ЕРДОҒАН МЕН ТРАМП КЕЗДЕСУІНДЕГІ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ӨРЕСКЕЛ ҚАТЕЛЕР (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170710071035377_small.jpg

Өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамп ПКК («Күрдістан жұмысшылар партиясы»)-ның Сириядағы жақтастарына  қару-жарақ беретіндігін мәлімдегеннен кейін Ақ үйдегі Ердоған Трамп кездесуін дүйім жұрт тағатсыздана күтті.

Ақ үйдегі БАҚ өкілдірімен ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында Түркия президенті мәлімдемесінің аудармасы дау тудырды. Ердоған түрікше мәтінінде АҚШ-ты айыптағандай сыңай танытты. Ал Трамп болса тәтті тілмен аударылып жатқан сөздерді құлаққаппен тыңдап, басын изеп, келісіп отырды.

Бұл жағдайдың себебі кейіннен түсінікті болды. Ердоған өз мәтінінде айыптау тілін қолданғанымен, аудармашыға АҚШ-тан кешірім сұрап тұрғандай мәтін берген. Яғни Ердоған және атқамінерлері халықаралық бір айла қолданған.

Түрік басылымдарына бағытталған мәтін АҚШ президентіне аударылған мәтіннен басқа болып шықты.

Ердоғанның сөздері аудармаға қарама-қайшы екендігі білініп қалды.

Өз сөзінде Ердоған «Лаңкестік ұйымдармен күресте жіберген қателерді түзететін қадамдар өз жалғасын табады деп үміттеміз»,-деді.  Түрік басшысы мұнымен АҚШ-қа ашық түрде YPG және PYD  сынды күрт жасақтары ұйымдарымен жұмыс істеуі қате екендігін және АҚШ-тың  бұл қатесінен қайтуы керектігін білдіріп тұрғандай.

Ал аудармашы Ердоғанның сөзін былайша аударды: «And we know that, in terms of keeping up with the principled and committed fight against the terrorists organizations all around the world, we will not repeat the mistakes of the past, and we will continue down this path together».

Ағылшын тіліне аударылған жоғарыдағы мәтінде «Жалпы бүкіл дүние жүзі тарапынан жасалып жатқан лаңкестік ұйымдарға қарсы күресте біз өткенде жасаған қателерімізді қайталамаймыз» делінген.

Түрік тарапының «өз қатесін қабылдау» мағынасына саятын бұл аударма Трамптың көңілінен шыққанын оның бас изеуінен көре аламыз.

Ердоған 8 минуттан кейін «YPG және PYD күрт лаңкестік ұйымдарының қандай да бір мемлекетпен жұмыс үстеуі жаһандық деңгейдегі келісімге мүлдем сәйкес келмейді» деп, YPG және PYD ұйымдарын ашық түрде лаңкестік топ деп жариялады.

Ал осы сөздің аудармасы төмендегідей болды:

Taking YPG and PYD in the region — taking them into consideration in the region, it will never be accepted, and it is going to be against a global agreement that we have reached.”

Көріп отырғанымыздай, аудармада ешқандай да лаңкестік сөзі қолданылмаған.  Лаңкестік сөзін қолдану аталмыш ұйымдармен жұмыс істеп жүрген АҚШ тың қаһарын тудыруы мүмкін еді.

Ердоған неге қулық жасады?

Батыс Түркияны Сириядағы Асад режиміне қарсы күресте шетелден келген «жиһадшыларға» көз жұмды деп айыптағаны белгілі. Ердоған аударма мәтінімен Американы Түркияның бұл қатесін мойындағанына және түзететіндігіне сендіргісі келгендей. Ал өз халқының алдында Трамп әкімшілігі қару берген күрдтерді лаңкес деп айыптау арқылы беделін көтеруді көздегендей.

Ердоғанның да, аудармашының да алдын ала дайындалып қағазға басылған мәтінді оқығанын ескерсек, осындай халықаралық деңгейде өрескел қате жіберуі ақылға сыймайды. Ердоған сөздерін дәл сол уақытта айтқан болса, аудармашы жаңылысты дер едік. Алдын ала дайындалып, бекітілген мәтінді оқи тұра әбестікке жол беруі кездейсоқтық болмаса керек.

 

Анар Ақбақай

Қатысты Мақалалар