Сириядан оралған бір топ келіншек Еуразия арнасына эксклюзивті сұхбат беріп, басынан өткен сұмдық оқиғалар жайлы айтып берді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Өзге елден бақыт іздеп, оңбай қателескен отандастырымыздың өзегін енді өкініш өртеп отыр.
"Қатты қателскенімізді білдік. Бірақ, кеш..."
Өзегін өкініш кернеп отырған келіншектің бірі 2015 жылы күйеуіне еріп, бес баласымен бірге Сирияға кетіп қалған екен. Сол кезде жолдасы Қазығұрт ауданындағы мектептің бірінде мұғалім болып жұмыс істепті. От пен оқтың ортасына «бақыт» іздеп барғаны сол-ақ екен, күйеуі мен үлкен ұлынан айырылған. "Одан кейінгі өмірім тозаққа айналып шыға келді" дейді ол.
"Күйеуім тұрған үйге бомба түсіп, соның астында қалып кеткен. Ал, үлкен ұлды атқан. Сол жерде қайтыс болған. Суреті мен видеосын көрсетті бізге, қалай қайтыс болғанын," - дейді Айгүл есімді Сириядан оралған келіншек.
Дүйсенкүл Сирияда 6 жылдай тұрған. Жұмақты аңсаймын деп тозақтан бір-ақ шыққанын ол кейін ұғыпты. Бірақ, бәрі тым кеш болды дейді. Кезекті ұрыс кезінде Құдай қосқан қосағынан айырылып, ізінше, тағы бір ер адамға тұрмысқа шыққан, ол да көп ұзамай мерт болыпты.
"Екі аяғынан атқан снайпер. Бауырдан, бүйректен атқан. Оны басқа да қазақ бауырлар құтқармақ болғанда: " Келме! Қазір келсеңдер сендер де өлесіңдер, кетіңдер!" деп айқайлапты. Соны көргендер кейіннен айтыпты. Өзі еңбектеп келіп, бір үйдің ішінде жан тапсырыпты," - дейді Дүйсенкүл.
Әуеден үздіксіз атқылаған снарядтар бала түгілі ересектердің де жүрегін шайлықтырып қойған дейді кейіпкерлер. Жарылыс кезінде бас сауғалап, қашпаған жерлері қалмаған. Күнделікті ас-ауқатты тауып ішу былай тұрсын, ертеңгі күндерінің қалай болатынын көз алдарына елестете алмапты. Соғыстың зардабын әбден тартқан олар "енді ол жаққа аттап баспаймыз" деп отыр.
"Енді бармаймын ол жаққа. Енді түсіндім. Қой терісін жамылып алған қасқырлар ол жақта. Кейіннен түсіне бастадық, оның ойын екенін," - деп өкінішін білдірді Дүйсенкүл.
Шам елінен келген отандастарымыздың бірсыпырасы осы күні арнайы бейімдеу орталықтарында жатыр.
Ақжарқын, Сириядан оралған келіншек: "Басында солай ойладым, менің күйеуім мұсылмандарға көмекке барамыз деп айтты ғой".
Лаура, Сириядан оралған келіншек: "Мен тек күйеуіме итағат етіп, соның соңынан еріп бардым. Әділетсіздіктер көп болды, соңғы кездері".
Ақжарқын, Сириядан оралған келіншек: "Бет-перделері шешілген уақытта бізге түсінікті болды, кім-кімдер екені. Сол уақытта өкініш болды".
"Жусан" гуманитарлық операциясы барысында елге оралған түркістандық 27 азаматша мен 18 баланың жағдайымен психологтар мен теологтар айналысып жатыр. Мамандар оларды қайта бейімдеу біраз уақытқа созылуы мүмкін дейді.
"Олардың діни фундаменті, діни көзқарасы намазға оқымаған адам күпірлікпен айыптау, оның дүние-мүлкін тартып алуды халал санайтын идеологияны қалыптастырған. Бұл - шариғи дінде тәкфирлік идеология деп аталады. Олардың да оқыған кітіптары осы. Бастапқыда үш негізде оқыған. Міндеті, бірінші фундаметінді осы үш негізді кітапты оқумен басталған," - дейді Түркістан облыстық Дін істері басқармасының бөлім басшысы Марат Мұстафаев.
Жалпы, «Жусан» операциясының үш кезеңінде Сириядан 524 отандасымыз елге жеткізілді. Оның 30-ы - ер адам, 137-сі - әйел, 357-сі - кәмелетке толмаған балалар. Теңдессіз шараны еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен мемлекеттік органдары халықаралық әріптестерімен бірлесіп жүзеге асырды.
Пікір қалдыру