Ақтауда саяси кеңес отырысы өтті

/image/2019/08/31/img_3610-27-08-19-12-22.jpg

Ақтауда «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының саяси кеңес отырысы өтті. «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Серікбай Трұмов төрағалық еткен жиынға Саяси кеңестің мүшелері, партия ардагерлері, барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттар қатысты. Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жолдары талқыланды.
– «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасының басты тетіктері – ашықтық, белсенділік, партиялық бақылауды күшейту, бастауыш ұйымдардың жұмыстарын жандандыру, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіре білу, халықтың мәдениеті мен білімін көтеру, жас мамандарға мүмкіндік жасау қажеттігін тағы бір атап өтті. Партия өз қызметінде жариялылық пен тиімділік, есеп пен бақылау, талап пен жауапкершілік сынды қағидаларға арқа сүйеуі керек және партияның облыстық филиалы да өз жұмысын Елбасының тапсырмаларына сәйкес жандандыруы тиіс, деді облыс әкімі Серікбай Трұмов. Сонымен қатар, аймақ басшысы мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерін өңірдің дамуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
- Партияның қазіргі таңдағы негізгі міндеттерінің бірі – халықпен ашық қарым-қатынас орнату және кері байланысты қамтамасыз ету деп білеміз. Қоғамдық қабылдауларда кері байланыс жолға қойылып, тұрғындардың әрбір арызы шешілмейінше, бақылаудан алынбайтын болды. Жергілікті жердегі депутаттық фракциялардың жұмысын жандандыру бүгінгі күннің басты мәселесі болып табылады.Сонымен бірге, Ақтау қаласындағы 100 орындық онкология диспансерінің құрылысы ұзақ жылдардан бері тоқтап қалған болатын. Бұл жоба «Құтты мекен» жобасы аясында партиялық бақылауға алынып, жауапты мекемелер нысанды 2020 жылдың сәуір айында іске қосуды көздеуде, - деді «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Елубай Әбілов. 1
Сонымен қатар, алқалы жиында Елбасы атап өткендей, «Қазіргі таңда «жаңа» медиа салада шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтерілуде. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. «Nur Otan» партиясы өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуы тиіс», екендігі айтылды.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе - «Nur Otan» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік.Тұрақтылық.Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы» облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқарма басшысының міндетін атқарушы Светлана Нарешова баяндама жасады.
- Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өңірде 1,7 трлн. теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндіріліп, саланың нақты көлем индексі 98,6% құрады. Жалпы өнеркәсіптік өндірістегі үлесі 90% болатын тау-кен өндірісінің көлемі 1,5 трлн. теңгені немесе нақты көлем индексі 98,4%-ті, оның ішінде мұнай өндіру көлемі 99,3%-ды құрап отыр. Өңір экономикасына 243 млрд.теңге инвестиция тартылып, 78%-ды құрады. Ал, білім саласы бойынша жыл басынан бері 1628 орындық 22 балабақша пайдалануға берілген. Бұл балабақшалардың барлығы жеке инвестиция есебінен салынды. Қазіргі таңда облыста 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 97%, жыл қорытындысымен бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу көзделіп отыр. Орта білім беру саласында үш ауысымды оқытуды болдырмау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылы 3100 орын болатын 5 мектептің құрылысы жүруде. Оның ішінде Атамекен және Басқұдық ауылдарындағы қолданыстағы мектепке әрқайсысы 320 орындық қосымша ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 3 жаңа мектеп құрылысы келесі оқу жылында тапсырылады. Табиғи өсім ескеріле отырып 14 124 орындық 21 мектептің жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда.Облыстағы барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйесімен қамтылды.Транспорт инфрақұрылымын дамыту бойынша Құрық портында паром кешені іске қосылды. Нысан іске қосылғаннен бері жылы жалпы көлемі 3 млн. тонна жүк тасымалданды.- деп атап өтті Светлана Болатқызы.
Саяси кеңес кезінде облыстық мәслихат депутаты Аббат Өрісбаев пен қоғам белсендісі Аят Сүгірбай сөз алып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар