Соңғы 1-2 күнде несие алған халықтың бірі "қарыздан құтылдым" деп қуанып жатса, енді бірі "тізімде жоқпын" деп жыларман болып жатыр. Бүгін Qamshy.kz ақпарат агенттігіне несиесі кешірілген адамдардың тізімінен өзін таппай жатқан бірнеше адам хабарласып, жағдайын түсіндірді. Солардың бірін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
"Мен, Жанат Серікқызы кеше ХҚК-ға барып, төлқұжатым арқылы өзімнің тізімде жоқ екенімді білдім. ХҚК қызметкерлерінен себебін сұрағанымда "бізге келген тізімде сіздің аты-жөніңіз жоқ, ал себебін білмейміз", - деп жауап берді.
Мен өзім көпбалалы анамын. 4 балам бар. Үлкені -14 жаста, Күйеуім қайтыс болған. Оның зейнетақысын, 4 балама берілетін АӘК-ні (4 балаға 10 мың — ред.) және өзімнің жақында орналасқан жұмысымдағы жалақыны қосқанда айлық табысым - 114 мың теңге. Қазір Жаңаөзен қаласында тұрамын. Жақында мектепке лобарант болып қызметке тұрдым. Kaspi bank-тен бірнеше жыл бұрын несие алған болатынмын. Соңғы 2 жылда уақытылы төлей алмадым. Шамамен айтқанда, 400 мыңдай қарызым қалды. Қазір уақытылы төлей алмай жүргендіктен банк менің жалақымнан ай сайын ұстап қалып отырады. Жалғызбасты ана ретінде қалған қарызды төлей алмаймын. Банк қызметкерлеріне жағдайымды түсіндірдім. Алайда олар менің жанайқайыма құлақ аспады. Өзім пәтер жалдап отырмын", - дейді Жанат Серікқызы.
Еске салсақ, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тізімнен: кредиті жоқ, жалпы қарызы 3 млн теңгеден асатын, берешектері коллекторлық ұйымдарға берілгендерді тізімнен алып тастады. Нәтижесінде 630 633 қарыздар мен микрокредиттер бойынша берешекті өтейтін 506 941 борышкердің тізімі жасалды.
Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында жұмыс істейтін coll-орталыққа бірнеше рет хабарласқанымен, тілдесу мүмкін болмады. Сондықтан біз бұл мәселені алдағы уақытта да назарда ұстайтын боламыз.
♦"Егер мен тізімді болмасам не істеймін?": Банк өкілі жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді
Пікір қалдыру