“Аңыз Адам” журналына қатысты сот шешімі зор алаңдаушылық пен окiнiш туғызады. Қанды Гитлердің қылмыстарын айыптап, тарихтан сабақ алуға және бұндай зұлматтың XXI ғасырда қайталануына жол бермеуге шақырған басылымға жасалып отырған қысым мүлде түсініксіз. Журналдың мазмұнымен таныспай, қалайша осындай қатқыл әрекеттерге баруға болады? Журнал мұқабасындағы Гитлердің суретіне келсек, сот пен ардагерлер ондағы “Адамзаттың қасіреті” деген батпандай жазуды, фашистік свастиканы қақ айырып тұрған қолдардың суретін неліктен елемеді? Дәл сол Гитлердің суретін басып шығарған ресейлік “Правда”, “Известия”, “Комсомольская правданы”, американдық “Тайм” мен “Уашинтон Постты”, француздың “Фигаросын” басқа да мыңдаған басылымдарды, фильмдерді, том-том кітаптарды неліктен ешкім қудалаған жоқ, әлде сол Гитлердің өзі секілді отқа жаққан жоқ? Немесе "Аңыз Адам" сандарының бірін қанішер Сталинге арнағанда ешкім неге өре түрегелген жоқ? Осындай ащы да жауапсыз сұрақтар көп. Кезінде Борис Пастернактың да шығармаларын КСРО-да дәл осылай оқымай жатып айыптаған, аяусыз күйе жаққан. Не шықты? Соңынан оны бүкіл әлем мойындап, Нобель сыйлығын берді. Бүгінде орыс халқы Пастернакты мақтан тұтады, ал оған қиянат жасағанадардың үні де қарасы өшкен. Кезінде ұр да жық саясаттың құрбандарына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаевтар, басқа да қазақ халқының сүйікті ұлдары, публицистері, ақын-жазушылары айналды. Заман өте олардың ұлық есімдері көше мен алаңдарға берілді, ал оларды Мәскеу тапсырысымен дәттеген, қинаған, итше азаптап өлтірген шошка-жендеттер ел қарғысына ие болды. Тажал КСРО дәуірі, азат ой мен әділдікті жаншыған ресейлік отарлау мен репресиялар заманы келмеске кетті. Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Осыны түсінер уақыт, бөгденің болмаса да өзіміздің тарихтан сабақ алатын кез жетті ғой. Шен мен лауазым, қу ақшаның буы уақытша ғана, ал ар-ождан, иман, адамгершілік пен шындық - мәңгілік және олар алдындағы қылмыс түбі жауапсыз қалмақ емес.
(Расул Жұмалының фейсбуктегі парақшасынан)
Пікір қалдыру