Жау Лихұң (қытай)
Драген Драгоджловик (Dragan Dragojlovic)- әлемге аты әйгілі Сербия ақыны. Ол бейбытшілік жылдары мен соғыс кезеңінің қай-қайсында да өзіне тән нәзіктік пен сұлулық аясынан алыстамады, шындық пен көркемдіктің өткір толғанысына оранған жырлары сансыз оқырманның ықыласын оятты. Әлемдегі аласапырандық пен адамдар ара алпарыс ақынның асқақ сезімі мен асау шабытын мұқалта алмады, керісінше оның жасампаздыққа деген ынтасын онан ары өршіте түсті ; қырық неше жылдан бері, дара жан дауысы, жинақы да иқуатты тілі, терең де алуан қырлы ой образы, тасқындаған теңдессіз сезімі арқылы өзінің поэзия патшалығын құрып шықты. Өлеңдерінде ақиқатқа іздеу салып, бейбітшілікті үндеді әрі поэзияның құдыретті әуеніне елітіп, махаббат құшағында тербелді. Жырларының байыпты, мәнді, иірімді сарыны арқылы, алуан бояулы осы заман поэзия әлемінен өзіне тән поэтикалық алапқа қол жеткізді. Шығармалары көптеген тілдерге аударылып, дүниенің түкпір-түкпіріне тарады, Қытай да бірталай жыр топтамасын аударып, баспадан шығарған елдердің бірі.
Драген Драгоджловиктың «Махаббат хаттары» атты жыр жинағын махаббатқа мадақ әрі нағыз адамдық табиғатқа деген терең ызденіс деп қабылдаймыз, 1992жылы баспадан шыққаннан бері көп елге кеңінен таралды, міне, бүгін бұл жинақтың аударма нұсқасы елімізде де жарық көріп отыр. Жинақты оқыған соң, менің де жан дүнием ақынның шынайы сезімімен сілкініп, іңкәрлыққа толы сетер жырлардың жалынына шарпылды.
«Махаббат хаттарында» жер-көктегі әрқандай нәрсенің бәрі де махаббаттың символына айналып кеткен, ақын үшін махаббат лаулаған от. Мейлі қай кез болсын жүректе махаббат болады екен, онда ақынның айналасы қаулаған жалын, қалықтаған ұшқын, тым болмағанда, жан жылытар жылу табы. Осынау отқа оранған әлемнің ішінде болмыстың да, қиялдың да өшпес алауы бар. Олар жарық күнде өршелене лаулап, жер мен көкті сәулеге бөлесе, қара түнек қамаған әлемге де нұр сыйлайды, қар-мұзы сірескен адам тағдырына Жылу бағыштайды. Шынайы өмірдегі жалын сөнгенімен, жүректегі құштарлық оты Сонбек емес, ақын бұл туралы:
«Алаулаған жүректе
Қалды табы бір орайын күзеткен! . .
Әлде бәлкім алда қайта тұтанып,
Бағдар болар құтқаратын түнектен! » деп түйіндейді. Ғашықтық отына қатысты жырлардың ішінде «Хатпен жағып сөнбейтұғын от жалын» дейтін бір өлең бар. Бұл ақынның махаббат жырларына берген түсініктемесі іспетті. Тілі ғажап, махаббаты буырқанған жыр жолдарында:
«Хатпен жағып сөнбейтұғын от жалын,
Ұнмен қалап мәңгіліктің қатпарын.
Аңсаулармен сүрлеулейміз араны
Іздеулермен жатар жол боп тапталып» дейді. Осындағы «Аңсаулармен сүрлеуленіп, іздеулермен тапталып» жолға айналар соқпақтың жан түкпіріне жол тартары кәдіксіз.
Жинақтағы басым көп өлеңдер махаббатты шынайы бейнелегендіктен де оқырманның есінде мәңгілік жатталып қалады. Мысалға айтар болсақ, «Ойып жаздым атыңды» деген өлеңде ғашығының атын тәніне, көзіне, жан жүрегіне ойып жазып, бар болған махаббат құпиясы, шаттығы мен азабы рухымен біте қайнасып, тоғысып кеткені сондай:
«Өлім де оның маңайына баса алмас,
Жүрегімнің лүпіліне ілесіп
Өмір сүріп,
Шетсіз-шексіз жасар жас» деп хикыметті қиялдау, жүректілікпен ойлау арқылы махаббатқа еркін самғар қанат бітірсе, енді бір өлеңінде:
«Кешкі аспанның жиегінен кесіп ап,
Саған көйлек тігемін.
Етегіне мөлдіретіп арманды
Кестелеймін кешірмемнің Гүл өңін» дегендей, қилы елеске елітеді.
