Бангладеш тұрғыны бір айда екі рет босанып, үш баланың анасы атанды

/uploads/thumbnail/20190329091824926_small.jpg

Бангладеште жас босанған әйел бір айдан соң тағы бір ұл мен қызды аман-есен өмірге әкелді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Mirror сайтына сілтеме жасап. 

Бангладеште тұратын жас отбасы – 20 жастағы Арифа Султана мен күйеуі Сумон Бисуоз 25 ақпан айында алғаш рет балалы болып, ата-ана атанады. Жас ана балалы болудың қызығына енді үйренісе бастағанда, 26 наурыз күні тағы да перзентханаға түседі.

Сөйтіп, келіншек көп ұзамай тағы да екі бөпені дүниеге алып келеді. "Бір ай кешігіп дүниеге келген ұл мен қыздың денсаулығы өте жақсы",- дейді Арифаның дәрігерлері.

Медицина қызметкерлерінің айтуына қарағанда, Арифаның екі жатыры бар екен. Сол себепті бірінші баласын босанғаннан кейін тағы да егіздерге аяғы ауыр екенін білмеген. Бұл табиғатта өте сирек кездесетін құбылыс дейді мамандар. Бірінші баласын туғаннан кейін 26 күнде тағы да суы кетіп, перзентханаға жеткізіліпті.

Тұрмыс деңгейі орташа жас жұбайлар жарық дүние есігін енді ашқан сәбилерін өсіруге шамамыз жетер ме екен деп уайымдайды. Дегенмен, отағасы үш баласын да ешкімнен кем қылмаймын деп өзіне серт беріп отыр.

"Алланың берген сыйы шығар, сәбилерімнің бәрі дені сау болып туды. Оларды бақытты ету үшін барымды саламын", - деді үш баланың әкесі Сумон.

Ұсынған: Мақпал Сембай

Қатысты Мақалалар