Кеше Ақтөбеде Қобда тас жолында көлік қағып қайтыс болған тоғызыншы сынып оқушысын жерледі деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Timeskz.kz сайтының дерегіне сүйеніп.
24 наурызда үш сыныптас бассейнге барады. Ақтөбе қаласының Оңтүстік батысында тұратын бозбалалар №10 орта мектептің 9-сыныбында оқиды. Бассейннен үйлеріне кешкі 20:00-де қайтады.
Балалар жаяу жүргіншілер жолымен өтіп бара жатқанда екі баланы көлік қағып кетеді. Ал бірі өтіп үлгерген. Нұржан Жазықов оқиға орнында мерт болып, екінші бала жансақтау бөліміне жеткізілген.
№10 орта мектеп белсенді оқшының қазасына қайғырып отыр.
«Біз мектептің ең үздік оқушысынан айырылдық. Нұржан белсенді еді. Совет Одағының батыры Қожабай Жазықовтың ұрпағы. Ал реанимацияда жатқан оқушымыз үшін бәріміз дұға жасап жүрміз, ауруханаға екінші мәрте барып келдік», - деді мектеп директоры.
Полиция департаменті кәмелетке толмаған баланың қайтыс болғанын растады.
«24 наурызда Қобда жолында "Опель-Вектра" автокөлігінің жүргізушісі Едіге батыр даңғылымен қозғалып келе жатып, реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолында кәмелетке толмаған екі жасөспірімді қағып кетті. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір бала оқиға болған жерде қайтыс болды, екіншісі облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді. Сот-медициналық және автотехникалық сараптамалар тағайындалды. 20 жастағы көлік жүргізушісі медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес сау болған. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соталды тергеу басталды», - делінген департамент таратқан ақпаратта.
Полиция дерегіне сүйенсек, жыл басталғалы облыста балалардың қатысуымен 30 жол апаты болды, 27 бала түрлі жарақат алды.
Ұсынған: Гүлім Жақан
Пікір қалдыру