Осы мәселе бойынша кәсіпкерлерді ақпараттандыру мақсатында индустриялық сертификатты қолдану шарттары мен механизмдері туралы Маңғыстау облысы кәсіпкерлер Палатасында басқосу өтті.
Индустриялық сертификат- отандық тауар өндірушілердің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізілімінде өтініш берушінің болуын растайтын құжат.
Өтініш берушіні тізілімге ену кезінде негізгі құжаттардың бірі осы болып саналады. Тауар өндірушінің тізілімде болу мерзімі жыл сайынғы жаңартды ескере отырып, ұзарту құқығымен қоса есептегенде үш жылды құрайды.
Атап өтейік, Төралқаның 2018 жылғы 28 желтоқсандағы №28 шешімімен отандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілер тізілімін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ индустриялық сертификаттар беру қағидалары бекітілді.
Кәсіпкерлермен кездесу барысында ӨКП директорының орынбасары Нұрлыбек Жарылғапов: "Индустриялық сертификат иелері оны алдын ала біліктілік іріктеуінен өту кезінде қолдана алады және жалпы балл сомасының 20% қосымша алады. Бұдан басқа, индустриялық сертификат мемлекеттік сатып алуға қатысуға, отандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді шетелде көрсету бойынша шығындарды өтеуге рұқсат береді. Отандық тауар өндірушілер, жұмыс және қызмет өндірушілер тізіліміне кіру үшін кәсіпкер ЭЦК көмегімен «doc24.kz» сайтта тіркелуі қажет",– дейді.
1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алу ережелеріне өзгерістер енгізіледі, оған сәйкес "қарапайым заттар экономикасы" тауарларды сатып алуға білікті жеткізушілер тізіліміне енгізілген өндірушілер ғана қатыса алады. Оның үстіне, бірінші кезекте жаңа енгізілімдер Жиһаз және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына әсер етеді.
Индустриялық сертификатты қолдану шарттары мен тетіктері туралы сертификаттау жөніндегі маман Асхат Ысқақов егжей-тегжейлі айтып берді: "Сертификатты алу рәсімі екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші- салалық сарапшы өндірістің жай-күйін көзбен көріп, талдау жүргізеді. Жергілікті жерде өндірістің нақты жағдайын кәсіпорынның ұсынылған құжаттарымен салыстырып тексереді. Екінші кезең - өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтініш беру. Бұл кезеңде біз өндірісті тексеріп, құжаттаманы тексереміз. Қажет болған жағдайда құжаттар пысықтауға жіберіледі, не индустриялық сертификат беру туралы шешім қабылданады", - дейді ол.
Пікір қалдыру