«Адасқандарды» таптық

/uploads/thumbnail/20170708200612692_small.JPG

            Қоңырау шалынды... Көтерсем бейтаныс дауыс. «  «Қамшы» порталы ма екен?»,- деп сұрады менен. «Иә»,- дедім. Солай басталды бұл оқиға. Оқиға болғанда қалай? Әңгіме соңында Алматының маңындағы Ақши дейтін ауылға қарай жолға шығатын болдық.

          Әлқисса. Әлгі қоңырау шалғандар «31» телеарнаның қызметкерлері екен. Қазақ хандығының 550 жылдық ұлы тойына тарту етіп телехикая түсіргелі жатырмыз дейді. Қонақ болып, түсірілім барысымен танысып кетуімізді сұрады.

            Таңмен таласа оянып, тұп-тура сонда қарай тарттық. Күн жауынды, аздаған ызғар да бар. Көңіл-күй жағын өзіңіз бағамдай беріңіз. Бірақ сапар соңында қандай керемет әсерде қайтқанымызда ғой әңгіме.

            Сонымен... Отандық электронды БАҚ өкілдері, яғни әріптестерімізбен -барлығымыз бір шағын «Газель» автокөлігіне отырдық. Ұзын саны жиырмаға таяумыз. Өрімдей болса да, отты тілшілер. Хикая іздеп бара жатырмыз.

            Шамамен бір жарым сағат  жүріп жеттік. Жол бойы танысу, табысулар болған соң ба, уақыт зу ете қалды.

            Міне тамаша. Түсірілім алаңы.Тұп-тура XV ғасырдан бірақ шықтық. Ә, дегенде солай көрінді. Күннің ызғары естен шығып кеткен. Әртістерді көрдік, продюсер, сценарист, режиссер мырзалар түгел осында. «Камера», «Стоп», «дубль» деген дауыстар. Дегеніміздің айғағы ретінде суреттегілерге де мұқият қарай отырыңыздар.

            Түсіріліп жатқан фильмнің  атауы -«Адасқандар». Әу басында көзімізге жолынан адасқан, жаңылған біреулер елестеген-ді. Тереңінен тартуға үйрміз ғой. Бірақ телехикая тұп-тура мағынасында адасқандар туралы екен. Бұл туралы бізге «31» арнаның атқарушы продюсері Әсел Тоянова баян етіп берді.

            Хикая 20 сериядан тұрады. Бірінші һәм екінші бөлімдері бір-бірімен байланысты. Қалғаны өз алдына жеке хикаялардан тұрады. Басты рөлде Айдана деген қыз бен оның продюсері Әлішер. Олар этнофестивальға бара жатқан жерінде эксперимент орталығына түсіп он бесінші ғасырдан бірақ шығады. Кісілігі тасып, талғамы көк тіреген Айдана он бесінші ғасырда қалай өмір сүреді. Продюсер Әлішер пайдагөйлігін орта ғасырда асыра алады ма? Бұл сұрақтарды білу үшін «31» арнадан телехикаяны көруіңіз шарт.

            Тележобаның түсірілім сапасын арттыру үшін Мәскеуден арнайы Шота Гамисония деген режисер шақыртылған екен.

            Гамисония мырзамен де тілдесіп үлгердік. Ол әртістер мен түсірілім тобына деген ризашылығы мол екенін жеткізді. Сонымен қатар, режиссер қазақ кино саласының едәуір артта қалғанын жеткізді. Алайда, ол қорлық емес, тек көп жұмыс жасау керек деген сөз дейді режиссер.

            Сапар барысында әртіс Алтынай Жолдыбаева (әнші Айдананың рөлінде) және оның продюсері Әли Марат пен (Әлішер рөлінде) де тілдестік. Айтқандай Алтынай Жолдыбаева эстраданың жарық жұлдызы Кәмшат Жолдыбаеваның туған сіңілісі болып шықты.

            Ұйымдастырушылардың дегеніне сенетін болсақ, телехикаяның ең қиын бөлігі әртіс таңдау болған екен. Сол қиын бәсекеден қисынын тауып үздігі болған Алтынай өз өнерін бізге көрсетіп берді.

            Осымен біздің сапар аяқталатындай болып көрінді. Он бесінші ғасырға қайта келген адасқандардың қатарында біз де жүрміз.   

            P.S. Бір қызығы тұп-тура біз қайтатын кезде «Газель» жоқ болып кетті. Жапан дала. Жаңа ғасырдың тілшілері он бесінші ғасырда қалдық. Сіркіреп жауын жауып тұр. Қолшатыр астындамыз. Алыстан бізге орта ғасыр қарап тұр. Қонаққа мықты елміз ғой. Көздерінен қимастық байқалады. Тамаша сезім. Терең ойға кіре бергенде, «көлік келді» деген дауыс елең еткізді...

           

            Аян МЕЙРАШ

           

          

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар