Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Маңғыстау облысы педагогтарының тамыз кеңесінің пәндік секциялары өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын жиынға өлкенің 800-ден аса мұғалімі қатысты.
Конференцияның басты тақырыбы аймақтағы жалпы білім беру мектептерінің 9, 10 сынып оқушылары жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқуға өтуі. Кездесу барысында сарапшылар мен ұстаздар бағдарламаның ерекшеліктеріне тоқталып, пәндік секциялардың арнайы шеберлік сағаттарына қатысты.
Жиналыс барысында зияткерлік мектеп директоры Ермек Пайзов жаңартылған бағдарламаның дәстүрлі білім беру әдісінен айырмашыылығы туралы айтты.
- Секциялық отырыстарда зияткерлік мектеп мұғалімдері 9,10 сыныптың пән мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетіп, кәсіби тұрғыда өсуіне ықпалдасып, Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі өз тәжірибелерімен бөліседі. Облыс педагогтарының шеберлік сағаттарына белсенді қатысатындығы қуантады, - дейді мектеп директорының орынбасары Ырыскүл Имамбева.
Шеберлік сағаттарда бағалау критерийлері, дескрипторлар және CLIL технологиясының жаңалықтары туралы баяндалды. Кейін қатысушылар тәжірибелік жұмыс жасап, бағалау жұмыстарын жүргізді.
- Информатика пәні бойынша өзгерістер бар. Осыған дейін робототехника үйірме ретінде жүргізіліп келсе, енді балалар оны күнделікті оқу бағдарламасына қосып оқиды. Робототехника қарқынды дамыған заманда бұл дұрыс шешім деген ойдамыз. Енді облыстық деңгейдегі робототехника жарыстарға балалар мықты жобалармен және қабілеттермен қатысады,- дейді информатика пәні әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, пән мұғалімі Джамал Мамиева.
Естеріңізге сала кетейік, жаңартылған білім беру бағдарламасына былтырғы оқу жылында 3,6,8, сынып оқушылары өткен еді.
Пікір қалдыру