Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің кенже қызы Шахноза Мирзиёева республиканың білім министрлігінің мектепке дейінгі білім беру саласында саясат қалыптасыру және жүргізу бас басқармасының басшысы болып тағайындалды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Өзбекстан сайтына сілтеме жасап.
2017 жылдың желтоқсанынан бастап бүгінге дейін Шахноза Мирзиёева мектепалды мекемелердің жұмысын ұйымдастыру және стратегиялық даму бас басқармасының басшысы Елена Теннің орынбасары болып қызмет еткен еді. Кейін бұл ведомство мектепалды білім беру ұйымдарының жұмысын үйлестіру, талдау және стратегиялық даму басқармасы болып қайта құрылды.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биыл сәуір айында Шавкат Мирзиёевтің үлкен қызы да басшылық қызметке келді. Дәлірек айтқанда, Саида Мирзиёева ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі директорының орынбасары болып тағайындалды. Ол Өзбекстанның шетелдегі жағымды бейнесін қалыптастыру бойынша мәселелерді басқарады.
Пікір қалдыру