Вашингтон губернаторы Джей Инсли АҚШ президенті Дональд Трампты "ішкі бүлік шығарды және өтірік ақпарат таратты" деп айыптады. Бұл туралы Al Jazeera хабарлады.
– Президенттің бүгін таңертеңгі мәлімдемесі заңсыз және қауіпті әрекеттерге ұрындырады. Ол миллиондаған адамдарды COVID-19 қаупіне ұшыратпақшы. Оның халықты "азат етуге" шақырған үндеулері зорлық-зомбылыққа әкелуі мүмкін. Біз мұндайды бұған дейін де көрген едік. Президент ішкі бүлік шығарып, өтірік ақпарат таратуда, – деді Инсли кеше твиттерінде.
Губернатордың твиттердегі жазбасы Трамп үйде болу шектеулеріне қарсы наразылықты қолдағаннан кейін пайда болды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп пен кейбір штаттардың губернаторлары арасында пандемия саясатына байланысты келіспеушілік болған.
Трамп кейбір штаттардың экономикасын қайта қалпына келтіру үшін шектеу шараларын біртіндеп алуды құптағанымен, оған жергілікті билік келіспей отыр.
Президент жақында твиттерінде "МИННЕСОТАға азаттық!", "Мичиганға азаттық!", "Виргинияға азаттық" деп жазған.
Жұма күні Трамп губернаторлардың вирусты тексеру сынамасын жасауға федералды үкіметтен көмек сұраған өтініштеріне жауап бере отырып, "Штаттар тестілеуді өздері күшейтуі керек!" деп ауыртпалықты өздеріне артқан.
Пікір қалдыру