Сенбі, 10 тамызда Мәскеу, Санкт-Петербург, Дондағы Ростов, Брянск қалаларындағы әділ сайлауды талап еткен акция кезінде жалпы саны 325 адам ұсталған. "ОВД-Инфо" құқық қорғау порталының дерегінше, Мәскеуде – 229, Петербургте – 81, Дондағы Ростовта – 13, Брянскіде екі адам ұсталған, – деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Мәскеуде рұқсат етілген акция академик Сахаров даңғылында өтті. Оған "Белый счетчик" дерегінше, шамамен 60 мың адам қатысқан. Ал Ресей ІІМ митингіге 20 мың адам келгенін хабарлады.
Жиналғандар тәуелсіз кандидаттарды қалалық дума сайлауына өткізуді талап етіп, бұған қоса 27 шілде күнгі акциядан кейін қозғалған қылмыстық істі жабу қажеттігін айтты. Шілде айының соңғы сенбісінде өткен акциядан кейін Ресейдің тергеу комитеті "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру" ісі бойынша іс қозғап, 14 адамға айып таққан еді.
10 тамыз күнгі митингіден кейін шерушілердің бір бөлігі "Китай-город" метро станциясына бағыт алған. Онда полиция шерушілерді ұстай бастаған.
Петербургте де мәскеулік шерушілерді қолдаған рұқсат етілмеген акция өтті. Оған қатысушылар биліктен жиын өткізуге рұқсат сұрауды қажет етпейтін бір адамдық пикет өткізетінін айтқан.
www.azattyq.org
Пікір қалдыру