалғыз атты жігіттің талай жылдарға дейін көрінгенге көз түрткі болып, обал-сауапқа қарамайтын талай қырсық, қиянатты көргені де рас. “Қырсығым арылмады” дейтіні сол. Әйтпесе Қажытайдың ешкімнің қайнап тұрған қазаның төңкеріп кетпегені белгілі. Ақын өзінің осы күрмеуі қиын тағдыры туралы көп ойысып, көп толғанып отырған. Шауып келе жатқан жүйрікті шаужайдан тартып, аламанның артына алып қалатын ала бақан арамдық жанын талай-талай жараласа керек. Былайғы толғау, жырларында ғана емес, ақын тіпті осы тақырыпта «Арман-ай» деген ән де шығарған екен:
Заманның қайран қалып пысығына,
Шыдадым көр шеңгелдей қысымына.
Көңілім арыстандай алас ұрды-ау,
Көз жетпей қиянаттың ұшығына!
Уа, дариға, жалған-ай!
Жалыным барып-барып сөнер мейлі,
Сондада өзегімді өнер жейді.
Әттең-ай, өкінішім шашымнан көп,
Ер жігіт тіршілікте не көрмейді?!-
деп арманын да, өкініш-өксігін де әнге қосып, асқақтата шырқап, шер құмардан бір шығатын кездері де жиі болып тұрса керек. Қуанышқа жарлы жас жанының өгейлік көрген осындай тұстарын өмірінің өзегін жарып шыққан осындай өлеңдерімен өрнектей келіп, оны әнмен әлдилеп мауқын басып отырғандығы көрініп тұр. Бірақ осындай жолын кескен қызғаныш-қырсық, қиянаттар ақынның сағын сындырып, еңсесін түсіре қоймаған сияқты. Қайта оны іштей ширықтырып, өршіл өлеңдер жазып, өршелене түсуіне түрткі болған сыңайлы.
Бергенім бар, көп әлі берерім де,
Сондықтан, сүңгимін өз тереңімде.
Менің құтым, қуатым өнерімде,
Кертіп берем жұртыма керегінде.
Пысқырмай, кещщесіне, кереңіне,
Алшаң-алшаң баспай ма ер елінде?!-
деуі соның дәлелі.
Ән демекші, Қажытай ақын жиырмадан астам ән, әлдеқанша соқталы күй жасаған кәнігі сазгер екен. Бұл әндері мен күйлерінің радио мен теледидарда қаншалықты беріліп, насихатталып жатқанын білмеймін, ал осы әндерді зәудіғалам өз аузынан немесе кейбір жеке әншілердің оңаша орындауынан естіп қалсаңыз, қазақтың байтақ-баябан даласының самалы желпіп өткендей, алпыс екі тамырыңызды идіреді. Бүгінгі күні бүкіл сахнаны небір шата-шалық әумәсір әуезсымақтар жаулап алған заманда алабөтен тебіреніспен жазылған әлгіндей айшықты әндердің неге насихатталмайтыны белгісіз. Бұл әндерінде де Қажытай ақын өзінің арман мен өкінішке толы өмірін әсем әуенмен әлдилеп, мұңлы күйлермен көмкеріп кетіп отырған екен. Әрине,“қолыңнан келсе, қоншыңнан бас” дегенді қазақ осындайда айтса керек.
Ақын Қажытай Ілиясұлын былайғы жұрттың барлығы сатирик ақын деп қабылдайтын сияқты. Ал мына таңдамалы екі томдығын қолға алып қарағанымызда, Қажытайдың кәнігі лирик ақын екендігіне көз жеткіздік. Лирикалық өлеңдері, толғаулары,оқиғалы дастандары тек шақпа тілді, бірыңғай сықақшы сатирик қана емес, жыр жолдарын жосылтып әкететін жоталы ақын екендігіне де куә болып отырдық. Сатира жанрындағы қиып түсер қылыш тілді қасиеті өз алдына бір қыры болып, қылпылдап тұрғанын байқайсыз. Қажытайдың ұстазы, профессор Темірбек Қожекеев: “Мен «Сатираның тарихы мен теориясы және жанрлары» деген еңбегімде Қажытайдың «Абайша» деп жазатын пародияларының біреуін үлгі ретінде ұсындым. Өйткені біріншіден, бірде олай, бірде бұлай болып жүрген пародияның іргесін орнықтыруға, мән-мағынасын, уытын тереңдетуге Қажытай қосқан үлес айдан-анық. Оған басқа дәлел іздемей-ақ, «Махамбетше», «Абайша» деп жазатын пародиялар циклін алсақ жеткілікті. Екіншіден, ұлттық сатирамыздың тарихында Қажытайға дейін мысал-баллада, мысал-дастан деген дүние жоқ. Ендеше ол сатириктің жаңалығы, жанрды жаңғыртқаны демей не дейміз?!”, - деп жазған екен. Сатира ұстазының сөзінен Қажытайдың сол жанрда жазып жүрген қатардағы жай сатириктердің бірі ғана емес, қазақ сатирасында бұрын-соңды болмаған жаңа түрлерін тұңғыш өмірге әкелген және оны орнықтырған жасампаз ақын екендігін танып, білеміз. Ақынның таңдамалы шығармаларының екінші томына негізінен сатиралық шығармалары топтастырылған екен. Осы шығармаларын оқысаңыз, қазақ қоғамының бойындағы кінараттар мен кесел-кесапат атаулының барлығына сатира саңлағының сүңгі сөзі түйреп өтпегені жоқ екендігіне көзіңіз жетеді. Ұшықталмаған кесел, аласталмаған ауру жоқ. Жаңағы білгір ғалым айтқан, Қажытай айланымға кіргізген пародияның «Абайша», «Махамбетше» деп аталатын түрлерінің өзі қандауырдай қадалып, тіліп түсетін өткір жанрлар екен. Керенаулық пен кеселдің, оспадарлық пен опасыздықтың ит терісін басына қаптап кететін Абай, Махамбет дәстүріне ойысып, солар салған сара жолға бет бұруы ақынның сөз сүңгісін тіпті де өткірлей түскен екен, оқып көрейік:
Өнерге өлерменнің көзқарасы
( Абайша)
Өлең − соның нан шайы, сөз самасы,
Ұрттап шайқап төгетін ез баласы.
