Демографиялық жағдайына қатты алаңдайтын Қытай жаңа саясат енгізбек

/image/2021/05/31/crop-21_10_531x945__118736877_chinaepa.jpg

Қытай соңғы халық санағы туу көрсеткіштері төмен екенін көрсеткеннен кейін дүниеге үшінші бала әкелуге рұхсат ететінін мәлім етті. Мұндай қадамды саяси бюро отырысында ел төрағасы Си Цзиньпин мақұлдаған, деп жазады ВВС.

Синьхуа агенттігі жаңа саясат аясында ұлттық қартаю процесінің алдын алуды көздейтін қосымша шаралар қабылданатынын хабарлады.

2016 жылы Қытай 1979 жылдан бері қолданылған "бір отбасы – бір бала" саясатынан бас тартып, екінші баланы тууға рұхсат еткен. Алайда жаңа саясат күткендегідей нәтиже бермеген.

Сарапшылар бүгінде үлкен жанұяны қалайтын жастардың өте аз екенін, бауырсыз өскен, шағын отбасыға үйреніп қалған қытайлықтардың тұтас буыны қалыптасқанын айтады. Жастар отбасылық табысты бірнеше бала арасында бөлгенше, бір балаға барынша назар аударуды құп көреді.

Сондай-ақ "бір отбасы – бір бала" саясаты гендердің дисбалансқа әкеліп соғып, ер балалардың көбеюіне әсер еткен.
 
Кей мамандар жаңа тәртіп те бала туу көрсеткішін айтарлықтай арттырмайды деп санайды.

 

Commerzbank сарапшысы Хао Чжоу Reuters-ке білдірген пікірінде "жастар ары кетсе екі бала ғана өсіргісі келеді, мәселенің түп-себебі өмір сүру құны тым қымбат, ал өмірлік қысым аса жоғары болуында" деген.

 

Қытайдағы соңғы халық санағы 2020 жылы 12 миллион сәби дүниеге келгенін көрсеткен. 2016 жылы 18 миллион нәресте жарық дүние есігін ашқан болатын. Соңғы көрсеткіш 1960 жылдан бері тіркелген ең төменгі көрсеткіш болды.

Медиа-аналитик Керри Алленнің сөзінше, Қытайда еңбек нарығының қысқаруынан жастардың көбірек жұмыс істеуі қалыпты жағдайға айналған. Сондай-ақ ерте жұптасуға қарағанда, білім алу мен жұмысты жалғастыруды қалайтын әйелдер де көбейе түскен.

Жаңа саясат қала мен ауыл халқы арасындағы алшақтықты тудыруы мүмкін дегенді айтатын сарапшылар да табылып жатыр. Олардың пікірінше, Бейжің, Шанхай секілді қымбат қалада тұратындар бала тууды кейінге қалдыра береді. Үлкен жанұя құруға ұмтылыс тек ауылдықтар арасында ұшырасуы ықтимал.
Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар