БЕЙЖІҢ БАЙҚАСТАЙТЫН МӘСЕЛЕ

/uploads/thumbnail/20170708170915553_small.jpg
Қытайтану – бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен қанат жайып, тез өсіп келе жатқан елтану ғылымы. Алайда, аталған ғылымның көкейкестілігін, мақсаты мен міндеттерін әр ел синологтары өзінше сипаттайды. Ол, әрине, заңды да. Себебі, бұл мәселені әрбір мемлекет өзінің саяси-әлеуметтік әлеуеті мен мүмкіндігі және содан туындайтын өз мүддесі тұрғысынан қарастырады. Ал қазақстандық қытайтану ғылымының көкейкестілігі, мақсаты мен міндеттері де тек өз еліміздің мүддесі мен әлеуетін басшылыққа алуға тиіс. Олай болса, қазақстандық қытайтану ғылымының көкейкестілігі қандай? мақсаты мен міндеттері не? Аталған ғылымның біздің елдегі бүгінгі жай-күйі нешік? – деген сұрақтарға жауап алу үшін Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі, доктор, профессор, қытайтанушы-ғалым, филолог-аудармашы, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫН әңгімеге тартқан болатынбыз. 

– Дүкен Мәсімханұлы, қытайтану біз үшін әрі таныс әрі бейтаныс ғылым са­ласы. Қазақстандағы қытайтану ғы­лымы сөз бола қалса, санаулы мамандарды ғана айта аламыз. Солардың қа­­тарында сіздің де атыңыз аталады.Әйт­се, Сіз осы қытайтану ғылымына қа­лай келдіңіз? Қазақстандағы аталған ғылымның қалыптасуы мен дамуы үшін қандай жұмыстар жасадыңыз? – Тарихи Отанға қоныс аударғаннан бе­рі қарайғы ширек ғасырға таяу уақыттан бері табан аудармай Қазақстанның же­тек­ші жоғары оқу орындарында жас, тәуелсіз елі­міз үшін қытайтанушы мамандар дайын­дау ісімен айналысып келе жатырмын. Бү­гінде өзімді бұл салада өзіндік мектебі қа­лыптасқан ұстазбын деп толық сеніммен ай­та аламын. Қысқасы, менің қытайтануға кел­уім – тікелей Қазақ елінің осы сала ма­­мандарына деген мұқтаждығынан туын­да­ды. Тағы бір жағынан, Қазақстанда ЖОО ұстаздарының ғылыми-зерттеумен айналысуы ерекше талап етіледі. Осы талап тұрғысынан, сондай-ақ, қазақстандық жал­­пы оқырман іргеміздегі алып көрші­мізді жүйелірек, тереңірек біле түссе екен деген ой­мен қытайдың тілі мен әдебиетіне, мә­де­ниетіне қатысты көптеген ғылыми және та­нымдық еңбектер жазып, жария­ладық. Атап айтқанда, әр жылдары «Жыр-Жебе», «Сарап», «Сөз-Желкен», «Мұхтар Әуезов жә­не Лу Шүн», «Қазақ және қытай әде­биет­тері: дәстүр және жаңашылдық», «Еу­ра­зия­лық өркениет: ежелгі түркі және қытай ха­лықтарының рухани қарым-қатынасы», «Қы­тай туралы қырық сөз» деп аталатын мо­нографиялар мен зерттеулер жинағы жа­рық көрді. Бұдан тыс, бұрындары қытай тілі мен әде­биеті, жалпы қытайтану мамандығы бойын­ша қазақ тілінде бірде-бір оқулық не­месе оқу құралының жоқтығы осы сала­дағы ұстаздар мен шәкірттерге ерекше қолбайлау болып келгені белгілі. Сонымен, бар шаруаны ысырып қойып, кей жылдарымызды тұтастай оқулықтар жазу­ға арнадық. Кейде басқа бір халықты сенің айт­қа­ныңмен емес, сол елдің ақын-жазу­шы­сы­ның, қаламгерлерінің шығармалары ар­қылы танып-білгеннің әсері, өнімі тіптен жақ­сы болады. Осындай мақсатпен біз қы­тай ақын-жазушыларының шығар­ма­ла­рын, тарихи-танымдық дүниелерін ау­даруға да көбірек көңіл бөліп, уақыт ажыратып