Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі күн тәртібінде тұрған маңызды тақырыптардың бірі болып отыр. Бұл жобаға қатысты әртүрлі пікірлер айтылып жатқаны белгілі. Осы орайда, Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Жақып Хайрушев Qamshy.kz тілшісіне берген жауабында атом энергетикасы, нақтырақ айтқанда, «Росатом» компаниясы ұсынып отырған ВВЭР-1200 реакторлары туралы кәсіби бағасын берді.
Оның айтуынша, ВВЭР-1200 – III+ буындағы технологияға негізделген қазіргі заманғы реакторлардың бірі. Бұл үлгідегі реакторлар Беларусь, Мажарстан, Мысыр, Түркия, Бангладеш және Қытайда салынып, пайдалануға берілген немесе құрылыс сатысында тұр. Хайрушев бұл технологияны заманауи әрі сенімді шешім ретінде сипаттайды.
Реактор жүйесі қос қабатты қорғаныс құрылымымен, пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Сондай-ақ, ядролық отын балқу жағдайында оны ұстап қалуға арналған арнайы «расплав ұстағыш» құрылғысы қарастырылған. Бұл – ықтимал апаттық жағдайларда қауіптің таралуын шектеуге арналған нақты инженерлік шешімдер.
ВВЭР-1200 реакторлары 9 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алатындай есептелген. Сонымен қатар, жоба барысында су тасқыны, қатты жел, климаттық өзгерістер секілді табиғи факторлар ескеріледі. Бұл талаптар халықаралық тәжірибеге және МАГАТЭ стандарттарына сай жүзеге асады.
Хайрушевтің мәліметінше, Қазақстанда энергетика мен құрылыс саласында белгілі бір тәжірибе бар. Алайда атом электр станциясы ерекше талаптар қоятын нысан болғандықтан, мұнда арнайы инженерлік дайындық, салқындату жүйелері, үздіксіз электрмен қамту, жол, байланыс және қызмет көрсету инфрақұрылымы қажет болады. Мұндай ауқымды жобалар халықаралық EPC-келісімшарттар аясында жүзеге асатындықтан, техникалық мәселелер тек жергілікті емес, технология жеткізуші тараппен бірлесіп шешіледі.
Ол сондай-ақ, мұндай жобаны жүзеге асыру үшін технологиялық қана емес, кадрлық, институционалдық және басқарушылық жағынан да дайындық қажет екенін атап өтті. Егер жоба ұлттық мүдделер мен халықаралық қауіпсіздік талаптарына сай жүзеге асырылса, Қазақстан атом энергетикасына қадам басуға дайын деп есептейді.
Бифат Елтаева