The New Yorker журналы Қытайда қамалған қазақтар туралы деректі фильм жариялады.
Анимациялық түсіндірмелері бар деректі фильмде Қытайдың Шыңжаң Тарбағатай аймағындағы қайта тәрбиелеу лагеріне қамалған үш этникалық қазақтың бастан өткен оқиғалары баяндалады.
Фильм қазақ тіліне аударылып, ағылшын тіліндегі нұсқасымен бірге The New Yorker журналының YouTube арнасында жарияланған.
БҰҰ Қытайдың Шыңжаңында 1 миллионнан астам адам "қайта тәрбиелеу орталықтары" деп аталатын лагерлерде қамауда отырғанын айтады.
Ал Бейжің алғашқы кездері ондай орталықтардың бар екенін жоққа шығарған болса да, кейінірек орталықтарда "кәсіптік білім берілетінін" айтудан танбай келеді.
Жақында BBC Шыңжаңдағы лагерлерге қатысты мәжбүрлі еңбек және жаппай жыныстық зорлық туралы хабарлады. Көп өтпей АҚШ мемлекеттік департаменті жағдайға қатты көңіл аударатынын айтып, Бейжіңді айыптайтын мәлімдеме жасады.
Мемлекеттік департамент өкілі "қатыгездіктер бізді қатты алаңдатты. Бұл қатыгездіктер ар-ұжданға да ауыр соққы. Мұндай саясаты үшін Бейжіңге үлкен салдары бар жауап қайтару керек" деп мәлімдеді.
Ал Ұлыбритания парламентінде Шыңжаң аймағындағы мәжбүрлі еңбекке қатысты ұлыбританиялық компанияларды тексеру керектігі көтерілді.
Пікір қалдыру