Жамбыл облысы: Мемқызметшілерге республикалық конкурс ережелері түсіндірілуде

/image/2019/10/01/crop-96_-28_1673x2230_memqyzmetshilerge-respublikalyq-konkurs-eredgeleri-tusindirilude.jpg

Жамбыл облысында мемлекеттік қызметкерлерге арналған Жастар кадр резерві конкурсының талаптары мен тіркеу тәртіптері түсіндірілуде деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Осы мақсаттағы жиынның бірі Байзақ ауданында өтті. Басқосуда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Еркебаев пен аталмыш департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Саят Төлепбергенов мемлекеттік қызмет, жеке және квазимемлекеттік сектор саласындағы жастармен кездесті.

Басқосуды аудан әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Ақбаев ашып, мемлекеттік аппараттың тиімділігін одан әрі арттыру бойынша жұмыстар ел Президентінің сайлауалды бағдарламасында айтылған тәсілдерді іске асыру аясында жалғасып жатқанын алға тартты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру бойынша жұмыстар басталып кеткенін, осы мақсатта өткізіліп отырған кездесудің маңыздылығына тоқталды.

Президенттік Жастар кадрлық резервін қалыптастыру және конкурс шарттары мен міндеттерін кезең-кезеңмен пысықтау мақсаты кеңінен талқыланған кездесу барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Еркебаев өңір жастарына зор үміт артылып отырғанын және олар алдағы реформалардың қозғаушы күші болуы керектігін атап өтті.

Президенттік жастар кадр резерві – белсенді жастар үшін алдағы елде болатын оң өзгерістерге білімі мен еңбегін жұмсауға мүмкіндік беретін тарихи науқан. Айта кететін жайт, резервке алынған жастарға алдағы 5 жыл ішінде мемлекеттік ең жоғары басқарушылық лауазымдар ұсынылады. Атап айтқанда, резервке алынған азаматтарға министр және олардың орынбасарлары, жауапты хатшы, облыс әкімі мен орынбасарлары, аппарат басшылары, комитет төрағалары, ұлттық компания мен холдинг төрағалары және мүшелері, сондай-ақ, аудан, қала әкімі лауазымдарына орналасуға мүмкіндік беріледі.

- 2019 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында жүргізілетін құжат қабылдау кезеңіне барлық салада кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, 35 жасқа толмаған еліміздің жоғары білімді азаматы үміткер бола алады. Резерв жедел шешім қабылдауға қабілетті, құбылмалы жұмыс жағдайларына жылдам икемделе алатын “жаңа формация” басшылары бола алатын мемлекеттің жоғары басқарушылық қызметтеріне әлеуетті үміткерлерді біріктіретін болады. Іріктеудің барлық сатыларынан өтіп, резервтегілер тізіміне енетіндер

тағайындалуы мүмкін басқарушылық лауазымдар спектрі барынша ауқымды. Бұл туралы біздің Агенттік азаматтарды жеткілікті ақпараттандырды. Бұл ақпарат арнайы іске қосылған pkrezerv сайтында да жарияланған. Резервке ену фактісінің өзі мемлекеттік лауазымға тағайындалу кепілдігін бермейді.Тиісті бос орын болған жағдайда бұл қызметке Жастар кадрлық резеврі жөніндегі ұлттық комиссия Резервте тұрған тұлғаны ұсына алады. Тағайындаулар Резервке енгізілген тұлғалар арасынан да, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да тұлғалар арасынан да болуы мүмкін - деді Нұрлан Еркебаев.

Кездесу соңында Нұрлан Тәңірбердіұлы байзақтық жастарды «Жастар жылы» аясында берілген айрықша мүмкіндік пен нақты қолдау арқылы халқымызға адал қызмет етуге дайын, дарынды, білімді және тәжірибелі жастарды іріктеуге арналған жаңа жобаға қатысуға шақырды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар