Ақтауда заманауи аялдама іске қосылды. Бұл туралы Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Бұған дейін қала әкімдігі шаһарда халықтың күнделікті өмір сапасын жақсарту мақсатында кәсіпкерлермен бірлесіп аялдама салу жұмыстары басталғанын хабарлаған еді.
Қазір қала бойынша аялдамалар салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
«Өздеріңізге мәлім қаладағы ескі аялдамаларда тұрғындарға қолайлы жағдай жасалмаған. Яғни, жаз мезгілінде ыстық, қыс мезгілінде салқын. Осыған орай тұрғындардың жағдайын жасау үшін әрі кәсіпкерлерді қолдау мақсатында осы жобаны іске қостық», - деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.
Жаңа нысан Ақтаудағы жоғары шағын ауданда орналасқан. Онда ас ішетін шағын орын мен әжетхана қарастырылған. Аялдаманы әкімдіктің бірыңғай эскизіне сай жеке кәсіпкер Самат Түленов өз қаражаты есебінен тұрғызды.
Бұдан бөлек жоба аясында тағы 2 аялдаманың толық құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін заманауи 7 аялдама пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, ескі аялдамаларды бірыңғай эскизге сай қайта жаңғырту жұмыстары қарастырылып жатыр.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру