Маңғыстау облысында медициналық мекемелерге жаңа санитарлық автокөліктер табысталды

/uploads/thumbnail/20251209122747586_big.webp

Бүгін, 1 желтоқсан күні Мұнайлы ауданындағы Маңғыстау ауылында аудандық орталық емханаға жаңа санитарлық автокөліктердің кілттері табысталды. Бұл ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетуді жетілдіру бағытындағы маңызды қадам. Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, облыстық мәслихат төрағасы, денсаулық сақтау саласының өкілдері мен ардагерлері қатысты.

Жалпы саны 18 санитарлық автокөлік аудандық және қалалық емханалар мен ауруханаларға үлестірілді. Жаңа санитарлық көліктер Haval M6 базасында жасақталған. Олар пациенттерге алғашқы көмек көрсетуге, сондай-ақ науқастарды медициналық мекемелерге жеткізуге арналған. Көлік бір мезетте 3 адамды (отырып) және 1 пациентті (жатып) тасымалдауға мүмкіндік береді. Жарық-дыбыстық жүйе, каталка, медициналық шкаф және қажетті жабдықтармен толық жарақтандырылған.

Өз сөзінде облыс әкімі жаңа көліктердің мобильді топтардың жұмысын жеңілдетіп, ауыл-аймақта көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауларында атап өткендей, халық денсаулығын қорғау – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында өңірде медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Медицина қызметкерлерінің еңбегі – адам өмірінің қауіпсіздігі мен қоғам игілігінің кепілі. Бүгін табысталып отырған автокөліктер сіздердің жұмыстарыңыздың өнімділігін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп сенемін», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Айрықша атап өтерлігі, аудан аумағына дәл осындай заманауи санитарлық көліктер алғаш рет бөлініп отыр. Бұл ауыл халқына көрсетілетін медициналық көмекке, шұғыл шақыртуға шығатын бригадалардың жеделдігіне, шалғай елді мекендердің инфрақұрылымдық қажеттіліктерін шешуге жаңа серпін береді.

Соңғы жылдары облыста медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылып, жаңа денсаулық сақтау нысандары іске қосылып, күрделі жөндеу және заманауи құрылғылармен қамту жұмыстары қарқын алған. Бүгінгі көлік табыстау рәсімі сол жүйелі жұмыстардың халық денсаулығын нығайту және медициналық көмекті жетілдіру бағытына нақты бағытталған нәтижесінің бірі.

Жаңа санитарлық автокөліктер енді тұрғындарға уақтылы көмек көрсетуге, шұғыл медицины қызметтің тиімділігін арттыруға және ауыл халқының денсаулығын жақсарту ісіне қызмет ететін болады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар