SpaceX компаниясы ғарышкерлерді үшінші рет халықаралық ғарыш станциясына жіберді. Илон Масктың зымыран компаниясы өткен жылы екі рет осыған ұқсас миссияны табысты түрде жүзеге асырған.
NASA мен SpaceX компаниясы күткендей ғарышқа ұшу сәтті орындалды. АҚШ шығыс уақытымен таңғы сағат 5: 49-да (Алматы уақыты 15:49) Флорида штатының Кеннеди атындағы ғарыш орталығынан SpaceX компаниясының "Crew Dragon" капсуласы көкке көтерілді. Таңертең кері санау жоспардан ертерек басталды.
"Crew-2" миссиясы екі америкалық, бір жапондық және бір француз ғарышкерді халықаралық ғарыш стансасына апарады. "Бұл NASA-ның төмен Жер орбитасына шығару бизнесін жеке секторға беру жөніндегі сәтті күш-жігерінің жалғасы" деп жазады Нью-Йорк Таймс.
SpaceX компаниясы бір жыл бұрын NASA-ның екі ғарышкері Боб Бенкен және Даг Херлимен бірге демонстрациялық миссия өткізді. Екі ғарышкерді алып жүрген Эндевор деп аталатын капсула өткен жылы тамыз айында Атлант мұхитына түсті.
Бірнеше айдан кейін SpaceX компаниясы бортында төрт ғарышкері бар "Crew Dragon" ғарыш кемесінің операциялық миссиясын жүзеге асырды. "Crew-1" деп аталатын бұл миссия қараша айында ұшырылған және ғарышкерлер әлі стансада. Келесі аптада Жерге оралуды жоспарлап отыр.
Бүгінгі ұшырылым екінші жедел миссия болды. "Crew-2" ғарышкерлері сапарға өткен жылы демонстрациялық миссияда қолданылған Эндевор капсуласымен аттанды.
Пікір қалдыру