Шешенстан астанасы Грозный қаласында өткен РФ Президенті Кубогында Қазақ елінің ескі әнұраны тағы шырқалды. Алайда, Илья Ильин мен Александр Зайчиковтың табандылығының арқасында Шәмшінің «Менің Қазақстанымы» - қазіргі таңдағы Мемлекеттік гимн қайтадан қойылды. Егер де аталған азаматтардан бөлек басқа спортшылар болса жаңа әнұранды қоюды талап етпестен тұғырдан түсіп кетерме еді? Өйткені, мұндай жағдай бұған дейін бірнеше рет қайталанды.
«Менің Қазақстан» әнінің Мемлекеттік Әнұран болып бекітілгеніне 10 жылға жуықтады. Міне, осы уақыт аралығында өткен халықаралық жарыстарда бірнеше рет ескі әнұран шырқалды. Өкінішке орай, 2006 жылдан бері қанша рет өрескел қателік кеткенін дөп басып айту қиын. Алайда кей кездері ескі әнұранмен жылап көрісетін жағдайға жеттік.
Нақтырақ айтсақ, 2012 жылы Кувейтте өткен мергендер турнирінде «Борат» кинофильмінің әні қойылған болатын. Бір қызығы, аталған сайқымазақ әнді Мария Дмитриенко қолын жүрегіне қойған күйі аяғына дейін тыңдап шықты. Сондай-ақ, Қостанай облысының бұрынғы әкімі Нұралы Сәдуақасов қатысқан іс-шарада Мемлекеттік Әнұранының орнына Рики Мартинның әні қойылған еді.
Бұл аз десеңіз биыл ресейлік қазақ Ақтаң Сүйінішәліин еліміздің Әнұранын орыс тіліне аударып, «айды аспанға» шығарды. Оның айтуынша Мемлекеттік Әнұранды орыс тіліне аударғанда тұрған ешқандай сөкеттік жоқ. Сондықтан да, ол алдағы уақытта Әнұранымызды ағылшын және қытай тіліне аударамын деп құлшынып отыр. Алайда, Ақтаңның айтқанымен келіспейтін азаматтар арамызда баршылық. Солардың бірі һәм бірегейі Марат Мадалимов. Оның айтуынша әнұранды аудару – қазақты мазақтаудың бірден бір көрінісі.
– Заңгерлердің айтуынша еліміздің бірінші нөмірлі әнін басқа тілге аудару арқылы Ақтан Сүйінішәлин қазақ елінің қолданыстағы заңын өрескел бұзып отыр. Демек, заңды бұзып отырған мәскеулік қазақ сөз жоқ, кодексте көрсетілген тармақтар бойынша жазасын алуға тиіс. Басқасы басқа, бүтіндей бір егемен елдің Әнұранын өзге тілге аударып, мерекелерде шырқалатын рок, рэп сияқты «заманауи жынды билердің» қатарында секеңдетіп қою, шынын айтқанда, таза келекелеу болып саналады, – дейді Марат Мадалимов.
Жоғарыда соңғы 10 жылда бірнеше рет ескі Әнұранымыздың шырқалғанын тілге тиек еттік. Егер дәл осылай қателік жібере беретін болсақ, алдағы уақытта ескі Әнұранға етіміз әбден үйреніп кетуі мүмкін. Сондықтан да, Мәдениет және спорт министрлігі бұл мәселені қатаң бақылауына алып, олқылық жібермеуге тырсып бағуы керек. Ол үшін әрине Арыстанбек Мұхамедияұлының басы бақыттан басы айналмай, жерге түсуі тиіс. Әйтпесе ескі әнұранды қою қалыпты жағдайға айналып кетуі мүмкін.
Оның үстіне, Азиада, діндер форумы, ОSCE саммиті, медиафорум, EXPO сынды атынан ат үркетін ірі халықаралық жобаларға мұрындық болып жүрген Қазақстанның өз Әнұранын жұртқа әлі күнге таныта алмай келе жатқаны қисынсыз емес пе?
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана