"Астана LRT" ісі: Талғат Ардан Түркияда ұсталды, Қазақстанға қайтарылады

/uploads/thumbnail/20250513114908469_big.webp

Халықаралық іздеуде жүрген "Астана LRT" компаниясының экс-басшысы Талғат Ардан Түркияның Анталья қаласында ұсталып, Қазақстанға депортацияланбақ. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ресми түрде хабарлады.

Қазақстан Бас прокуратурасы 2019 жылдың қыркүйегінде Түркияның әділет министрлігіне Арданды экстрадициялау туралы сұрау жолдаған болатын. Осыған орай, Түркияның құқық қорғау органдары іздестіру шараларын бастаған. Биыл ҰҚК Арданның нақты қайда жасырынғанын анықтап, оны Түрік тарапы Антальяда қолға түсірді.

9 мамырда Анталья қаласының соты оны Қазақстанға қайтару туралы шешім шығарып, қазіргі таңда Ардан қамауда отыр. Қазақстанның құзырлы органдары экс-шенеунікті елге жеткізуге қатысты құқықтық рәсімдерді бастады.

Еске салсақ, Талғат Ардан "Астана LRT" жобасына қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сырттай сотталған болатын. 2023 жылдың 3 мамырында Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Астана LRT ісі – елдегі ең даулы инфрақұрылым жобаларының бірі. Қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан сынға ұшыраған бұл істің тергеуі ұзаққа созылды. Енді оның басты фигуранты Қазақстан сотының алдында жауап бермек.

Қатысты Мақалалар