отырдық. Сондай мақсатпен қолға алынған ау­дарма саласы бойынша бүгінде қытай­дың Лу Шүн бастаған классик жазушылары бар көптеген қытай ақын-жазу­шыларының шығармалары біздің аудармамызбен жа­рық көріп отырды. Тәуе­лсіз­дік­тен кейін Пре­­зидент Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бас­та­масымен «Мәдени мұра» деп аталатын мемлекеттік жоба қолға алынып, жүзеге аса бастады. Сол жобаның бір тармағы «Әлем әдебиеті кітапханасы» деген сериямен дүниежүзі халықтарының 100 классик жазушысын түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне аударып шығару болатын. Сол 100 жазушының бірі болып Қытайдың ұлы жазу­шысы Лу Шүн аталған жобаға кірген екен. Лу Шүнді аудару міндеті маған жүктелді. 2009 жылы «Аударма» баспасынан жазушының 30 баспа табақ көлеміндегі «Лу Шүн. Повесть және әңгімелер» деп аталатын акаде­мия­лық жинағы жарыққа шықты. Соңғы кезде Нобель сыйлығының иегері, жазушы Мо Янның повестері мен әңгімелерінен тұра­тын бір томдық таң­да­ма­лысын аударып жатырмыз. Қорытып айт­қанда, қытай әдебие­тінің қазақ елінде ау­дарылуы мен таныстырылуы көңіл көн­шіт­пейді. Санасын еуроцентристік таным мен талғам жаулап алған елде, шығыс ел­деріне, олардың әдебиеті мен өнеріне деген ықыластың бұдан басқаша болуы да мүм­кін емес. Әйтпесе, адамзатқа Ли бай, Ду Фулардай ақынды, Лу Шүндей ұлы жазу­шыны берген әдебиеттің, екі бірдей қа­ламгері Нобел сыйлығының иегері атанып отыр­ған әдебиеттің анау айтқандай сон­ша­лық сорлы болуы мүмкін емес қой. – Еліміздегі қытайтану ғылымының негізі қашан қаланды? Оның басында кім­дер тұр? – Жалпы, қазақ халқы, оның тікелей ата-бабасы болып есептелетін ежелгі түркі тайпалары мен хань жұрты жер жаралып, су аққалы бері Азияның шығысы мен ор­та­лығында қатар қонып, бірге жасап келе жа­тыр. Екі халық сонау бағзы замандарда-ақ бір-бірінің елдік әлеуетіне, салт-са­на­сына, тұрмыс-тіршілігіне өзара ден қойып, на­зар аударып отырған. Ежелгі қытай жаз­баларындағы біздің тарихымызға қатысты де­ректер соның жарқын мысалы. Ал біздің бағ­зыдағы ата-бабаларымыздың тіршілік қалпы, өмір салты, тарихи жағдаяттар он­дай деректерді хаттап-шоттап жинап отыру­ға мүмкіндік берген жоқ. Алайда, осы көрші екі халық Шыңғыс хан жо­рықтарынан кейін бір-бірімен тікелей қарым-қатынас жасау мүмкіндігінен айырылып қалды. Одан бергі тарих белгілі ғой, бізде Алтын орда, одан кейін Қазақ хан­дығы, одан кейін Патшалық Ресей және КСРО отаршылдығы... Ал Аспанасты елінде Құбылай негізін қалаған Юань патшалығы (1271-1368 ж.ж.), одан кейін Миң динас­тиясы (1368-1644 ж.ж.), сосын Манжур хал­­қы үстемдік еткен Чиң (Орыс дерек­көз­дерінде Цинь) патшалығы (1644-1912 ж.ж.) өмір сүрді. Біздің Абылай ханның Елші жіберіп сөйлесіп жүргені этникалық қытай патшалары емес, Манжур билеушілері болатын. Демек, Қараханидтер патшалығы тұсынан бастап, КСРО ыдырап, тәуелсізді­гіміз қайыра қолға тигенге дейін этникалық қытайлармен бір үстел басында қатар оты­рып, тең дәрежеде пікір алмасудың мүм­кіндігі болған емес. Иә, арада патшалық Ресей кезінде ғұ­лa­ма ғалым Шоқан Уәлихановтың Мәс­кеу­дің тапсырмасымен Қытай елінде, нақ­тырақ айтқанда, тарихи Шығыс Түркістан өлкесінде болып қайтқаны белгілі. Оның сонау 1856 жылғы Қытай сапарынан жазылған «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» деп аталатын саяхат күнделігі қазақ топырағындағы қытайтану ғылымының ең алғашқы ғылыми үлгісі деп айтуымызға әбден болады. Себебі, ғалымның бұл еңбегі жай-әншейін жолсапар естелігі ғана емес, қытайдың дәстүрлі тұрмыс-салтына жасалған тамаша этнографиялық сипаттама екендігі арғы-бергі, алыс-жақынның бәрі мойын­даған ақиқат. Өкінішке орай, Ш.Уәлиха­нов­тан сәтті басталған «қытайтану» ғылымы Қазақ даласында әрі қарай өз жалғасын таба алған жоқ. Ал Кеңес Одағы тұсында қытайтану мамандығына кімді оқыту туралы мәселені Мәскеу өзі шешіп отырған­дық­тан, біздің елімізден ол мамандық бойын­ша саусақпен санарлық қана мамандар дайындалды. Олардың ішінде күні бүгінге дейін осы салада тұрақты тер төгіп, айнымай айналысып келе жатқан, қы­тайдың тілін де жақсы меңгерген ғалым­дар­дан К.Ш.Хафизова, М.М.Әуезов, Қ.К.Тоқаев, А.Ш.Қадырбаев, т.с.с. тұлғалар­ды айтуға болады. Жалпы, таза қазақ­стан­дық қытайтану ғылымы арнайы ғылым ре­тінде, жүйелі түрде тек тәуелсіздіктен кейін ғана қалыптаса бастады. – Қытайтану ғылым ретінде біздің елімізде жаңа қалыптасып келе жат­қа­нымен, өркениетті елдерде оның әл­денеше ғасырлық тарихы бар, қатеп­ті елтану ғылымы екенін жақсы білеміз. Әлем елдеріндегі аталған ғылымның қазіргі хал-ахуалы қалай? – Қытайтану ғылымы біздің елде әлі де болса, «қажет пе, қажет емес пе?» – деген рәуіш­тегі сауатсыз талқының дүбара те­зіне түсіп жатқанымен, өркениетті елдерде ол кәдімгі 3-4 ғасырлық тарихқа ие дербес пән. Тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген, қы­тайтану ғылымын биік белестерге кө­теріп кеткен әлемдік әйдік синологтардан белгиялық Фердинанд Вэрбэст пен Филипп Коуплетті, полшалық Мищель Боумды, гер­маниялық Джон Адам Скуль, Отто Франк, Ричарт Вильгелм, Вильгелм Грубэ және Волфганг Бовэр­ді, ресейлік А.Л.Леонтев, В.П.Васильев, И.К.Разсохин, К.А.Скачков, Н.Я.Бичурин, Б.Л.Ривтин, В.Ф.Сорокин, Н.Т.Федоренко, М.Л.Титаренко, С.Л.Тих­­­винскийлерді, фран­циялық Д.Гольман, Э.Чаваннэст, М.Гранет, П.Пэллиот, Я.Прущектерді, америкалық П.Ханан, П.А.Кохэн, С.У.Виллиям, С.Аллан қатарлы ғалымдарды атап айтуымызға болады. Ал бұлардан өзге, ұлыбритания­лық, жа­по­ниялық, чехиялық, швейцариялық, ко­рея­­лық, испаниялық, италиялық сино­лог­тар­дың есімдері мен олардың еңбек­терін тізбе­леп жатқаннан гөрі, этникалық қытай ға­лым­­­дарының өзі көп жағдайда осы елдер­дегі синологтардың пікірлерімен үнемі санасып отыратынын айтсақ та жеткілікті. Демек, өркениетті елдерде қытайтану ғылымы баяғы замандардан бері-ақ өркен жай­ғанын аңғару қиын емес. Бір қызығы, синология ғылымы ерекше өркен жайған елдермен ресми Бейжіңнің өзі байқап-байқап сөйлеседі. Америкалық шығыстанушы-ғалым Г.Р.Бойдтың: «Қытайтану бүгінгі адамзат тап болып отырған ең өзекті рухани және әлеуметтік мәселе. Сондай-ақ, бұл мәселе күн өткен сайын күрделене түспек», – деген пікірімен толық келісуге болады. – Қазақстандағы қытайтану ғы­лы­мын бүгінде ғылым ретінде қа­лыптасу ке­зеңіне аяқ басты деуге болатын се­кілді. Осы ширек ғасырға таяу уақыттан бе­рі қытайтану ғылымы елге не берді деп ойлайсыз? – Қайда, қашан болмасын, ғылым, бі­лім саласының дамуы мен жетістігі тұтас ел­дегі индустриядан, әлеуметтік дамудан, қо­ғамдағы прогрестен, адамдар ой-са­насының жаңғыруынан, азаматтардың құ­н­дылық көзқарастары мен таным-түс­і­ніктерінен байқалады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан тұрғындарының басым көпшілігі қытай туралы мынадай екі түрлі ұшқары көз­қараста болды. Оның бірі, Кеңес Ода­ғы­нан қалған «Қытайыңыз – бақа-шаян» деп үйренген империялық өктем психология. Енді бірі, арғы ата-бабаларымыздан қалған «Ақыр заман болғанда жердің бетін қа­ра қытай қаптайды», – дейтін дәрменсіз та­ным. Айтып-айтпай, бұл екі түрлі көз­қа­растың екеуі де ақиқаттан тым алыс жат­қан, өте сыңаржақ, ұшқары таным болатын. Көп ұзамай екі елдің халқы да, билігі де бір-біріне ғылыми тұрғыдан үңіле бастады, бір-бірін зерттей, зерделей бастады. Сондай ғылыми түсініктің нәтижесінде екі ел арасында өзара сыйластық орнады, ба­рыс-келіс жиіледі. Бүгінде Қазақстан мен Қытай елдері шекараларын бейбіт жағдайда шегендеп алған тату көрші, дос ел, сенімді әріптес. Екі елдің қарым-қа­тынасы барлық салада қанатын кеңге жайып келеді. Демек, осының бәрін елі­міз­де тәуелсіздіктен кейін қарқын ала түскен қытайтану ғылымының жеміс-жеңісінен, қытайтанушы жас мамандардың екі ел арасындағы дипломатиялық қыз­метке, еліміздің билік бұтақтарына көптеп тартылуынан бөле қарауға болмайды. Әрине, екі ел қарым-қатынасының ақаусыз дамуында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың атқарған ролі мен сындарлы саясатын, қытайтанушы-ғалымдар, әйдік дипломаттар, көрнекті мемлекет қайраткерлері Қ.К.Тоқаев пен Қ.С.Сұлтановтың еңбектерін де бөле-жара атап айтуға тиіспіз. – Менің түсінігімде, қытайтану ғы­лы­мы дегеніміз – Қытай елінің салт-дәс­түрі, тарихы мен мәдениеті, тілі мен әде­биеті, діні мен философиясы, ішкі-сырт­қы саясаты, экономикасы, т.б. тура­лы ғылымдардың жиынтығы болу керек. Осы реттен келгенде Қазақ елі үшін қытайтану ғылымының нақты қай саласына көбірек басымдық берген дұрыс? – Қазақстандық қытайтану ғылымы жо­ғарыда айтқанымдай, тәуелсіздік жылдарында өзінің қалыптасу кезеңін бастан өткеріп жатқанымен, ішінара жоғары оқу орындарында санаулы қытайтанушы мамандар және қытай тілінің мамандары дайындалып жатқаны болмаса, оны ғылым ретінде дамытуға ресми Қазақ өкіметі та­рапынан лайықты мән берілген де, бә­лендей қаржы бөлінген де емес. Яғни бұл салада атқарылып жатқан шаруалардың, тындырылып жатқан жұмыстардың бәрі дерлік тұтастай, ғалымдардың жеке бел­сенділігі арқасында жүзеге асып жатыр. Іргелес Ресейде қытайтану ғылымының бері болғанда екі ғасырлық тарихы бар. Тіпті, Кеңес Одағы ыдырап, Ресей федерациясы қайта жасақталып жатқан қиын кездің өзінде де ресми Мәскеу елдегі бірнеше қытайтану орталығын қаржы­ландырып отырды. Ол елде қазір қытайтану ғылымының ерекше дамығаны соншалық, өзің айтып отырған Қытай елінің салт-дәстүрі, тарихы мен мәдениеті, тілі мен әдебиеті, діні