Маңғыстауда Бейнеу-Жаңаөзен магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды

/image/2023/02/24/crop-5_102_590x1049_cbc6a6eff2d27a8a2b5061eec2d29802_1280x720.jpg

7 ақпанда Маңғыстау облысында «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісін бастау үшін символикалық дәнекерлеу рәсімі өтті. Салтанатты шараны Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов ашты, - деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жобаның технологиялық схемасы бойынша, газ құбырының 2-ші желісінің жалпы ұзындығы – 308 км. Ал өткізу мүмкіндігі жылына – 5,8 млрд текше метр. 2023 жылдың желтоқсан айында құрылыс жұмыстарын аяқтау және пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы мультипликативтік әсер беретінін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысын тұрақты газбен қамтамасыз етуді тапсырды. Осы мақсатта QazaqGaz ұлттық компаниясы Бейнеу-Жаңаөзен газ құбырының екінші желі құрылысын бастады. Жоба іске асса, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруға септігін тигізеді, – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

QazaqGaz басшысының айтуынша, мегажоба Маңғыстау облысының елді мекендерін газбен қамтуға мүмкіндік береді. Электр энергиясын, жылу мен суды өндіру үшін газды үздіксіз тасымалдайтын ірі кәсіпорындардың жұмысын жетілдіреді. Сонымен қатар облыс тұрғындары үшін стратегиялық маңызы бар әлеуметтік нысандарға және өнеркәсіп орындарының газбен қамтамасыз етілмей қалу қаупін, төтенше жағдайлардың алдын алады.

«Бүгінгі таңда Маңғыстау облысының ішкі нарықтағы табиғи газды тұтыну көлемі артқаны байқалады. Сондықтан мегажоба бойынша екінші желі құрылысының әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Сонымен қатар облыстың энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Санжар Жаркешов.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар