Туризм әлеуетін дамыту - міндет

/image/2019/06/10/img_7326.jpg

«Маңғыстау - ашық аспан астындағы мұражай» деген атауға ие. Сондықтан да бұл өлкенің туристік әлеуеті жоғары. Табиғат ана Каспий теңізі мен шөлейтті аймақты қатар тоғыстырып, сан ғасырлық тарихы бар жәдігерлер мен қайталанбас нысандарды барынша мол шоғырландырған. Ендеше мұндай ғажап жерлерге туризмді дамытуға не кедергі? Саяхатшыларды өлкеге көптеп тарту үшін қандай жобалар жүзеге асуы керек? Бұл туралы Ақтаудағы өңірлік кәсіпкерлер палатасында ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде мәлім болды.Мангыстау

Шарада сөз алған «Kazakh Turism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Өркен Бисақаев: «Маңғыстау- Қазақстанның туристік аймағы саналатын үздік ондыққа енді. Ақтау қаласы мен Құрық паром кешені аралығын қамтитын аумақтағы туризмді дамытуға республикалық бюджеттен 18 млрд тг бөлінді. Жағажай демалысын дамыту басты назарда. Оған осындағы инфрақұрылым жасақталып, Ақтау мен «Алау» лагері жолдары жөнделетін болады»,- дейді.

Ал, ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың айтуынша, Маңғыстау туризмін дамыту үшін алдымен туристерді күтіп алу талаптарын жетілдіру керек. Әуежай мен теміржол вокзалының дайындығы қандай? Көлік жолдарынан Ақтау-Атырау тас жолының сапасы жоғары екенін көрдік. Ал, жолдарда туристерге сервистік қызмет көрсету деңгейін лайық деп айта алмаймыз. Саяхатшыларды қарапайым шайханамен емес, қызықты, тың жобалармен тартуды ойластыру керек. «Жобалау офисі» жобасы осы жайттарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстелде туристік айтақтарға халықты тарту үшін ішкі әуе қатынастарын оңтайландыру ұсынылды. Мектеп демалысы маусымында балалар билеттерін субсидиялау, бір ересек адамға екі баланы тегін алып жүру жағдайын қарастыру турасында пікір айтылды. Сонда отбасы бюджеті 30 пайызға үнемделіп, халық шетелге емес, отандық туристік жерлерге ынта білдіреді екен. Тур полиция қызметін құру, авто керуен, медициналық туризм, балалар туризмі т.б дамыту уақыт еншісінде. Мұның бәрі Қазақстанды туристік тартымдылығы бар 50 елдің қатарына қосу міндетін жүзеге асыруға көмектеспек.Мангыстау

Ашық диалогқа кәсіпкерлер де қатысты. Ақтау халықаралық әуежайының  директоры  Ерғазы Жолдасов: «Иран мен Түркіменстан сияқты көршілес елдерге рейс аша алмай отырмыз. Ниет білдірген компанияларға рұқсат бюерілмеді. Көрші Әзірбайжанда бұл мәселе жоқ. Ирандық туристер Бакуде визасыз жүр. Бакуге туристер ағылады. Қосымша рейстер ұйымдастырып жатамыз. Бізге неге сондай жағдай жасамасқа? Туристерді тіркеу әуежай ғимаратында болуы керек, олар көп уақытын құжаттармен әуре-сарсаңға жұмсамауы тиіс. Ішкі рейстерді субсидиялау жеделдетіп қолға алынса.Жаз мезгілінде Атыраудан күніне 4 рейс жасалады. Осындай сұраныс еліміздің барлық аймағынан, жақын шетелдерден де түсеріне сенім мол», деді.

Басқосуда айтылған барлық ұсыныстар «Атамекен» ҰКП басшылығымен талқыланып, Үкіметке жолданатын болады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар