Жоғалып кеткен ДАИШ көшбасшысы нені мойындады?

/uploads/thumbnail/20190502102353697_small.jpg

Желіде ДАИШ-тың  соңғы бес жылдықта көрінбей кеткен көшбасшысы Әбу Бакр аль-Бағдадидің видеосы пайда болды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.  Бұл туралы Twitter желісінде жиһадшылардың жазбаларын қадағалап отыратын SITE Intelligence Group ұйымы хабарлады.

SITE Intelligence Group директоры Рита Кацтың айтуынша, бұл 2014 жылдың шілде айынан бастап ДАИШ-тың әл-Бағдади бар кадрларды алғаш жариялауы.  Соңғы рет террористік топ көшбасшысы  «Ислам мемлекеті» өзін бүкіләлемдік халифат ретінде жариялағанда ирактық Мосулдағы уағыз кезінде ел көзіне түскен болатын.

Сирияда жеңіліске ұшыраған ДАИШ өкілдері Шри-Ланкадағы жарылысты өш алудың бастамасы деп мәлімдеп, енді әлемнің түкпір-түкпірінде осындай террорлық актілер болуы мүмкін екенін алға тартқан еді. Осыған орай "Қазақстан үшін қандай қауіп бар?" деген сұрақ төңірегінде дінтанушы Асылбек Снадиннен пікір сұраған едік.

«Видеоүндеуде Абу бакр әл-Бағдади ДАИШ- тың Бағуз қалашығы маңында жеңіліс тапқанын мойындай отыра, террористердің әлі де «халифат» үшін күрестетін анық айтады. Жақында ғана Шри Ланкадағы болған террорлық актілерді «Бағуз» үшін жауап екендігін де атап өтеді.
Жалпы бүгіндері әлемдік қауымдастық ДАИШ террористік ұйымының Сирия жерінде түбегейлі жеңіліс тапқанын айтып жатыр. Дегенмен бұл террористік қозғалыстың көсемі Абу бакр әл-Бағдадидің тірі және жихадшылдық идеяға әлі де қызмет етуге дайын екендігін көру, бұл деструктивті қозғалыстың әлем үшін әлі де үлкен қауіп екендігін айғақтайды.

Мәселен, кешегі Шри-Ланка мен Ауғанстанның Кабул қаласындағы, кешегі Жаңа Зеландия аймақтарындағы террорлық актілердің табиғатына зер салатын болсақ, барлығының «ұйқыдағы ұяшықтар» арқылы, яғни, жасырын желілердің көмегімен жүзеге асырылғандығын байқаймыз. Бұл дегеніміз, «жасырын» ұяшықтардың әлі де өзектілігін білдіреді.

Біздің елімізде мұндай «жасырын» желілердің барлығы залалсыздандырылғанын ескерсек, алдағы уақытта мұндай «жихадшылдық романтикаға» берілген ұяшықтардың белсенділігінің болуы техникалық мүмкін емес деп айтуға болады»,-дейді ол.

Асылбектің айтуынша, видео Сирияның шығысы, Ирактың батысында түсірілген.

«Дәл қазір әлемдегі көптеген сарапшы мамандар Абу бакр әл-Бағдадидің кешегі жасаған видеоүндеуін қызу талқылауда. Алайда, бір маңызды детальдарға назар аударып кетсек, видео жасалған географиялық локация Сирияның шығысы, Ирактың батысында деп қорытынды жасауға болады.
Оған себеп:

Біріншіден, видеодағы адамдардың бастарындағы «куфияның» оралу әдісі Сирияның шығысы мен Ирактың батысындағы халыққа тән, әдетте террористік ұйымдардың содырлары қарапайым халықпен сіңісіп жасырын жүру үшін жергілікті жердің киім кию үлгілерін өздеріне алып жатады.
Екіншіден, аталған видеодағы орын алған жастықтағы өрнектер Ирактың батысында кеңінен таралаған ою болып саналады. Кей ақпарат көздеріне сенсек, мұндай жастықтар жасалатын маталар 2013 жылдардан Алеппоның тоқыма фабрикаларында дайындалған.

Үшіншіден, видеода Абу бакр әл-Бағдадидің жылы киінгенін көреміз. Ал видео-үндеудің дайындалған уақытын ескеретін болсақ, дәл осы күндері Ирактың Синжар және Тель-Афар қалаларының аумағында салқын ауа-райы болған.

Қызық жайттардың бірі ретінде осы видеода сараптауға септігі тиюі мүмкін делінген бөлме ішіндегі детальдардың біразы матамен жасырылған. Яғни бұл дегеніңіз, содырлардың арнайы дайындалғандығын көрсетеді. Сонда да сараптауға болатын деталінің өзі ДАИШ-тың көсемінің нақты қайда жүргендігін анықтап бермесе де, белгілі бір деңгейде болжауға болатынын анықтап отыр»,-деп қорытындылады ол.

 Айжан Қалиева

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар