Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев мәлімдеді.
Халық жазушысы, «Қазақстанның Еңбек Ері», абыз тұлға Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған шаралар 2019-жылдың қазан айының 10-12 күндеріне жоспарланған. Мерекені өткізудің негізгі мақсаты- заңғар жазушы Ә.Кекілбайұлын халықаралық деңгейде танытып, дәріптеу. 10-қазан күні бастау алатын шараға жазушымен әріптес болған әдебиет және өнер қайраткерлері, шығармаларын бірнеше тілге аударған аудармашылар, сондай-ақ Еуропа, Жапония, Түркия мемлекеті мен көршілес Ресей елінен ғалым, зерттеушілер шақырылады. Шараның алғашқы ресми ашылуы ҚР президентінің арнайы құттықтауымен басталмақ.
«Айта кету керек шараға ҚР мәдениет министрі қолдау көрсетуде. Шара барысында Ақтау қаласында Әбіш атамызға арналған мәдени орталық кешенінің алдында орналасатын көрнекті ескерткіштің және облыстық өлкетану музейінің ашылу салтанаты, оған қоса мәдениет, өнер қайраткерлерінің халықаралық конгресі өтеді деп жоспарлануда. Мерекелік шаралар заңғар жазушының туған жері Оңдыда жалғасын тауып, кейін Шетпе селосындағы республикалық деңгейдегі «Сөз бен саз» бағдарламасымен толығады. Сондай-ақ Халықаралық деңгейдегі театрлар қатысатын «Әбіш әлемі» фестивалі және қазақтың ұлттық спорттық ойындары да ұйымдастырылады деп жоспарлануда», - деді облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Бекболатұлы.
Мерейтой аясындағы шаралар осы жылдың басында бастауын алды. Мектеп оқушылары арасындағы «Әбіш оқулары», «Жас ақындар мүшәйрасы» сондай-ақ шығарма жазу сайыстары өткізілді. Қазіргі таңда шараның ресми логотипі әзірленіп, дайындық қарқынды жүргізілуде. Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасымен «Әбіш оқуларының» жеңімпаздарына, филиология және журналистика саласында жақсы нәтиже көрсетіп жүрген студенттерге Әбіш Кекілбаев атындағы шәкіртақы тағайындалмақ.
Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына орайластырылған шаралар легі тек қана Маңғыстау облысымен ғана шектелмей, 6-желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында жалғасады.
Пікір қалдыру