мен философиясы, ішкі-сырт­қы саясаты, экономикасы дегендерді былай қойып, қытайдың белгілі бір тарихи ке­зеңдерін, тарихи тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын, жекелеген ақын-жазушыларын, қытай мәдениеті мен өне­рінің өте жіңішке салаларын зерттейтін ға­лымдардың шоғыры бар әрі солардың бәрін мемлекет қаржыландырып отыр. Ал біздегі жағдайға келетін болсақ, қытай­танудың қай саласы кімнің оң жамбасына келеді, сонымен ғана айналысып жатқан «қошан тірлік» қана. Егер біздің өкімет Ре­сей­дегідей бірнеше ғылыми-зерттеу орта­лықтарын құрып, қаржыны үйіп-төгіп бер­месе де, жеткілікті қолдау көрсетіп жат­са, сол кезде «алдымен қытайтанудың мы­на саласын көтеріп алайық» деп айтуға бо­лар еді... – Біздің санамыздың еуроцентристік тұманнан айығуына әлі де біраз жылдар керек секілді ғой... Отандық қытайтану ғылымының алдында қандай міндеттер тұр деп ойлайсыз? Сол міндеттерді жүзеге асыру үшін не істеуіміз керек? – Қытайтанушы ғалым-кадрлар шоғыр­лан­ған жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің жанынан арнайы қытайтану институттары мен ғылыми орта­лықтарын ашып, мемлекет арнайы қар­жыландырып отырса, құба-құп болар еді. Сол ғылыми орталықтар арқылы біз Қы­тайдың тарихы мен мәдениетіне қатысты салт-дәстүріне, тілі мен әдебиетіне, діні мен діліне қатысты зерттеулерді терең­детумен бірге, ең бастысы, қытайдың ішкі-сыртқы саясатының даму беталысын күн­делікті таразылап, бақылап отыруымыз ке­рек. Мәселен, ресми Бейжіңнің АҚШ, Ре­сей, Жапония, Үндістан секілді алпауыт­тар­мен қарым-қатынасы қалай беттеп барады? Болашақта Тайвань мәселесі неге апа­рып соғуы мүмкін? Қытайдың Орта Азия елдерімен, Ислам әлемімен, жал­пы Түркі әлемімен болған қарым-қаты­насында қандай нақты мақсат-мүдде бар? Қазіргі қытай билігінің ішкі ахуалы қандай? Қытай ком­мунистік партиясының болашағы қан­дай болады? Егер Қытай компартиясы тақ­тан тайған жағдайда ел ішіне қалай әсері болуы мүмкін? Қазіргі қытай билі­гіндегі топтар мен жіктердің қайшылығы түптің түбінде неге әкеліп соғуы мүмкін? Қытай үкіметінің аз ұлттарға ұстанған саясаты қалай өрістеп барады? Ұлттық авто­но­миялық өңірлердегі ұлт­ара­лық жағ­дайдың беталысы қандай? Тибет, Ұйғыр мәселесін көтеріп жүрген Далай Лама мен Рәбия Қа­дыр бастаған шетелдегі ұлтшыл күш­тер­дің жоспары, мүмкіндіктері қандай? Қытай елінде алда-жалда егер ішкі тол­қулар болса, ол біздің еліміздің саяси-әлеу­­меттік, экономикалық жағда­йына қалай әсер етуі мүмкін? Қытай еліндегі 1,5 миллионнан ас­там этникалық қазақтардың әлеуметтік хал-ахуалы не күйде? Транс­шекаралық өзен­дер мәселе­сіне ресми Бейжің қандай по­зиция ұстанып отыр? т.с.с. толып жатқан мәселелер бір адам, екі адам айналысатын шаруа емес. Сондай-ақ, аталған мә­селелерге 1700 шақырымдық ортақ шекарасы бар, іргелес жатқан жас мемлекет ретінде біз қалай бей-жай қарап отыра аламыз?! Демек, қытайтану ғылы­мының еліміздің болашағы мен тәуел­сіз­дігіміздің тағдыры үшін атқарар жүгі әсте анау айт­қандай жеңіл емес. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Сержан Тоқтасын

"Қазақ әдебиеті"

Қатысты Мақалалар