Тілге шөгір, жүрекке кірі тиіп,
Теп-тегіс ығыр болды айналасы.
Бөтен оймен бұлғанса сөз арасы,
Түсінбей тойтыңдайды бейшарасы.
Қоқымнан қолақпандай том жасады,
Жымпиған, жылпыңдаған бір парасы.
........................
«Таңдама», топтамасы, баттамасы,
Өтпегенмен ,
Өтеді тапқан асы.
Тартсаңыз таразыға, танысаңыз
Шіркіннің ап-айқын ғой ақ, қарасы...деп келеді.
Ақын осындай сатира сүңгісін көбінесе әдебиет пен өнердің әрі мен нәрін кетіріп жүрген талантсыз тобырларға тіреп отырған екен:
... Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
“Шумақтарын”көргенде.
Ақындық қиын,
Жетпейді миың-
Деп нәсихат бергенде.
Ұятсыз, арсыз салтынан,
Тағыда жазар артынан,-
дейді. Міне осы өлеңдердің өзінде сөз қадірін кетіріп, әдебиетті кәсіпке айландырып алған жартыкеш, жетесіздерді Абай сарынымен түйреп, күлкімен көзге шұқып отырғанына куә боласыз. Сатирик Қажытайдың бұл тақырыпта жазған өлеңдері аса ауқымды екен. Сатираның барлық жанрында: әзіл-оспақ, сын-сықақ, фельетон, пародия, мысал-баллада, мысал-дастан, әзіл-сықақ әңгімелер дейсіз бе осы жанрлардың барлығына да қалам тербеп, құнын жоймас құнды дүниелер жасаған. Және осы шығармаларының барлығында адам пендесінің кісілік келбетіне көлеңке түсіретін; даңғаза, дарақылықты, тоғышарлық пен тұрпайылықты, тұрлаусыздық пен табансыздықты, бейпіл ауыз-берекесіздікті, етекбасты, енжарлықты, той-думаншыл, еңбексіз еріншектікті, жандайшап, жәреуке, жағымпаздықты, әпербақан әулекілікті, қу мүйіз қылқұрттықты, жегіқұрт жікшілдікті, алаяқ, арсыз арамдықты, әкірең қаққан, әңгүдік әумәсірлікті, кері кеткен керанаулықты, кердең қаққан кекірлікті, қөзбояушы, екіжүзді сатқындықты қарадүрсін надандықты осы тектес толып жатқан рухани бейшаралықты, жан дүниедегі жабайы, жабылықты көк семсердің жүзіндей өткір өлеңдерімен өлтіріп түсіріп отырған. Бұның ішінде қазақ сатирасында бұрын болмаған, мысал-баллада, мысал-дастан сияқты жаңа түрлеріне тыңнан түрен түсіріп, олардың тұғырға отырып, тиянақ табуына үлкен үлес қосқан қаламгер.
Көкейде көлдей көлкіп тұнық жырым,
Өтіпті-ау, арпалыспен қырық жылым!-
деп қырық жасқа келгенде ақын өз өмірін әнге қосса, одан бері де ширек ғасырдан астам уақыт тағыда сол алақұйын арпалыспен өмір өткізіп, жетпіс дейтін жетелі биікке де, жер таянбай жеткен екен.
Ақын Қажытай Ілияс ұлының жалпы ақындық болмысына да, адамдық болмысына да зер сала қарасаңыз, оның күлбілте, күйкі пендешілдіктерден биік тұрған кіршіксіз, таза кісілік келбетін көресіз. Жазған шығармалары да көркемдік бітімі жағынан өлең өлкесіне(сатиралық поэзияға) өзіндік өзгеше өрнектер әкелген, өмірдің ақиқат ағысынан жаралған өткір де, өміршең туындылар. Ақын Абайдың айтқан: “Досыңа достық-қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол” дейтін аталы сөзді өмірі мен өнеріне арқау етіп өмір кешкен сияқты. Сөзіміздің соңында, адалдықтың ақ туын көтеріп, ақиық өнерді ардақтап өткен, ақберен ақындық өміріңізге алланың ақ нұры жауа берсін демекшіміз!
Әрмиябек Сағындықұлы, сыншы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі
Пікір қалдыру