Тілсімдік жасырынған өлеңдеріндегі көмескі уақыт, сырлы сарын адамға тіршілік пен сүйіспеншіліктің салмағы мен мәнін сезіндіре түседі. Мысалы, «Ғайып болды сол дыбыс» деген өлеңде, күн батқаннан кейін жүрегіндегі сол бір адамның атын басқаша сезініп, сағынышқа оранады, сол бір есім кеңістікте санақсыз әуендерге айналып, одан ары «Мұңлы жоқтау әнімен ұласып» кетеді, сол бір есім «Жаңғырыққа айналып өзін-өзі мүсіндейді, зілдей ауыр түннің асусыз аңғарынан аттап өтеді. Лирикалық меннің рухы шілделікше шырылдап қайырылмасқа кеткен жазды өзінің тынымсыз шырылымен жанталаса қайтадан тоқымақ харекетыне түседі» . Ақын осылай жүрегіндегі сол бір сырлы есімді шақырады, тыныштық ішінде Өз-өзімен сөйлеседі, күбірге басады…
Ақынның және бір өлеңінен «Есіңде ме, дыбысымның реңі? » дейтін жолдарды кезіктіреміз. Бұл бір ғажайып сұрау, «Дыбысымның реңі? » қалайда дыбыстың реңін сүйген жүректер ғана парықтап, сезіне алатын болса керек.
«Тыныштықтың ішіндегі өксікпін, күрсінісім мөлдіреген таңғы шық. Бүгіннен соң тағы да, көз жасыңды көлдетерсің, жан құсым! », «Шер-мұңыңды әуелетіп әндету, қамырықты әуеннен де ұзақтау», «Сол бір дауыс бізбен бірге жүргенмен, қауышуға таба алмаспыз мүмкіндік, жұлдыздардай мәңгілікке биікте», «Таңғы шықтар көз жасындай тым тілсім, сыр-сыр етіп жапырақтан домалар», «Жұлдыз біткен қараңғылық қасыретін қуам деп, өшкін тартар нұрға толы ажары» деген драгеннің жыр жолдарын оқу арқылы ғашықтық дегеніміз төтенше пәк әрі хикымет күрделі сезім екенін ; оның шаттығы да қас қаққанша, кейде тіпті бұдан да тез лезімдік бақыт деуімізге де болатынын, ал керісінше, қайғысы, қасыреті, зары мен шерінің ғұмыр бойы жалғасатынын ұғына аламыз.
Ғашықтық қиялда өмір сүреді, «Қиял да жетім балаша панасыз» десек те, бірақ кейде қиялыңда ғана қауыша алатын махаббат лезде-ақ мәңгілік Мұғжиза болып шыға келсе, енді бірде түс пен шындық бір тұлғаға айналып, адам оны парықтай алмай дал болады. Бұл туралы өзіне-өзі «Арман бізді сақтар ма екен есіне? », «Армандардың арасында біз осы, мөдел болып қаламыз ба түбінде? » деп сырлы сұрау тастаған ақын шырма-шату түстердің шиырынан санасын сілкіп тастап, «Біз сенейік, сүию деген ең теңдессіз жұпар шашқан құдырет», «Сүию болса, болады тек адалдық. Кекте ериді оның ыстық демінен» деп адамзат әулетіне ескерту жасайды.
Жинақтың ішінде «Есіңде ме мен қалдырған сол бір сөз» деген өлең бар. Өлеңде сол бір сөздің не екенін ашалап айтпайды, бірақ сансыз оқиғалар, сансыз суреттеулер мен ойлар сол бір сөзге жасырынып жатады. Ақынша болғанда, самай шашы ағарып кеткен кезде де сол бір жастық шақтағы ыстық ынтыққа толы мәжінүн жүректің сөзі еске оралып: «Уақыттың шеңберінен сытылып шығып,Жастық шаққа қадам басып, ғұмыр естелігінің балзамын татар едік.
Міне, осылай аты машһұр сербиә ақыны драгеннің махаббат хақындағы болжаулары жүректерден жүректерге таралуда. Әрине бұл жырлардың Қытай оқырмандарының да ыстық ықыласын оятатынына сеніміміз таудай! . .
Драген Драгоджловик (Dragan Dragojlovic) 1941-жылы Сербияда туылған. Он бес жыр жинағы және екі шалқымалар жинағы жарық көрген, шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылған.
«Махаббат хаттарынан» таңдамалы жырлар:
Сөнді жалын
Жаңа туған ай да батты, сөнді алау,
Таң сызылды, түн сейіліп торлаған.
Бірде жарық, бірде бұлдыр араға
Күңгірт перде көлбіреп кеп орнаған.
Уыстадым күлгін күлді,
Түндегі
Қалған екен сезімдерден қоздаған.
Сөнді жалын, алаулаған жүректе,
Қалды табы бір орайын күзеткен! . .
Әлде, бәлкім, алда қайта тұтанып,
Бағдар болар құтқаратын түнектен! ?
Сөнді жалын, өкінбедім, мұңайман,
Көктем кетті, жаз шақырып тұр алдан.
Ұзатып сап маужыраған мамырды,
Түн оралды шымылдығы мұнарлап.
Тіл қатпа әсте,
Қажеті не?
Қош деме,
Өміт қалсын санамызда өшпеген.
Өткен шақты ойлап, аңсап төзерміз
Махаббат деп азапқа да, кекке де.
Мәңгілікті ұғынармыз үн-түнсіз,
Ұжымақтан қашып шығып кеткен ек…
Хатпен жағып сөнбейтұғын от жалын
Хатпен жағып сөнбейтұғын от жалын,
Ұнмен қалап мәңгіліктің қатпарын,
Аңсаулармен сүрлеулейміз араны,
Іздеулермен жатар жол боп тапталып.
Ертең-ақ сен келсе деймін,
Жүзіңнен
Нұр төгіліп,
Қаның толқып дірілдеп…
Жүрегіңнің жан қаритын ыстығын
Маған арнап,
Мағат тауып күлімдеп! . .
Махаббаттың құпиясы кестелі
Таңырмен де тілдестірер текті өмір!
Буырқанып бойымызда іңкәрлық,
Балқып дене еріп сіңіп кеткенін,
Нақыштаймын күн бетіне көктегі…
Болашақтың
Басылғанша сарығы,
Сырымызды ән қып айтар талығып
Жүректердің қақпасына бұлбұл кеп,
Оятқандай құштарлықтың тамырын!
Ойып жаздым атыңды
Әлдеқашан ойып жаздым атыңды,
Ең құпия түкпіріне өмірдің!
Онда мәңгі сақталады мұжылмай,
Соққысына жолықпай жат көңілдің.
Әтіңменен жаздым бірге тәніме
Шаттық және мөлдіреген жаңбырды.
Силады ол аттай жүйрік жел сезім,
Бау-бағыңа жетер бұзып қар-мұзды! . .
Әтіңменен жаздым бірге көзіме
Күндізді де, мойыл қара түнді де…
Қалғып кетсем әр кез сілкіп оятып,
Қағар мені сұқты көз бен тілдіден!
Ойып жаздым өзегіме, кеудеме _
Өлім де оның маңайына баса алмас.
Жүрегімнің лүпіліне ілесіп
Өмір сүріп,
Шетсіз-шексіз жасар жас! . .
Ажыратып тынған тұрмыс біздерді
Әуел баста бастала сап бұл тұрмыс,
Ажыратып тынған біздің араны!
Арманыңдай сұлу емес,
Ежелден
Жалған еді дүниенің тағаны…
Қорған болған, қормал болған қамалың,
Аяқ асты құлап, күйреп дүр етіп,
Қирандысы қалды басып өзіңді,
Үмітіңді таптап, жаншып, күл етіп…
Ал мен болсам, сенің сүйкімді атыңды,
Аспаныма ойдым тағы бедерлеп.
Ұйықтасам да көріп жатам,
Себебі
Сіңіп алған жүрегіме тереңдеп!
Ғайып болды сол дыбыс
Сыңғырлаған сол дыбыс
Күн батқанын хабарлап!
Ғайып болды біртіндеп
Өз болмысын тәмәмдәп.
Сол бір дыбыс атыңның
Әр әрібін жіліктеп,
Айналдырып санақсыз
Әуендерге күмістей!
Ұластырып онан соң
Мұңлы жоқтау әнімен,
Түнді дағы көмеді
Зілдей ауыр зәрімен! . .
Атың солай, білемін,
Тыныштықтың ішінде
Аттап өтіп,
Заңғарлы
Түнекке өзін түсірмей,
Жаңғырық боп жатады
Қасиетін мүсіндей!
Ал күйзелген әз рухың
Шілделіктің тілімен
Жазды қайта тоқымақ,
Ымырт жапқан үнімен! . .
Қорқам сөйтіп, бір маусым,
Кетер бізден алыстап,
Орман жатар сорып ап,
Ажалға оны табыстап!
Арман безіп адамнан,
Қарынға ойын қаматып,
Үрейленем қалар деп
Көркемдіктен адасып! . .
Басталу мен аяқтау
Олар солай…
Үнсіздіктің ішінен басталады
Жане сонда аяқтап қап қалады…
Жапырақтың дірілі шырқатады
Жүрегінен торғайдың масаң әнін.
Селк етеді, сергиді, оянады,
Бұғып жатқан басқа әлем тасадағы.
Опат етіп арманын қарлы боран
Арқандардай шиелеп түн ғұмырға,
Ол асығыс ширығып аттанады,
Үрей биі санасын ыңғуырлап!
Елес-көркің жасаған қиялынан
Сызығында тағдырдың іргеленіп,
Сәулесіне малынып құштарлықтың,
Бесігінде ләззәттің тұр бөленіп! . .
Сансыз қолдар, ұстап қал көмектесіп,
Осы сәттің бақытын мәңгілікке,
Демеу сыйла, сүйеу бол жүрегіме
Аяқталмас асқақ бір әнді күткен.
… аңсау қандай әдемі,
Үміт бірақ,
Сүйретілген сүлдермен талпынады.
Ұжымақты көзіңмен көрмеген соң,
Бар дегенің тек дәме қалқымалы! . .
Аударған: Қажыбек Айдархан
«Поэзия» журналының 2013-жылғы 8-санынан (алдыңғы жарым айлық) аударылды