Эстония президенті Керсти Кальюлайд өз елінде алдағы уақытта орыс тілінде білім беруді мүлде тоқтататынын мәлім етті. Оның да себебі бар. Эстония тәуелсіздігінің 101 жылдығына арнап халықтың алдында сөйлеген сөзінде ол «елде бірыңғай бір тілді білім беру жүйесін енгізген дұрыс шешім» деп мәлімдеді.
Президент Керсти Кальюлайдтың айтуынша, «мұны барлығы да дұрыс ұғынуы керек, тіпті халықаралық қоғамдастық та оған түсіністікпен қарағаны дұрыс".
–Парламентте халықтың дауысын алып, ел заңнамасын бекітіп отырған партиялар да бірыңғай білім беру жүйесіне көшу керектігін талап етуде. Мұны елімізде тұратын диаспоралар түсінуі тиіс. Білім тек қана эстон тілінде берілуі керек.–деді президент Керсти Кальюлайд.
Президенттің пікіріне сенсек, «екі тілде білім беру елді екіге бөліп отыр. Сондықтан барлығы да бірыңғай болғаны жөн».
2010 жылы елде қабылданған «Негізгі мектеп пен гимназия туралы» заңға сәйкес, орыс тілінде оқытылатын гимназиялар мен мектеп оқушыларының құқы шектеліп отырған жоқ. Бірақ эстон президентінің айтуына қарағанда, білім саласында бетбұрыс жасаудың уақыты келді.
Қазіргі уақытта Эстонияда 80 -ге жуық білім ордасы бар. Олардың біразында сабақ орыс тілінде оқытылады. Жалпы орыс ұлтының өкілдері Таллиннің маңайында, сонымен қатар, елдің солтүстік-шығысын мекен етеді.
–Біз тәуелсіз мемлекетпіз. Сондықтан эстон мәдениеті мен руханиятын, тілін –қорғау басты мақсатымыз. Кез келген өркениетті мемлекет осылай өз саясатын жүргізеді. Оған бола «біз қысым көріп жатырмыз» деп арандатудың керегі жоқ. Сондықтан бірыңғай бір тілді білім беру жүйесіне көшеміз. Оқушылар ұлтына, нәсіліне қарамастан эстон тілінде білім алатын болады, –дейді президент Керсти Кальюлайд.
Бұл ғана емес, Балтық жағалауы елдерінде, нақты айтқанда Латвияда ел халқының 40 пайызы орыс ұлтының өкілдері болғанына қарамастан, білім беру латыш тілінде жүргізіліп келеді.
Сонымен, Эстония президенті Керсти Кальюлайд те өз елінде орыс тілінде білім беруді қаламайтынын айтты.
...Ал біз. Үш тұғырлы елміз!
Пікір қалдыру