2018 жылдың 9 шілдесінен бастап 31 арнадағы «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасы жаңа студиядан хабар тарата бастайды. Сәнді декорация, жоғары технологиялық жарық беретін құрылғылар, заманауи аппаратты-студиялық кешен – осының бәрі ақпараттық хабар тарату деңгейін көтерудің маңызды кезеңдерінің бірі.
«Информбюро» – тәуелсіз Қазақстанның ең табысты бағдарламаларының бірі. Оның алғашқы шығарылымы 1996 жылы эфирге шыққан. Бүгінгі таңда «Информбюро» Қазақстандағы ақпарат таратушы бағдарламалардың көшін бастап жүрген жобалардың бірі. Бірнеше жыл қатарынан «Үздік ақпараттық бағдарлама» номинациясы бойынша «Тұмар» телевизиялық сыйлығын иеленді.
«Информбюро» бағдарламасы көрермендерінің қалауын қанағаттандыру мақсатында бірнеше мәрте имидждік өгеріске түсіп, әрдайым жетіліп отырды. Бұл дәстүр бүгінде сақталған, оның үстіне заманның талабы басқа, - дейді 31 арнаның Бас директоры Бағдат Қожахметов. – Сол себепті біз де заман ағымына ілесіп, бұрынғыдан да әсерлі, есте қалаларлық жаңалықтар бағдарламасы атану үшін жаңа студия жасау туралы шешім қабылдадық. Жаңа студия немістің ARRI компаниясының инновациялық жарықтарымен және үздік халықаралық дизайнерлердің заманауи декорацияларымен безендірілген».
Кадрдың мүлтіксіздігіне қол жеткізу үшін студия жұмыстарына белгілі қоюшы оператор Павел Быковченконы шақырдық (2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада мен Паралимпиаданың ашылу және жабылу салтанатында жұмыс істеген). Ол бізге жаңа енгізілімнің ерекшеліктері туралы баяндап берді. «Студияға бір уақытта бірнеше адамды отырғызып, жарық пен арттағы көріністі өзгерту арқылы мүлде жаңа картина құрап шығаруға болатын бірнеше түсірілім нүктесі бар, - дейді Павел. – Жаңа студияның мүмкіндігі жаңалықтар бағдарламасының талаптарынан әлдеқайда жоғары. Оның көлемі ескі студиядан айтарлықтай үлкен. Телевизияның құдіреті сол, кейде студиядағы 2-3 метр артық кеңістіктің өзін безендіріп, жаңа интерьердің көмегімен өзгертсе, кадрда мүлде басқа көрініс шыға келеді. Кино туралы айтылған «таңғажайып иллюзия» деген классикалық теңеу осы телевизия саласына берілген дәл анықтама. Сол айтпақшы, жаңа студияға бір уақытта бірнеше адам сияды. Бір жүргізуші отырып жүргізсе, енді бірі орнынан тұрып бағдарлама жүргізе алады. Тағы бір қызықты жайт, жарықдиотты экран бір нүктеден екінші нүктеге оңай ауысып, түсірілімнің ракурсын өзгертіп отыра алады».
Студиядағы жарық жүйесін жасақтауға немістің ARRI Lighting компаниясының жаңа заманғы жарықдиотты жарық беру құрылғылары қолданылған. ARRI компаниясы өзінің жүз жылға жуық тарихында кәсіби мақсаттағы жарық құрылғыларын жасау саласындағы ең мықты әлемдік сарапшылардың бірі деген атқа ие.
Енді осы техникалық жаңартулардың арқасында «Информбюро» жүргізушілері контенттің сапасын одан әрі арттырып, телекөпірлер ұйымдастырып, дүниежүзіндегі тілшілермен тікелей байланысқа шығып, «жанды репортаждар» жүргізіп, көрерменге қызықты деген қонақтарды көптеп шақырады деген үміттеміз.
Пікір қалдыру