ҚОШ БОЛ, ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ «КӨКМОЙНАҒЫ»...

/image/2021/04/17/crop-75_32_792x1056_f8344a78-b6a8-46e0-aa3e-659a12a6d40f.jpeg

ҚОШ БОЛ, ҚАЗАҚ ЖЫРЫНЫҢ «КӨКМОЙНАҒЫ»...

Е.Раушановтың рухына құран бағышталды

Қазақ руханияты қара жамылды. Қазақ поэзиясының шоқтығы биік тұлғасы, айтулы ақын, драматург, белгілі баспагер – Есенғали Раушанов дүние салды. Ақынның қазасына байланысты мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев марқұмның отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдады. Қазақ әдебиеті, шығармашылық орта ғана емес күллі қазақ қоғамы үшін орны толмас, ауыр қаза болды.

Бабатопырағы – Маңғыстау жұрты да арда ақын, адал азаматын жоқтап, қайғыруда. Бүгін Ақтаудағы Бекет ата мешітінде барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра санаулы адамның қатысуымен марқұмның рухына құран бағышталды.

“Жүрісі-тұрысы нар тайлақ сияқты болғанымен, бойында көш бастайтын көсем түйенің мінезі бар. Шаңырақ артсаң – шақпайтын, кебеже артсаң – сындырмайтын, тең артсаң – түсірмейтін, алтын артсаң да ауырсынбайтын қазақтың нағыз атанжілік ақыны» -деп, Әбіш аға Кекілбайұлы баға берген қарымы ерен, дарыны кемел қаламгер болатын.
Білімі терең, танымы биік, қайда жүрсе де қазаққа пайдалы дүниені қамдап, ізгілік пен игіліктің ізденімпазы еді. Түркі халықтарының тілдерін ғана емес, ағылшын, парсы тілдерін меңгерген полиглот. Артынан ерген жас талапқа көп оқуды, жақсы жазуды ұлағаттаған ұстаз. Оның лирикалық жырлары, эпикалық қуатты поэмалары – қазақ поэзиясында өзіндік өрнек, даңғыл жол қалыптастырған дара сипатты мектеп екендігі даусыз. Өлеңдегі ақындық қуаты қандай терең болса, өмірде де азаматтық мұраты биік болды.
«Ой, біздің ел жазған-ай,
Қатпар да қатпар қара тас
Қатты емес деп саздан-ай,
Он құлашты орпа деп,,
Қырық құлашты орта деп,
Ана ата қоныс Үстіртте
Тереңдігі жүз құлаш
Үш мың шыңырау қазғаны-ай...»-деп жырлаған Есенғали ақын Маңғыстаудың қиындығына бір кісідей күйзеліп, жетістігіне бір кісідей тілеулес болып өтті. Елдің бірлігі мен қоғамның тұтастығын көздеген талай шаралардың басы-қасында болды. Аяулы да абыройлы перзентінің есімін барша маңғыстаулықтар әмәнда ұмытпақ емес, оның жырлары әрқашан ұрпақ жүрегінде. Қош бол, қазақ жырының «көкмойнағы»...

Маңғыстау облысының зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылары, ел азаматары марқұмның отбасына, ағайын-тумасына көңіл айтады, қайғысын бөліседі.

Фото: Qamshy.kz

Фото: Qamshy.kz

Фото: Qamshy.kz

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар